Майдақоңыр

Дидардың кейіпкерлерін уайым­дайсың, сағынасың, сыр­ласып сыр айтасың. Іздейсің. Ізденесің. Дидарды оқып отырып бірдеме жазғың келеді.

Майдақоңыр
1057

Дидар Амантай! Бұл – есім әдебиет әлеміндегі аяулы бейне. Тоқсаныншы жылдары Дидардың есімі арқалы ақындардың даңқындай Алматының көшесіне сыймай тұрды. Қай оқу орнының жатақханасына қонаққа барсаң алдыңнан Дидар Қосылбектің оқырмандары шығады. Сол тұстағы газет-журналдар Дидардың қаламынан туған туындының буы басылмай жатып таласа жариялауды үрдіске айналдырған-ды. 

Дидар ақын болуға лайық жігіт еді. Мен ішкі түйсігіммен солай ойлаймын. Оның барлық еңбегінде қоңыр желдей майда ыр­ғақ бар. Дидарды оқығанда жатыр­қа­майсын. Жаныңа жақын әлемге кіріп кетесің. Дидар оқырманын кейіпкерлерімен ара­ластырып жібереді. Сен олармен күбірлеп сөйлесіп отырасың. Дидардың кейіпкерлерін уайым­дайсың, сағынасың, сыр­ласып сыр айтасың. Іздейсің. Ізденесің. Дидарды оқып отырып бірдеме жазғың келеді. Габриэль Гарсиа Маркес «Полковникке ешкім хат жаз­байды» деген шығармасын жазып жатқанда, жазу­шының отбасы түгел шығарма маз­мұ­нын­дағы оқиғалардан хабардар болып отырған сы­найлы. Аталған шығарманы жазып жатқан күндердің бірінде жазушы екінші қа­баттан көңілсіз тұңжырап түсіп келе жа­тады. Сол сәтте бірінші қабатта тұрған әйе­лі Мар­кеске қарап «Не болды? Полковник қайтыс болды ма?» деп қобалжи сұрақ қояды. Маркес үнсіз басын изей­ді… Шын шығар­маның өлшемі, ол сенің қолыңа қалам алдыруға тиісті. Дидарды оқысаң, ақ қағаз бен қалам іздей бастайсың. Дидардың кейіп­керлері де Маркестің ке­йіпкерлері сияқты ойлы, майдақоңыр мұңға жетелейді. Туыс. Туыс­қаның сияқты. Ди­­дардың рухани болмысының сыр­тында Ницше, Кант, Фрейд пен Достоевский һәм өзіміздің Сүлей­ме­новтың сұлбасы аңға­рылады. Дидар ұлт­тық сөз өнеріне Дидардың әлемін әкелді. Біз Дидарға өте салмақты си­патта мән беруге тиістіміз. Дидардың мүм­кіндігі таң­ға­ларлық деңгейде. Дидар – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол қазақ музыкасын жан-тәнімен танып білген қаламгер. Мұн­дайда Таласбек еске түседі… Кино­драматург. Дидар – ғажайып бокс шебері. Жастық шақтың қаншама жалаулы күндері бірге өтті. Өкі­­ніштісі, қол­ғап түйістіріп көрмеппіз. Қажеті болмаған шығар. Дидар дос биылғы әдебиет саласы бойынша белгіленген Мемле­кеттік сыйлыққа «Майдақоңыр» деген әңгіме-но­веллаларымен бақ сынауға ниеттеніп отыр. Біз қолдадық! Алла, үмітсіз емеспіз!!!

Маралтай Райымбекұлы, 
ақын

Серіктес жаңалықтары