Қазақстан «жасыл» туристік бағыттар тізіміне енді
Қазақ Туризмнің ұсынысы бойынша Шығыс Қазақстандағы Қатон-қарағай ауданы британдық Wanderlust журналының Travel Green List атты «жасыл» туризм бағыттарының тізіміне кірді.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Азия аумағында аталған тізімге тұрақты туризм бойынша бастамалар үшін Қазақстандағы ауыл туризмінің дамытуымен қатар, Жапониядағы мәдени ағарту орталықтар және Сингапурдағы табиғи қорыққа айналған теміржол сияқты жобалар кірген.
Журнал редакциясы: «Бес жыл бұрын Шығыс Қазақстанның дархан даласы, таулары мен ормандары кең таралған Қатон-қарағай ауданының тұрғындары қиын жағдайға тап болды. Бұл жер құстардың 275-ке жуық түрі паналайтын елдегі ең үлкен ұлттық саябақ болғанына қарамастан, оның 48 ауылды мекені туристерді аз тартуына орай жұмыс орны көп болмады. Нәтижесінде, ғасыр басынан бері оның халқы екі есеге қысқарды, себебі көптеген тұрғын жұмыс іздеп қалаларға көшті» – деп жазған.
Бұнымен қоса, британдық редакция 2019 жылы Қатон-қарағайды қоса алғанда, шалғайдағы үш ауданның өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ашылған «Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорына», оның қызметіне, атап айтқанда қонақүй иелерін оқыту және қонақжайлылық мектебін ашу, соқпақтарды күтіп ұстау, жол нұсқаулар мен туристік ақпарат орталықты қаржыландыру сияқты бастамаларға жоғарғы баға берген.
Бұл жобалар аймақтағы тұрақты туризм қауымдастығын құрып, туристер үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал еткені де айтылған.
Еске сала кетейік, халықаралық ITB Berlin 2024 туристік көрмесі аясында Шығыс Қазақстан облысының «Қатон-қарағай аймағын тұрақты дамыту» қоғамдық қоры «Тұрақты туризмнің 100 үздік бағыты» тізіміне кіріп, «Өркендеуші қоғамдастықтар» категориясында жеңіске жеткен болатын.