«Ата-анасы мас күйінде ұйықтап жатыр»: Екібастұз полицейлері түтіндеп жатқан пәтерден 3 баланы алып шықты
Үш және бес жастағы балалар, ең кішісі бір жастан асқан. Ата-ана құқықтарын 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылдады.
Павлодар полицейлері түтіндеп жатқан пәтерден балаларды алып шықты, – деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері патрульдік қызмет инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов, Темірлан Шадыров және Мейірман Еркін және ювеналды полиция қызметкері Арайлым Мұхамеджанова түтін шығып жатқан пәтерге жылдам жеткен кезде көмек сұрап, айқайлап жатқан дауысты естіген.
– Біз балалармен жабық есік арқылы сөйлесіп, оны ашу керек екенін айта бастадық. Уақыт өте келе есік ашылды. Ішінде балаларды көрдік, оларды көтеріп, пәтерден шығара бастадық. Бөлмеде мас күйінде ұйықтап жатқан ата-аналарды көрдік. Оянғаннан кейін оларды сыртқа шығардық. Жедел жәрдем келген соң балалар да, ересектер де тексерілді. Балалар ауруханаға жатқызылды. Біз тек өз міндетімізді орындадық. Мұндай жағдайда әр минут өлімге әкелуі мүмкін, – деді Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов.
Кейін белгілі болғандай, аталған отбасы жалдамалы пәтерде шамамен бір ай тұрып жатса керек. Үш және бес жастағы балалар, ең кішісі бір жастан асқан. Түтін шығуына себеп – кәмелетке толмаған балалардың анасы кешкі асты жылытқысы келіп, кастрюльді электр пешіне қойған. Сосын оны ұмытып, ұйықтап қалған. Ерлі-зайыптылар масаң күйде болған. Олар пәтерде не болғанын полицейлерден білді. Медициналық куәландырудан кейін полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың күтімі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырып, материалдар сотқа жолданды.
Сондай-ақ заңды өкілдердің тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияда қаралды, онда олар ата-ана құқықтарын 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылдады.
Қазір Екібастұз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі материалдар дайындалып жатыр. Емдеу курсынан өткеннен кейін балалар мемлекеттік мекемелерге жіберіледі.