Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасынан 1 млрд теңге жымқырылған

Кейбір азаматтар тіпті өздерінің құжат бойынша қоныс аударғандарын да білмеген.

Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасынан 1 млрд теңге жымқырылған
296

Прокуратура органдары азаматтарды оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге өз еркімен көшіру бағдарламасына бөлінген бюджет қаражатына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жалған құжат жасап, азаматтарды «өтірік көшіру» арқылы 1 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған.

Құжаттар тұруға жарамайтын үйлерге немесе апатты жағдайдағы ғимараттарға рәсімделген. Ол үйлер мен ғимараттар төмен бағамен сатып алынған.

Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай, Ұлытау облыстарында анықталды.

Мысалы Павлодар облысының Успен ауданында «Еңбек мобилділігі орталығы» КММ қызметкері арзан арзан үйлерді тауып, көшіп келушілерге қымбат бағамен сатып алуды ұсынып, берілген мемлекет ақшасының бір бөлігін алып отырған.  Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Орталық қызметкері үйқамақта.

ШҚО-да көшіп келушілер мен сатушылар мемлекеттік көмекті алу үшін жалған келісім жасап, ақшаны бөліп алған. Кейін әркім өз үйінде тұра берген.

Прокуратура бас-аяғы сотқа дейінгі 20 тергеу бастады. Қатысы бар барлық тұлғаны анықтау, оларды жауапкершілікке тарту, келген шығынды қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары