Асылбек Ізбайыров: Шынайы мұсылман – әдебімен танылған адам

Дінтанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Асылбек Ізбайыров: Шынайы мұсылман – әдебімен танылған адам
831

Елімізде дін мәселесі қоғамда жиі талқыланатын та­қырыптардың бірі. Бүгінде қоғамда пәтуа жа­сай­­­тындар да көбейген. Халық кейде ненің дұ­рыс, ненің бұ­рыс екенін ажырата алмай жатады. Дін тура­­лы пә­туа айту, шешім шығару діни ғұламалар мен ға­­­лым­­дардың ісі. Осы орай­да дінтанушы, тарих ғылым­да­ры­ның докторы, профес­сор Асылбек Ізбайыровтан дін саласындағы өзекті мәсе­лелер туралы сұраған едік.  

– Біздің қоғамда мұсыл­ман­­дықты киіммен өлшеу ба­сым. Бұл қаншалықты дұ­рыс?

– Бұл сұрақ екіжақты мәсе­ле­ні қозғайды. Біріншісі, ислам діні өз ішінде әртүрлі тармақтарға бө­лінеді. Соның ішінде қатты кет­кен тармақ – такфир жама­ға­ты. Олар өздерін ғана мұсылман, бас­қаларды кәпір санайды. Бұл үкім­ді намаз оқымайтын адам­дар­ға шығарады. Өздерінің жал­ған сенімдері арқылы мұсылман­дарды адастырып, өздерінен бас­қа мұсылмандарды адасқан деп айыптайды. Бұл – исламдағы иман және амал мәселесі. Яғни, иман еткен мұсылман өзінің мұ­сылмандығын амалмен дәлелдеп, көрсетуі керек. Мәселен,  намаз оқы­­майтын адамдарды кәпір деп, әйел­дер орамал тағу керек десе, ен­ді бірі сақалды сүннет дейді, кей­біреулер уәжіп (парыз бен сүн­неттің арасындағы амал) дей­ді. Осылайша, ауқымы кең ислам­ды тар шеңберге салады. Бұл ай­на­­лып келгенде адамды сыртқы кел­­бетіне қарап бағалау. 
Екінші мәселе де күрделірек. Өйт­­кені дінді киіммен өлшеу тү­сінігі мемлекет тарапынан да бар. Орамал тағатын қыздарды мек­теп­ке қабылдамау, жұмысқа ал­мау, сақалдыларға немқұрайлы қа­рау қоғамда исламофобияның өсуі­не алып келді де мұсылман­дар­ды мемлекет тарапынан қыс­пақ­қа түсірді. Сондықтан мұсыл­ман­дықты киіммен өлшеу тек так­фиршілерге қатысты емес, мем­лекет тұрғысынан да көрініс тауып отыр. 
Жалпы, мұсылманшылдықты на­маздың шенберінде ғана қа­рас­тыру өте тар ұғым. Мұсылман де­­ге­ні­міз – білікті дәрігер, талант­ты инженер, білімді мұғалім. Шы­найы мұсылман ол – тәр­бие­сі­мен, әдебімен танылған жақсы адам. Міне, бізге осындай ұғым­дар­ды дамытып мұсылмандар ішін­де, жалпы халықтың сана­сын­да тұрақтандыру керек. Сонда мем­лекет үлкен жетістіктерге қол жет­кізеді. 

– Ал дәл қазіргі жағдайда дінді мемле­кет­ті, ұлтты ұйыстырушы күш ретінде қолдана аламыз ба?

