Жетісуда «Ұстаз айтса» облыстық диалогтық алаңы өтті

Жетісуда «Ұстаз айтса» облыстық диалогтық алаңы өтті

Ұстаздар мерекесі аясында «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұстаз айтса» облыстық диалогтық алаңы өтті. Басқосуда білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланып, өңірдің үздік педагогтеріне еңбегі мен кәсіби қызметі үшін арнайы марапаттар табысталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай, «Әділет» партиясы Талдықорған қалалық филиалының төрағасы Нұрбек Құдайберген, арнайы шақырылған спикерлер – республикалық «Үздік педагог-2025» атағының иегері Раушан Зайтбекова, «Шапағат» медалінің иегері Меруерт Алмасқызы, партия жанындағы «Әйелдер қанатының» мүшелері, және аудан-қалалардан келген педагогтер қатысты.

Диалог алаңында спикерлер кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, педагог мамандығының жауапкершілігі, ұстаздың қоғамдағы рөлі және білім беру саласындағы өзекті мәселелер жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ ұстаздардың ұсыныстары тыңдалып, білім беру сапасын арттыруға қатысты пікірлер талқыланды.

«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай өз сөзінде ұстаз еңбегінің қоғам дамуындағы маңыздылығына тоқталып, педагогтердің пікірін тыңдау мен олардың кәсіби мәртебесін арттырудың маңызын атап өтті.

«Ұстаз – білім беріп қана қоймай, ұрпақтың дүниетанымы мен азаматтық ұстанымын қалыптастыратын тұлға. Сондықтан педагогтің пікірін тыңдау, оның кәсіби дамуына жағдай жасау және қоғамдағы мәртебесін арттыру – білім саласының маңызды міндеттерінің бірі. Партияның сайлауалды бағдарламасындағы «Адам әлеуетіне бәс тігеміз» бағыты да білім сапасын арттыру, педагог мәртебесін көтеру, бала тәрбиесі мен адами капиталды дамыту мәселелерімен тікелей сабақтас. Бүгінгі диалог алаңы – ұстаздардың ұсыныстары мен ой-пікірлерін тыңдап, білім саласын дамытуға бағытталған нақты мәселелерді талқылайтын маңызды алаң», – деді Амангелді Есбай.

Кездесу соңында ұстаздарға кәсіби мерекесіне орай алғыс хаттар табысталып, олардың білім беру саласына қосқан үлесі атап өтілді. Іс-шара ұстаз еңбегіне құрмет білдіріп, педагогтердің пікірін тыңдауға және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік берген ашық пікір алмасу алаңына айналды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар