«Өлтіріп жатыр»: Ақтөбеде әйелдің хабарламасына мән бермеген ТЖД қызметкеріне сот үкімі шықты

Ол 2 жылға бас бостандығынан айырылды

«Өлтіріп жатыр»: Ақтөбеде әйелдің хабарламасына мән бермеген ТЖД қызметкеріне сот үкімі шықты
istockphoto.com
597

Ақтөбе облыстық ТЖД Дағдарыс жағдайлары басқармасы жедел кезекшісінің көмекшісі түн ішінде «мені өлтіріп жатыр» деген әйелдің сөзіне мән бермей, ескерусіз қалдырғаны үшін сотталды. Ол 2 жылға бас бостандығынан айырылды. 

№2 Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, облыстық ТЖД-нің қызметкері биыл маусым айында кезекшілікте отырған кезде 112 нөміріне хабарлама түседі. Онда із-түзсіз жоғалып кеткен әйел «мені өлтіріп жатыр» деп айтып, көмек сұраған. ТЖД кезекшісінің көмекшісі сол түні қоңырау шалған адам көп болғанын, әйелдің нақты не айтқанын естімегенін айтып, кешірім сұрады. Ал, мемлекеттік айыптаушы болса, оператор хабарламаға мән бермей, мекенжайды сұраумен шектелгенін айтты. 

Жәбірленушінің өкілі сотталушыдан 300 000 теңге көлеміндегі материалдық және 5 000 000 теңге көлеміндегі моральдық шығындарды өндіру жөніндегі азаматтық талап арыз берді. Арада медиациялық келісім болды. 

– Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан 3 жылға айырылды. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы қараусыз қалдырылды. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығына тиісті шара қолдану үшін сот жеке қаулы шығарды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі. 

Серіктес жаңалықтары