"ШЫҰ-ға төрағалық ету – маңызды миссия": Мемлекет басшысы "Синьхуа" агенттігіне сұхбат берді
Президент алдағы саммитте стратегиялық маңызды шешімдер қабылданатынына, ШЫҰ-ның халықаралық беделін нығайтып, орта мерзімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындалатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммиті қарсаңында "Синьхуа" агенттігіне жазбаша сұхбат беріп, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі жоспарлары мен негізгі басымдықтар туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы сөз қозғады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2-6 шілде аралығында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінің 24-ші отырысына қатысады және Қазақстан мен Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барады.
Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы туралы айта келе, Тоқаев бұл маңызды және жауапты миссия екенін айтты. Қазақстан төраға болған кезеңде қауіпсіздікті нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және экологиялық бастамаларды ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізетінін айтты.
ШЫҰ-ға төрағалық ету өте маңызды және жауапты миссия екеніне ерекше тоқталып өткім келеді. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі және көпжақты диалогты дамытудың белсенді жақтаушысы ретінде Қазақстан Ұйымды өзінің теңдестірілген сыртқы саясатындағы басымдық ретінде қарастырады. Дәл осы себептермен біз төрағалығымыздың қағидаттары мен кең ауқымды күн тәртібін әзірледік. Біздің күш-жігеріміз қауіпсіздік мәселелерін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологияны қорғау мәселелерін ілгерілетуге және халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев ШЫҰ-ның халықаралық жағдайдағы бірегей рөлін атап өтіп, өзара сенім, достық және өзара тиімділік принциптерінің маңызына тоқталды. Оның пікірінше, ШЫҰ климаттың өзгеруі және экология сияқты жаһандық мәселелерді шешуде белсенді рөл атқаруға тиіс.
2024 жыл Қазақстанның бастамасымен ШЫҰ-ның экология жылы болып жарияланды. Экология, табиғи аумақтарды қорғау, экотуризм, климаттың өзгеруімен күрес салаларында халықаралық құжаттар әзірленіп, қабылдануы жоспарлануда. ШЫҰ мен БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы арасындағы қарым-қатынас орнатылды, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды деп жоспарлануда. ШЫҰ экология және климаттың өзгеруі мәселелеріне тиімді шешім таба алады деп сенемін, - деді Президент.
Алдағы саммитте стратегиялық маңызды шешімдер қабылданатынына, ШЫҰ-ның халықаралық беделін нығайтып, орта мерзімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындалатынына сенім білдірді.