Маңғыстауда оқушылардың улануына қатысты тың ақпарат шықты

Қазіргі кезде зардап шеккен 460 адамның 83-і ауруханаға жатқызылды.

Маңғыстауда оқушылардың улануына қатысты тың ақпарат шықты
istockphoto.com
Автор
Админ
213

Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының жаппай улануына қатысты жаңа мәліметтер анықталды. Балалар бұған дейін тамақтың сапасына шағымданған болып шықты, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Айта кетсек, Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы мектептердің бірінде жалпы 460 бала уланған. Телеарна тілшілері зардап шеккен мектеп оқушыларының ата-аналарымен тілдесті.

«Қазір екі балам қатты ауырып жатыр. Бірінші үлкен қызымның қызуы көтеріліп, кешке қарай кенже қызым да ауырып, құсты. Ауруханаға үш рет бардық, ол жерде орын жоқ. Мектепте не болғаны туралы нақты жауап берілмей жатыр», - дейді Светлана Масатаева.

Оқушылардың ата-аналары бұған дейін жаппай улану фактілері болмағанымен, балалар тағам сапасына шағымданған кезі болған дейді.

 «Бұл бірінші рет қайталанып тұрған жоқ. Өткен жылы бұл мәселе үшін мен жалғыз дабыл қаққан болатынмын. Балам мектептегі ботқаның ашып кеткенін айтып келді. Өзім көп ата-анадан «Балаларыңыз шағымдана ма? Балаларыңыздан мектепте не жейсің деп сұрайсыздар ма?» деп сұрағанмын. Олар «Иә, балаларымыз шағымданып келді» деді. Бәріміз барып, балаларымыз не жеп жатқанын көрейік десем де, ешкім барып көрген емес», - деді оқушының анасы Дариға Аманова.

Журналистер дәл осы компания тоғыз жылдан бері балаларды тамақтандыруға жауапты екенін анықтады. Улануға нақты не себеп болғаны белгісіз. Бірақ сол күні барлығына котлетпен картоп пюресі берілген. Зардап шеккен 460 адамның 83-і ауруханаға жатқызылды, тіпті жансақтау бөліміне де түскендері бар. Қуанышқа қарай, қазір балалардың беті бері қарады.

«Жансақтау бөлімінде болған екі бала бүгінде жағдайының жақсаруына байланысты жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта балаларға барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіледі», - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.

 Ішкі істер министрлігі балалардың жаппай улануы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал алдағы бір айда еліміздегі барлық мектеп асханаларында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына тексеру жүргізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылында мектеп оқушылары асханадағы тамақтан уланып қалғанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары