Бақыттың кілтін тапқан Бахиевтер

Тұрақтылық, шы­дамдылықты бала кездерінен бойларына қа­лыптастырып өскен Бахиевтер жастайынан ең­бекке пісіп өседі. Мал да бағады, егін де егеді, сау­да да жасайды. Тірліктің көзін тауып, ел қа­тарлы еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп отыр­ғандары бала кезден қара жұмыстан қашпай ең­бек етуі деп біледі.

Бақыттың кілтін тапқан Бахиевтер
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
1137

Биыл Қазақстан мұнайына 125 жыл толып отыр. Шымкенттегі «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС – мұнайды қайта өңдейтін еліміздегі ірі зауыттардың бірі. Іргетасы сонау 1972 жылы қаланған зауытқа 1983 жылы Батыс Сібірден алғашқы мұнай келіп жетті. 1984 жылдан бастап кәсіпорында тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқандар Бақытжан Бахиев бүгінде Тауар-көлік басқармасының аға инженері.  

Бақытжан ағаның еңбек кітапшасында бір жұмыс орны ғана көрсетілген. Осы зауыт­та жұмыс істеп келе жатқанына биыл – 40 жыл. Тағы бір қызығы бұл жерде Бахиев­тер әулетінің 4 мүшесі еңбек етеді. Бақытжан аға­дан бөлек інісі, ұлы мен келіні осында. Жұ­мысшы ардагер былтыр «Еңбек жолы» кон­курсында жеңімпаз атанған. Бұл отбасы «Үздік ең­бек әулеті» номинациясын жеңіп алған. 
Әулеттің отағасы Бақытжан Ағабекұлы 1961 жылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян ауылында туған. Ол кезде Шымкентте екі ғана қазақ мектебі болған. Бақытжан аға сол екі оқу ордасының бірі №26 қазақ мек­те­бінде білім алады. 

– 1977 жылы 9-сынып оқып жүргенде үйі­­­­мізге жақын маңнан мұнай зауыты са­лы­нып жатты. Әкем маған: «Балам, осы зауыттың ма­мандығын ал. Инженер бол», – деп кеңес бер­ді. Бұл зауыт сол кезде Қазақстан бойынша са­лынып жатқан үш зауыттың бірі болатын. Зауыт­тардың біріншісі Атырауда, екіншісі Пав­лодарда салынған еді. Үшінші зауыттың құ­рылысы Шымкентте қарқынды жүріп жат­ты. О заманда әкенің сөзіне қарсы келу, айт­қа­­нын орындамау деген жоқ. Айтты, бітті. Осы­­лайша, мен 9-сыныпта оқып жүріп қандай ма­­ман иесі болатынымды білдім. 1978 жылы мек­­теп бітіре салысымен Қазақ химия тех­но­логиялық институтының мұнай өңдеу фа­куль­тетіне оқуға түсіп, 1983 жылы инженер-тех­но­лог мамандығы бойынша диплом алып шық­тым. Зауытқа 1984 жылы жұмысқа қабыл­данып, әлі күнге дейін жемісті еңбек етіп жа­тыр­мын. Әкемнің айтқанын істегеннен жаман бол­ған жоқпын, қайта өсіп-өнген отбасына ай­налдық. Сонау 1990 жылдардың басындағы на­рық қыспаққа алғанда зауыт қызмет­кер­лері­нің жағдайы жақсы болды. Тамақ, киім-ке­шек жағынан таршылық көрмедік. 2 500 адам­ның ешқайсысы жұмыстан шыққан жоқ. Ай сайын ет, тауық еті, жұмыртқаға дейін бә­рін әкеліп беретін. Қазір айтсаң, қызық көрінуі мүм­кін. Алайда басқа кәсіп иелері  қиналып, мұ­ғалімдер базар аралап, дәрігерлер бизнеске ке­тіп жатқан тақыл-тұқыл заманда бұл өте жақ­сы жағдай болатын. Өзіміз ғана қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болып отырған жоқпыз. Қол­дағы барды ағайын-туысқан, көрші-қолаң­нан аяған жоқпыз, бөлісе жедік. Бұл дәстүріміз әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Әріп­тес­термен бірге балалар үйіне, жарымжан, тұр­мы­сы төмен отбасыларға көмектесіп отыра­мыз. Оны жария ете бермейміз. Біздің ниет – қо­ғамға сәл де болса пайдалы болу. Мұндағы жа­лақымызбен байып кетпесек те, айлығымыз тұрақты. Әр жұмысшы әлеуметтік пакетпен то­лық қамтылған, жыл сайын еңбек дема­лы­сын­да шипажайларға жолдама беріледі. Бар­лық жағдай жасалған жерде дұрыстап еңбек етпеу ұят, – дейді ардагер жұмысшы. 

