2 жасқа толмаған балаларды экранға жақындатпау қажет – Швецияның денсаулық сақтау ұйымдары дабыл қақты
Агенттік екі жасқа дейінгі балаларға экрандарды мүлдем пайдаланбауды, екіден бес жасқа дейінгі балаларға күніне бір сағаттан артық уақыт бөлмеуді ұсынды.
Швеция денсаулық сақтау ұйымдары балалар мен жасөспірімдердің экран алдында өткізетін уақытын шектеуге шақырады.
Жаңа нұсқауларға сәйкес, Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі екі жасқа дейінгі балалардың ешқандай цифрлық медиа қолданбауын ұсынады.
Агенттік сонымен қатар үлкенірек жастағы балалар үшін экран алдында өткізетін уақытты шектеу керек деп мәлімдеді. Бала немесе жасөспірімнің жасына байланысты экран алдында бірден үш сағатқа дейін уақыт өткізу ұсынылады.
Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің бас директоры міндетін атқарушы Оливия Вигцелл бұл ұсыныстардың балалардың экрандарды пайдалануын тепе-теңдікке келтіруге және олардың артық қолдануын болдырмауға көмектесетініне үміт артатынын айтты.
Агенттік екі жасқа дейінгі балаларға экрандарды мүлдем пайдаланбауды, екіден бес жасқа дейінгі балаларға күніне бір сағаттан артық уақыт бөлмеуді ұсынды. Ал алтыдан он екі жасқа дейінгі балаларға экранды бір-екі сағаттан артық қолданбау ұсынылады. Жасөспірімдерге, 13 пен 18 жас аралығында, экран алдында екі-үш сағаттан артық уақыт өткізбеген жөн.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2019 жылы бір жасар балаларға экран алдында отыру, мысалы, теледидар көру немесе компьютер ойындарын ойнау ұсынылмайтынын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, ДДСҰ екіден төрт жасқа дейінгі балалар үшін экран уақытын бір сағаттан асырмауды ұсынады, бірақ одан да аз уақыт болғаны дұрыс дейді. 2023 жылы Франция президентінің тапсырмасымен құрылған сарапшылар тобы үш жасқа дейінгі балаларға экран алдында уақыт өткізуді мүлдем тоқтату, ал алты жасқа дейін экран қолдануды қатаң шектеу керек екенін айтқан еді.
Сонымен қатар, осы аптада Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі түнде ұйқы кезінде ұялы телефондар мен планшеттерді жатын бөлмеде қалдырмауға шақырды, себебі кейбір зерттеулер ұйықтар алдында экран қолданудың ұйқы сапасын төмендетуімен байланысты екенін көрсетті.