Мысық асырайтындар ит асырайтындарға қарағанда мазасыздау және жалғыздыққа бейім – зерттеу
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, мысық асыраушылар, әйелдер де, ерлер де, невротизмге көбірек бейім.
Австралиялық зерттеушілер мысық иелерінің ит иелеріне қарағанда невротик болу ықтималдығы жоғары екенін, ал ит сүйгіштердің жалғыздыққа бейім болуы ықтималдығы аз екенін айтады. Бұл туралы abc.net жазды.
Джеймс Кук университетінің психология саласындағы зерттеушілері Лия Бейнс пен Джессика Олива 2023 жылдың маусымынан тамызына дейінгі аралықта 321 адамның жеке қасиеттері туралы онлайн-сауалнама жауабын талдап, өз нәтижелерін Anthrozoös журналында жариялады.
Зерттеу нәтижесінде, ит иелерінің күйзеліске төзімділігі жоғары болса, мысық иелері невротик немесе күйзелістің теріс әсерлеріне сезімтал екені анықталды. Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, мысық асыраушылар, әйелдер де, ерлер де, невротизмге көбірек бейім. Ал ит иелері сабырлы әрі күйзеліске төзімді болып келеді.
Алайда зерттеушілер бұл нәтижелерді стереотиптерді күшейту үшін қолданбау керектігін ескертіп, бұл зерттеу тек белгілі бір уақыт кезеңіндегі жағдайды көрсететінін айтты.
Қазір ғалымдар бұл мінез-құлық ерекшеліктеріне үй жануарлары әсер ете ме, әлде адамдар өздеріне сәйкес келетін жануарларды таңдай ма деген сұрақты зерттеп жатыр.