Осы аптада, Мәжілісте...
Мәжіліс депутаттары бірқатар заңды жұмысқа алды.
Осы аптада Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар тауар биржалары мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялап, Сенатқа жолдады.
Тауар биржалары микро және шағын бизнес санатынан шығарылмақ
Тауар биржалары мәселелері бойынша түзетулер биржаларға қойылатын реттеуші талаптарды қатаңдатып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Осыған байланысты тауар биржаларын микро және шағын бизнес санатынан шығару, сондай-ақ брокерлер мен клиринг орталықтарын лицензиялауды енгізу ұсынылып отыр.
Мемлекеттік бақылауды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де кеңейтеді: ол биржалық саудаға жосықсыз қатысушылардың тізілімін жүргізіп, тауар биржаларын лицензиядан айыруға және оларды тоқтатуға мүмкіндік алады.
Тауар биржалары мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева бұл жоба Мемлекет басшысының биржалық тауарларға ашық баға белгілеуді қалыптастыру және «қалта» биржаларын нарықтан шығару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін атап өтті.
– Бұл заң жобасы бірқатар нақты проблемалық мәселені шешеді. Тауар биржалары шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері ретінде алынып тасталады. Брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау және оларды қаржы мониторингі субъектілері санатына қосу қарастырылады. Стандартты аукцион және стандартталмаған тауарлар биржалық саудадан шығарылып, стандартталмаған тауарлармен сауда электронды сауда алаңдарына ауыстырылады, – деді Е. Смышляева.
Сонымен қатар Үкімет конкурстық негізде әлеуметтік маңызы бар биржа тауарларының саудасы жүзеге асырылатын тауар биржаларының тізбесін айқындайды. Тауар биржаларының тізбесін Сауда және интеграция министрлігі бекітеді, оған көмір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнімдері кіреді.
– Қазір 9 биржаның 8-і – микрокәсіпкерлік субъектілерінің қатарында. Ал мұндай биржалардың жылдық айналымы 2 трлн теңгеге дейін жетеді. Яғни, бұл – олар айтарлықтай салмағы бар экономикалық институт деген сөз. Ал микро және шағын бизнесте салық саясаты да – басқаша, мемлекет бақылауы да – өзгеше, мемлекеттің қолдау шаралары да – бөлек. Ал дәл қазір биржалар шағын шаштараз, дүкендермен қатар тұр. Сондықтан биржаларды енді қызмет түріне қарай жіктегенде, микро және шағын бизнеске жатқыза алмаймыз, кіріс көлеміне қарай ірі немесе орта бизнеске жатқызылатын болады, – деп түсіндірді депутат Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, мұның нәтижесінде отандық тауар өндірушілер жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алымдарына кедергісіз қол жеткізе алады. Осылайша, осы кәсіпорындардың төңірегінде отандық өндірушілердің белдеуі қалыптастырылады.
Мұның барлығы қаржылық тұрақтылық пен тауар биржалары жұмысының ашықтығына қойылатын талаптарды қатаңдатып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Мемлекеттік бақылауды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де кеңейтеді. Ол биржалық саудаға жосықсыз қатысушылардың тізілімін жүргізіп, тауар биржаларын лицензиядан айыруға және оларды тоқтатуға мүмкіндік алады.
Бұл ретте Үкімет конкурстық негізде әлеуметтік маңызы бар биржа тауарларының саудасы жүзеге асырылатын тауар биржаларының тізбесін айқындайды. Тауар биржаларының тізбесін Сауда және интеграция министрлігі бекітеді, оған көмір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнімдері кіреді.
Талқылау нәтижесінде түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды.
Қазақстан мен Өзбекстан экологияны жақсартуға бірлесе күш салмақ
Мәжіліс сондай-ақ 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте жасалған Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
Оны депутаттарға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев таныстырды. Ол құжат 1997 жылғы жасалған келісімді өзектендіруге, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталғанын айтты.
– Құжатта бірқатар жаңа бағыт көзделген. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау және оларды жою мәселелері бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу қамтылады. Бұған өзбек тарапымен Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзірлеу және қоныс аударушы жануарларды қорғау шараларын үйлестіру де кіреді. Сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясы құрылады, – деді Экология министрі.
Жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин қосымша баяндамасында келісімді ратификациялау екі елдің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін арттыруға, екіжақты экологиялық жобаларды жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықтың басқа да нысандарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ал депутат Еділ Жаңбыршин заң жобасы бойынша қорытынды сөзде Мәжіліс комитеттері Келісімді оң бағалайтынын және оны ратификациялауды ұсынатынын жеткізді.
– Келісімге сәйкес Тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясын құрады, ол Келісімді іске асыруға бағытталған мәселелерді шешуге жауапты болады. Келісім орман алқаптарын қалпына келтіруді ұйымдастыруды, сондай-ақ топырақ пен өсімдік жабынының тозуына қарсы күресті қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Мәжіліс комитеттері Келісімді оң бағалайды және оны ратификациялауды ұсынады, – деді депутат.
Пошта қызметін реттейтін заң жобасы жұмысқа қабылданды
Бұдан соң Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Пошта туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Депутаттар заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге кіріседі. Осы заң арқылы пошта қызметін реттеудің тың тәсілдері құқықтық тұрғыдан негізделмек.