– Біз ислам дінінің ғасырлар бойы келе жат­қан сенім және адамның ішкі сезімдері мен сұрақтарына жауап беретін үлкен күш еке­нін ұмытпауымыз керек. Оған бір ғана дә­лел, әлем елдерінде мұсылмандар санының жыл сайын артып отырғаны. Дініміз бүкіл адам­заттың көкейіндегі «Өмірдің мәні неде?», «Адам­ның өмірі осы дүниемен біте ме?» деген сын­ды мәңгілік сұрақтарға жауап береді. Ис­лам – бұл үлкен сенім, рухани күш. Сондықтан мем­лекет діннің осы әлеуетін түсініп, өзі иге­ріп, мемлекеттік саясатта жасампаздық, конс­труктивтік бағытта пайдалануы керек. Олай болмаған жағдайда, бұл үлкен потен­циал­ды пайдаланатын басқа күштер табы­ла­ды. Ол күштер деструктивтік бағытқа алып кет­уі мүмкін. Бізге ислам дегенде көп жағдай­да Ауғанстанды айта береді. Неге дінді мемле­к­ет­тің дұрыс мақсатына пайдаланып отырған БАӘ-ні, Парсы шығанағындағы араб елдерін, Түр­кия, Малайзия, Сингапурды айтпасқа? Мә­селен, Малайзия мұсылманшылдықты өз­де­ріне сай, лайықтап жасап алды. Олар «Хад­хари» ислам деп діннің интеллектуалдық, өр­кениеттік негіздеріне басымдық бере оты­рып халқын тәрбиелеп жатыр. Мұндай тә­жіри­бені Түркиядан да көріп отырмыз. Түрік елі мұсылманшылдықты неосмандық идеология бойынша халықты біріктіруші, кон­солидациялық күш ретінде қолданып отыр. Бізге де осындай халықаралық тәжіри­белерден үлгі алу керек. 
Кезінде тарихи Тұран жері, қазақ дала­сын­да өзіндік дәстүрлі ортаазиялық ислам діни мектебі болды. Сол мектептің негізінде имам әс-Сығанақи, Насафи, Маргинани, ат-Тара­зи сынды көптеген ғалым танымал бол­ды. Орталық Азия діни мектебінің тамыры бүгінде өзбектерде жақсы сақталған. Бұл өз­бек халқының бүгінгі жетістігіне себеп болып отыр. Дәстүрлі ислам діни мектебінде білім алу­дың бірінші шарты – тәрбие мәселесі. Мұ­ны әдеп дейміз. Мен Бұқара, Самарқандағы мед­реселерді зерттеген кезде өзбектердің әдеп мәселесіне үлкен мән бергенін байқадым. Сон­да жүргенде маған үлкен бір ғалымның оқи­ғасын айтып берді. Ол 28 жыл медреседе оқы­ған кезде 26 жыл бойы ұстазының қасын­да жүріп соның жақсы қасиеттерін бойына сіңір­ген, яғни тек қана әдепті үйренген. Ұста­зы­ның әдебін бойына сіңіріп болғаннан кейін 2 жылда білім игеріп, араб әлеміне атақ­­­ты ғалым болады. Қорыта айтқанда, егер алған білімің әдебіңе сай келмесе, тәрбиең бол­маса, ол білім саған зиян болуы мүмкін. Мі­не, біздің қоғамда бүгінде осы әдеп мәселесі өте өзекті болып отыр. Себебі біз ата-баба­мыз­дан келе жатқан дәстүрлі діни мекте­біміз­ді жоғалтып, бағытымыздан адасып қалдық. Тығырықтан шығудың бір жолы – дәстүрлі, тарихи жолымызды қайта жаңғырту.

– Ал дәстүрлі, тарихи жолымызды қай­та жаңғырту қалай жүргізілуі керек? 

– Ортаазиялық діни мектебі туралы зерт­теуге арнайы Өзбекстанға бардық. Бұ­қара, Самарқан, Қоқан қалаларында болып, ескі медреселерінің білім жүйесін зерттеп кел­ген едік. Бізде тарихи жолымызды қайта жаң­ғыртуға қажетті құралдың бәрі қолы­мыз­да бар. Тек пилоттық жоба ретінде еліміздегі мед­реселердің бір-екеуіне енгізіп, бір жылда қан­дай нәтиже бергеніне қарау керек. Мен үл­кен нәтижелерге қол жеткізетімізге сенім­ді­мін. Өйткені тарихта тари­хи түркістандық ислам діни мектебі өзі­нің қалыптасқан білім, тәрбие беру жүйе­сімен танылған. Сондықтан дұрыс білім беру процесі өте маңызды. Мәселен, Ресей осы ба­ғыт­та Болгар ислам академиясын ашты. Өзбекстанда ислам бағыты бойынша бірнеше институт, университет, мектеп бар. Мысалы, Ташкент ислам институты, Самарқанда Хадис ілім мектебі, Марғұланда Фиқһ ілім мектебі т.б. Яғни, өзбектер бұл бағытты қолдарына алып, жүйеге енгізіп, нәтижесін көріп отыр. Олар әдеп діңгегінен айрылмай, осының бә­рін сақтай алды. Осы бізге қазір ауадай қажет. 
Кезінде Селжұқ мемлекеті көтеріліп, Абас­­сид халифатын қайтадан жаңарт­­қан кезде ең бірінші өзіндік білім беру жүйесін, идеологиясын қолға алды. Бас уәзір Ни­зам әл-Мүлік бүкіл мемлекет бойынша Ни­замия медресе-мектептерін ашып, үлкен мем­лекеттік саясат жүргізді. Біз осының көрі­нісін қазір Түрік мемлекетінен көріп отыр­мыз. Түркияда имам-хатиб мектептері ашыл­ды. Мемлекеттік мектептер де бар, бірақ діни білім алам дегендерге де мүмкіндік берді. Осы­лайша, мұндай мектептер мемлекеттік саясатты жүргізуде үлкен рөл атқарып отыр. 

– Елімізде жыл сайын тамыз айында мектептерде орамал тағу мәселесі сөз бо­ла­ды? Бұл мәселені шешудің жолы бар ма?

– Егер мектептерде орамал тағуға рұқсат етіл­месе, олар оқитын жеке меншік мектеп ашу­ға жол берілмесе, бірақ білім алу талап етіл­се, адамда қандай таңдау қалады? Бірінші нұсқа – елден көшіп кету, екіншісі – көрші елдің мектептерінде онлайн оқу. Бұл мәселе мұсыл­ман емес елдерде сәл жұмсақтау шеші­ле­ді. Олар бір есікті жапқанымен, екінші есік­ті ашады, дінді тұншықтырмайды. Біз бір жап­қанда барлық есікті жабамыз. Өзіміздің мұсылман азаматтарды қолдан әлеуметтік гетто жасап отырмыз. 
Жалпы, барлық есікті жауып тастау – өте қате позиция. Бір ғана мысал, Олим­пиада чемпионы Елдос Сметовтің намаз оқы­ғаны, Асланбектің жеңілістен соң «Алла­ның қалауы» деген сөзі біздің қоғамда қатты талқыланды. Өзбекстанның боксшылар ко­ман­дасы толығымен намаз оқиды. Елдостың айтқан сөзін өзбекстандық боксшы Баһадүр Жалолов та айтты. «Мен қанша көп жаттық­сам ­да, жекпе-жек алдында ең бірінші тағдыр­лар­ды шешуші Алланың қолдауына, одан соң анамның дұғасына сенемін!», – деді ол. Осы сөзіне бірде-бір өзбек қарсы сөз айтпады, халық үлкен әдептің үлгісін көрсетті. 
Қоғамды мынау тәңіршіл, мынау ислам­шыл деп әртүрлі топтарға бөліп тастау қауіпті. Мемлекет тек реттеуші рөлін атқаруы ке­рек. Мұндай процестерде мемлекет ешқан­дай тарапты жақтамайды, ал қазіргі позиция­дан қарайтын болсақ, біздің мемлекет субъект ретінде діни қарым-қатынастарға кірісіп отыр. Қоғамды бірнеше тармаққа бөліп жатқанын, кейбір шенеуніктер белгілі бір тараптарға күш беріп, қолдап жатқанын байқаймыз. Бірақ мұның түбі жақсылыққа апармайды және бұл мемлекетшілдік позиция емес. Бұл – кеңес өкіметі саясатының жемісі. Яғни, кеңестік кезеңнен қалған тыйым салу, шектеу тәсілі бүгінде жарамсыз, ескірген. Бізге ағартушылық, идеологиялық бағытта жұмыс істеу керек. 

– Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Азаматтардың бәрі тең құқылы, алайда орамал тартатын оқушылардың мектепке бармауы олардың және ата-аналарының құқығын шектеу емес пе? Бұл зайырлылық принципіне қарама-қайшы емес пе? 

