Төрт ауысым бар: Түркістан облысында оқушылар дәлізде оқып жүр

Білім алушылардың бәріне сынып жетпегендікпен, дәлізді ұстаздардың өздері қоршап, қолдан кабинет жасақтапты.

Төрт ауысым бар: Түркістан облысында оқушылар дәлізде оқып жүр
фото: otyrar.kz
291

Қазығұртта оқушылар мектепке сыймай жатыр. Ата-аналардың айтуынша, мұнда балалары 4 ауысымда білім алады. Ал білім ордасы алты жылдан бері сынып таппай әбігерге түсіп жүр, деп хабарлайды Turkystan.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Телеарнаның ресми сайтында хабарланғандай, Қазығұрт ауданындағы мектепке оқушылар сыймай, дәлізде оқып жүр. Себебі 600 орындық білім ордасында қазір мыңнан аса бала оқиды. Ата-аналар мұнда басқа білім ошағы болмағандықтан, балаларды 4 ауысыммен болса да, осы мектепке жіберуге мәжбүрміз дейді.

"Одан бері ауданның 5 әкімі, ауылдың 5-6 әкімі ауысып кетті. Содан бері, "міне осы жылы, міне келер жылы" деп сағызша созылып келе жатқанына бірнеше жыл өтті. Міне, көрдіңіздер, үш ауысым түгілі, төрт ауысымға жетеді. Бірінің үстіне бірі шығып оқып жатыр", - дейді Шарбұлақ ауылының тұрғыны Жүнісбек Құрбанбеков.

Мектептің негізгі бөлігі өткен ғасырдың орта тұсында бой көтерген. Ол 2018 жылы жарамсыз деп танылыпты. Содан кейін ондағы оқушылар толығымен 1982 жылы салынған ғимаратқа көшірілген. Дегенмен мұнда білім алушылардың бәріне сынып жетпегендікпен, дәлізді ұстаздардың өздері қоршап, қолдан кабинет жасақтапты.

"Оқушы саны көбейіп кеткеніне байланысты дәліздерімізді кабинет қылдық. Өйткені балаларды далаға оқытпаймыз ғой. Осылай кабинеттер ашып, қазір 6 сынып дәліздегі кабинеттерде оқиды", - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұхитжан Батырбеков.

Ал кейбір бастауыш сынып оқушылары акт залында білім алуға мәжбүр. Сондықтан мектеп басшылығы 6 жылдан бері білім бөліміне жаңа ғимараттың қажеттілігін айтып хат жазып келе жатқанын жеткізді. Бірақ мәселенің шешімі жылда кейінге қалдырылып келген.

"Білім бөліміне хат жаздық. Жылда хат жазып, оны жаңартып отырамыз. Бұзуға жіберілген ғимаратымызды да біледі. Бәрінен хабардар. Хат бойынша жылда "істеп береміз, қаралып жатыр" деген хабар келеді", - дейді Шарбұлақ жалпы білім беретін мектебінің директоры Жанар Жансейітова.

Білім басқармасы бұл проблемадан хабардар екенін айтады. Бірнеше жылдан бері тек сметалық құжаты жасалған ғимаратқа, енді ғана қаражат аударыла бастапты.

300 орындық мектеп салу үшін алғашқы қаржы бөлінгенмен, әлі құрылысы басталмаған. Ғимарат жоспар бойынша келер жылы ел игілігіне берілмек. Ал оған дейін оқушыларға білім алуды дәлізде жалғастыруға тура келеді.

Серіктес жаңалықтары