Әлемдегі ең үлкен футбол стадионы қандай болады?

Жоба құны 455 миллион долларға бағаланып отыр.

Әлемдегі ең үлкен футбол стадионы қандай болады?
сурет: Oualalou + Choi and Populous
1692

Мароккода әлемдегі ең ірі футбол стадионының жобасы таныстырылды.

Касабланка қаласында салынатын Король Хасан II атындағы стадион 115 мың орынға есептелген және ол әлемдегі ең үлкен футбол аренасы болмақ. Стадион 2030 жылғы футболдан әлем чемпионатына арналып салынады. Марокко сол чемпионаттың бірлескен иесі ретінде турнирдің финалдық матчын дәл осы стадионда өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, финалды өткізуге Испаниядағы Мадрид қаласының «Сантьяго Бернабеу» және Барселонадағы «Камп Ноу» стадиондары да үміткер.

2030 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет үш құрлықта – Еуропа, Африка және Оңтүстік Америкада – өтетін болады. Турнир футболдың 100 жылдығына орай ұйымдастырылады.

Қазіргі таңда ең үлкен футбол аренасы – Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласындағы «1 мамыр» стадионы, ол 114 мың көрерменді сыйдырады. Дегенмен, әлемдегі ең үлкен стадион – Үндістанның Ахмадабад қаласындағы Нарендра Моди атындағы стадион, онда 132 мың адам сиятын орын бар, бірақ онда футбол емес, крикет ойындары өтеді.

Grand Stade Hassan II стадионын салуға дайындық жұмыстары 2023 жылдың қазан айында басталды. Стадион 100 гектар аумақта салынады.

Жобаны париждік Oualalou + Choi архитектуралық студиясы және спорттық дизайн саласының көшбасшысы Populous компаниясы әзірлеген. Стадионның шатыры марокколық дәстүрлерден шабыт алған және үлкен шатыр тәрізді етіп жасалған. Негізгі стадион айналасында шағын спорт алаңдары мен кешендер орналасатын бақтар болады. Табиғи-спорттық оазис Касабланкадан 38 шақырым солтүстікте салынады. Жобаның құны 455 миллион долларға бағаланып отыр.

Серіктес жаңалықтары