Бақытжан ағаның әкесі, атасы да еңбек адамдары. Сонау 1934-35 жылдары Шым­кенттегі қорғасын зауытында жұмыс іс­тег­ен. Еңбектің наны тәтті болатынын бала жас­тан санасына сіңіріп өскен кейіпкеріміз мұ­ны өз балаларына да айтудан шаршаған емес.   

– Ұлым Ерлан мектеп бітірер кезде зауыт­қа алып келдім. «Балам, басқа мамандықты қай­тесің, мен технологпын, сен инженер бол» деп, әкемнің маған айтқан ақылын балама айт­тым. Ұлым ақылыма құлақ асып, мен оқы­ған Қазақ химия технологиялық инсти­ту­ты­ның энергетика факультетін 2012 жылы біті­ріп, сол жылы зауытқа жұмысқа кірді. Биыл еңбек етіп жатқанына – 12 жыл. Осы жер­де еңбек ете жүріп, өзінің өмірлік серігін де осы зауыттан тапты. Келінім Мәншүк хи­мия­­лық талдау лаборанты болып істейді. Құ­дайға шүкір, 2 баласы бар, – деді аға. 

Аталған мұнай өңдеу компаниясында Ба­қыт­жан ағаның бауыры Бауыржан да еңбек ете­ді. Негізгі мамандығы – өрт сөндіруші. 1989 жы­лы осы зауыттың өрт сөндіру бөліміне жұ­мыс­қа қабылданады. Алайда 2014 жылы қайта құ­рылымдау кезінде жеке өрт сөндіру ком­па­ния­лары пайда болып, мамандарды зауыттың құра­мынан шығарып тастады. Араға 5 жыл салып Бауыржан Ағатайұлы қайтадан арнайы құт­қару отрядында көлік жүргізушісі болып іс­тейді. Жұмыс өтілі – 35 жыл. Тұрақтылық, шы­дамдылықты бала кездерінен бойларына қа­лыптастырып өскен Бахиевтер жастайынан ең­бекке пісіп өседі. Мал да бағады, егін де егеді, сау­да да жасайды. Тірліктің көзін тауып, ел қа­тарлы еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп отыр­ғандары бала кезден қара жұмыстан қашпай ең­бек етуі деп біледі.  

– Өмір – өзен. Отбасы сол өзенмен ағып жат­қан қайық секілді. Ағыс оны ана жағаға бір, мына жағаға бір ұрады. Кейде бұрып әке­те­ді. Осыған шыдамаған қайық ортасынан қақ айрылады. Өзеннің ағысына шыдаған қайық діттеген жеріне аман-есен жетеді. Менің 60-тан асқанда өмірден түйген ойым осы. Ал тәр­бие мәселесінде баланы еркелету өз ал­дына, еңбекке баулу бір басқа. Қазақтың «Ба­лаң­ды аясаң, аяма» деген сөзі осындайда ай­тылған. Баланың бұғанасы бекігеннен бастап ең­бекке үйрету керек. Өмірде қолына бұрағыш ұстай алмайтын балалар болады, ал кей бала машинаны шашып тастап, қайтадан жинайды. Мұның бәрі әкенің тәрбиесіне байланысты. Жастайынан еңбекке үйренген бала 18 жасқа толғанда еркін, өз күшімен ақша таба алатын бо­лады. Одан кейін балаларға кітап оқыту маңыз­ды. Кітап оқымаған адамның сана-се­зімі төмен болады. Кітапты жиі оқыған бала­ның өмірге көзқарасы да басқаша болады. Мұн­дай балалар әкесі бермеген тәрбиені кі­таптан-ақ алуы мүмкін. 6-7 сынып оқып жүр­ген кезде, 1973 жылы әкемнің маған І.Есен­бер­лин­нің «Көшпенділер» трилогиясын сатып әкел­гені әлі есімде. «Балам, мынау біздің та­ри­хы­мыз» деп маған сыйлаған әкем сол кітаптың кейін Тәуелсіздік алғаннан кейін бір-ақ басылатынын сезді ме екен дерсің. 1 кітаптың б­ағасы 1 сом 5 тиын болатын. Сол кітапты тұ­­­­шынып оқып, тарихқа біраз қанығып өстім. Жал­пы, еңбекпен қатар білім алған бала еш­қашан жаман адам болмайды, – дейді Бақыт­жан аға.  