– Бізде бұл жерде зайырлылық принципін дұрыс түсінбеуден көп мәселе туындап отыр. Зайырлылық дегеніміз – мемлекеттің барлық діни ағым мен бағыттарға бірдей қарауы және мемлекет алдында барлық азаматтардың тең құқықты болуы. Орысша айтқанда «Равноправие всех граждан без исключений и равноудаленность от всех религиозных направлений». Зайырлы қоғам осы екі принципті назарда ұстайды. Біз осы екі принципті де бұзып жатырмыз. Бірінші, барлық ағымдарға бірдей қарау дегенді белгілі бір топтарға қолдау білдіру арқылы бұздық. Мысалы, дәстүрлі ханафи жолындамыз деп алып, басқа тараптарды қолдаймыз. Иә, мемлекет өзінің дәстүрлі, тарихи жолын қорғап, дәріптеп, оны әр азаматтың санасына жеткізе білуі керек. Өткенде Шымкенттегі мешітте намаз үстінде болған өрескел оқиға осы жұмыстың ақсап тұрғанын көрсетті. Мұндай жұмыстарды жүргізуде білімді ма­мандарды тарту керек. Екінші, теңқұқық­тық принципін қолданғанда «светский» емес «советский» болып кетеміз. Зайырлылық – ешқан­дай идеология емес. Ол – мемлекетті бас­қару жүйесі, принципі. Ал біз зайырлылық­ты идеология қыламыз. Оның ішіне «советс­кий» ұстанымын тықпалаймыз. Осылайша, идео­логия қылу арқылы теңқұқықтық прин­ципін бұзып отырмыз. «Менің алдыма орамал тақ­қан әйел келсе, маған оның орамалы керек пе, әлде үлкен маман болғаны керек пе?» деген сұраққа қаншалықты жауап бере аламыз, сол маңызды. Біздің қоғам да, мемлекет те адам­ның кәсіби деңгейі, қабілеті емес, хиджабына қараймыз. Қаншалықты үлкен маман болса да егер ол кісі хиджаб кисе, ол адамды хиджа­бы үшін жұмысқа алмаймыз. Міне, теңқұқық­тық принципін тағы бұзып отырмыз. Бізге ішкі дүниесі емес, сыртқы келбеті маңызды болып тұр.
Кез келген мемлекет үшін ең алдымен аза­маттарының заңды сыйлағаны, ба­ғынғаны маңызды. Егер мұсылман заңға ба­ғынса, ешкімнің құқығын бұзбаса, онда оның Аллаға қалай сенетіні, қандай киім кие­тіні бізге маңызды болмауы керек. Бізге маңыз­дысы экстремизм, терроризмге қатысы жоқ­тығы, қазақилығы, дәстүрін сақтаған, мем­лекетке толық бағынған адам болуы. Ал Алла­ға деген ішкі сенімі – жеке мәселесі. 

– Орамал тағуға рұқсат берген жағ­дай­да өзге дін өкілдері де өз құқықтарын талап етуі мүмкін ғой? 

– Өзге дін өкілдері де мектепке өз діні па­рыз еткен киіммен келеді деп қорқудың қа­жеті жоқ. Өйткені христиандардың талап етер­ліктей дүниесі, талай тарихи кезеңді өт­кеннен кейін қалған жоқ, мүмкін, мойнына крест тағар, басқа мәселе туындайды деп ой­ла­маймын. 

– Орамал мәселесінде шетелдік тә­жіри­­беден аларымыз бар ма? 

– Әдетте, біз Еуропа елдерін стандарт ре­тін­де қарастырамыз ғой. Батыс әлемі адам­ның кәсіби қабілетін, адами қасиеттерін жо­ғары бағалайды. Үстіндегі киіміне емес, адам­ның ішкі мазмұнына мән береді. Біз осы­ны түсініп, қабылдамасақ, артқа кеткен арба­ның дөңгелегі кері сырғи береді. Ал мұсылман әдебін, дәстүрін сақтаған өзбек ағайындар оқ бойы озып кетті, көріп отырмыз. Кеңестік бас­­қару жүйесінің сарқыншағынан айрыл­майын­ша, оң өзгеріс болмайды, мәселенің бас­қа шешімі табылмайды. Егемен­дігімізге субъективтілік ретінде қарап, рухани кеңістігімізді байытпайынша, тыйым салу сын­ды кеңестік саяси биліктің құралын жой­майын­ша, осы кеткеніміз кеткен. Осыны әлде­қашан түсінген батыс елдері мұсыл­ман­дарға діни көзқарасын, мұсылманшылығын сақ­тағаны үшін шектеулер қоймайды. Ең бас­тысы адамның ішкі мазмұны. Зайырлылық де­ген осы. 

Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары