Халықтық штаб: АЭС – таза, сенімді энергия көзі

Халықтық штаб: АЭС – таза, сенімді энергия көзі
485

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты. Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері «Aqbobek International School» мектебінде ұстаздармен кездесіп, атом энергетикасының еліміздің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне тигізетін ықпалын талқылады.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза, сенімді энергия көзі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның көміртекті энергия көздеріне тәуелділікті азайту арқылы қоршаған ортаға тигізетін оң әсерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Біз тұтынатын энергияның 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін стансалардан алынады. Олардың барлығы тозған. Оның үстіне, экологияға зияны бар. Мысалы, 1 Гб энергия шығаратын көмір стансасы 3-7 миллион тонна көмірқышқыл газын, 300 мың тонна күл шығарады. Бұның ішінде зиянды қосындылар да бар. Енді қандай жағдайда өмір сүріп жатқанымызды ойлап көрейік. Өзге мемлекеттер де осындай көмір стансаларын жабатын болады. Ал АЭС-тен көмірқышқыл газы, күл шықпайды. Сондықтан ол «жасыл» энергияға жатады, – деді ол.

Ақтөбе облысында электр энергиясына қажеттілік артып келеді. Өйткені аймақта өндіріс орындары көбейген. Халықтық штаб мүшелері өңір жұртшылығына еліміздегі энергия тапшылығын шешу жолдарын түсіндірді.

Кездесуде Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова елге АЭС қажет екеніне бес сенімді дәлел келтірді. Ол АЭС салу көмір, газ, күн, жел, су және атом қуаттарына негізделген кешенді және теңгерімді энергетикалық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

«6 қазанда Қазақстан халқы тарихи таңдау жасауы керек. Бұл шешім еліміздің экономикалық және технологиялық болашағын айқындайды. Ең маңыздысы, АЭС салу мәселесін халықтың өзі шешеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаторлық бағыты елдің басты билік көзі – халықтың мүддесіне негізделген», – деді депутат.

Қазір облыс жұртшылығы орта есеппен 960 МВт электр энергиясын тұтынып отыр. Оның ішінде 509 МВт жергілікті энергия көздерінен өндірілсе, 451 МВт немесе облысқа қажетті қуаттың 47 пайызы өзге елдерден сатып алынады. 2028 жылға қарай электр энергиясына қажеттілік 1 270 МВт жетуі мүмкін.

Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов АЭС құрылысына қолдау білдірді. Ол АЭС еліміздің болашағы үшін қажет деп санайды.

«Теміржол салынар кезде әкелеріміз экологияны бұзады деп қорқатын. Бірақ біз сол теміржолдың бойында өстік. Көп жақсылықтарын көрдік. Сондықтан жаңашылдықтан қорықпауымыз керек. АЭС көптеген елде бар. Шекараның маңынан Өзбекстан да салып жатыр. Біз де барлығымыз бірауыздан қолдауымыз керек. 80-90 жылдары электр тапшылығын көрген қариялар ұрпағы үшін қолдау білдіреді», – деді ардагер.

Облыста жаңартылатын энергия көздері бар. Алайда, ол облыстың электр қуатына сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Осы орайда Халықтық штаб мүшелері металлургтерге АЭС құрылысының артықшылығын түсіндірді.

«Зерде Керамика-Ақтөбе» ЖШС зауытының жұмысы толықтай автоматтандырылған. Өндіріс үнемі электр қуатын тұтынады. Зауыт ұжымымен кездескен штаб мүшелері кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мәселелеріне баса назар аударды.

 

 

Серіктес жаңалықтары