682
Келес ауданында 13 жастағы оқушы қыз зорланып, жүкті болып қалған
Келес ауданында зорлық-зомбылық салдарынан 13 жасында бала босанған қыз жыл басынан бері мектепке бармай отыр.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Түркістан облысына жантүршігерлік жағдай туралы жазды.
«Келес ауданында зорлық-зомбылық салдарынан 13 жасында бала босанған қыз жыл басынан бері мектепке бармай отыр. Мектеп директорының орынбасары жағдай туралы хабардар болғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбаған және жағдайды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жібермеген», - дейді Динара Зәкиева.
Зәкиева қамқоршылық органдарының қызметкерлер санының нормативін сәйкестендіру керегін айтады.
«Олардың саны 5 мың балаға шаққанда 1 қызметкер болуы керек. Мысалы, Сарыағаш ауданында қазір 58 мың балаға 1 қызметкер бар. Қызметкердің өзі үлгермейтінін айтады. Әр баланың құқықтары әр жағдайда қорғалып, нәтижеге жетуі керек», - деп жазды Динара Зәкиева.