Елордада Абай күніне арналған Домбыра Party өтті

Елордада Абай күніне арналған Домбыра Party өтті
399

Оныншы тамыз – ұлтымыздың бас ақыны, философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Соңғы бірнеше жыл көлемінде осы күн  Абай күні мерекесі ретінде бекітілген. 

Содан бері руханияттың, әдебиеттің, мәдениеттің мерекесіне айналған 10 тамыз көпшіліктің күтіп жүрер күніне айналды. 

Биыл Абай күні Астанада ерекше аталып өтті. Әр мекеме, әр ұйым өз әлінше үн қосып, жалпыхалықтық мерекеге айналғанына куә болдық.

2012 жылдан басталған "Домбыра Party" флешмобы да Абай күнінде халыққа әдемі кеш ұсынды. Есіл өзенінің жағалауы, Кенесары хан ескерткішінің түбінде өткен шараға астаналықтар белсене қатысты. 

Абай әндері әуелеп, Абай өлеңдері оқылып, қара сөздерінің тереңіне бойлап, керемет әдеби сазды кеш өтті. 

Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенттері, Ұлытау, Маңғыстау, Абай туған Семей топырағынан келген қала қонақтары ән айтып, өлең оқыды.

Іс-шараның Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Басқарма басшысы Сәкен Есіркеп іс-шараның алда да жалғасатынын айтып, қатысушыларға алғыс білдірді.

Серіктес жаңалықтары