СҚО-да көпбалалы әйел 3 жылға сотталды
Әйел наурыз айының басында «Tik-Tok» әлеуметтік желісінде сепаратизмді насихаттаған.
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының тұрғыны, 4 баласы бар Л. есімді әйел әлеуметтік желінің тікелей эфирінде сепаратистік көзқарасын білдіргені үшін сотталды.
СҚО сотының мәліметінше, Мамлют аудандық соты Л.-ға ҚР ҚК 180-бабы 2-бөлігі - «Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның біртұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды насихаттау» бойынша қылмыстық істі қарады.
Л. биыл наурыз айының басында «Tik-Tok» әлеуметтік желісіне ұялы телефон арқылы кіріп, белгісіз ер адаммен тікелей байланысқа шыққан. Диалог барысында ол Солтүстік Қазақстанның Ресейге қосылуы және Қазақстанның жекелеген бөліктерінің Ресей аумағына тарихи қатыстылығы туралы ойын айтып, Солтүстік Қазақстанның, соның ішінде Петропавлдың тарихи түрде Ресейдің әкімшілік-аумақтық бөлінісінің бірлігі екендігін ашық айтты, сондай-ақ Ресей әскерлерінің Қазақстан аумағына қарулы басып кіруін қолдайтындығын жеткізген.
Прокурор Л.-ны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айыпталушы Л. кінәсін мойындады.
Нәтижесінде аудандық сот Л.-ның шын жүректен өкінуін және төрт жас баласының болуын, күйеуінің мүгедектігі барын ескерді. Мұны оның жазасын жеңілдететін жағдай ретінде қарап, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.