Қазақ «Әкенің берген тәрбиесін 100 мек­теп те бере алмайды» деген. Бала тәрбиесінде әке­нің алар орны ерекше. Алайда нарық қыс­пақ­қа алған заманда әкелер отбасын асырау­дың қамымен сыртта көп жүріп, бала тәрбиесі аналардың мойнына артылып отыр. Одан бө­лек мектептерде де ұстаздардың дені – әйел­дер. Ал ұл бала тәрбиесінде анадан, ұстаз­дан бөлек, әкенің қатал мектебі керек-ақ. 

– Әкелер бала тәрбиесіне уақыт табу керек деп айтқанға оңай. Біреудің өміріне билік жүр­гізіп, іс-әрекетін талқылай алмайсың. Өйт­кені базарда қара жұмыс істейтіндер үйге кел­генде баласына қарамақ түгіл, алдына кел­ген асты ішуге шамасы келмей ұйықтап қа­лады. Мұндай жағдайда бәріне бірдей көз­қараспен кеңес айту қиын. Тұрақтылық, тө­зімділік, сабырлылық, еңбекқорлық секілді көр­кем мінездерді баланың бойына сіңіру үшін жастайынан қара жұмысқа үйретудің еш сөкеттігі жоқ. Ауылда кірпіш құйып, лай та­сы­ған, шөп шауып, отын тасыған балалар өмір­дің анау-мынау қиындығына мойымайды, қа­жырлы келеді. Қазір балалар түнімен те­ле­фон шұқып, түске дейін ұйықтайды. «Жата бер, істейтін тірлік жоқ қой» деп кей ата-ана ба­ла­сының басынан құс ұшырмайды. Түске дейін ұйықтаған бала жалқау болып өседі. Он­дай адамның байығанын көргенім жоқ, – дейді ардагер жұмысшы. 

Бақытжан ағаның екінші ұлы Заңғар мен келіні Айнұр – тіс дәрігері. Олар Ал­ма­тыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина университетін тәмамдаған. Ерлі-зайыптылар бүгінде Шымкенттегі белді клиниканың иесі, Астана қаласынан да тіс емдеу орталығын ашып жатыр. 

– Заңғар ұлым мамандығы бойынша Мәс­кеу­де үш ай оқыды, Тель-Авивте білімін же­тіл­діріп, халықаралық деңгейде сертификатын алып келді. Қызым Аяулым да ағасының жо­лын қуып дәрігер болмақ, медицина ака­де­мия­сы­ның 1-курсын бітіріп келді. Өзім ба­ла­ла­ры­ма разымын. Олардың жоғары білім алып, жақ­сы маман, бастысы жақсы адам болуына ба­рынша көңіл бөлдім. Жұбайым Шолпан – эко­номист, қалалық әкімшіліктің қаржы бө­лі­мінің басшысы. Екеуміз өмір атты өзенде қыз­метпен бірге отбасын қатар алып жүрдік. Ұр­пағымызды ауырдың асты, жеңілдің үстімен жү­руден сақтадық. Тек еңбек еткен адам ғана же­тістікке, жеңіске жетеді. Бүгінде жастардың үйлене сала ажырасып жатқандарының бір се­бе­бі де осында жатыр деп ойлаймын. Еңбек­ке, өзін-өзі шыңдауға, тәрбиелеуге ұмтылған адам отбасын да сақтап қала алады, – дейді Бақыт­жан Ағабекұлы. 

Мұнай зауытындағы «Үздік еңбек әу­ле­ті» атанған Бахиевтер отбасы «Ердің атын еңбек шығарады» деген қағиданы ұста­на­ды. Еңбек адамы – бір отбасының ғана емес, ел­дің құты. Жастарға хайп қуған атаққұмарлар емес, адал еңбек етіп, ел дамуына, эконо­ми­ка­ның өсуіне үлесін қосып жүрген жандар қа­шан­да үлгі болуы керек. 

А.БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары