Қазақстан Қоқысстанға айналмасын десек...

Ал пластик өнімдерді шығаратын зауыт­тар бір жылда атмосфераны 400 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газымен улайды. Осы­ның кесірінен қазір жануарлардың 800-ге жуық түрінің пластикті жеп қоюына және плас­тикпен улануына байланысты  жойылып кету қаупі төніп тұр дейді мамандар.

Қазақстан Қоқысстанға айналмасын десек...
www.istockphoto.com
533

Пластик соңғы 40 жылдан астам уақытта адамзат өмірі­нің бір бөлшегіне айналды. Жейтін тамақ, ішетін су­сын­ның бәрі пластик құтыларда. Пластик бөтел­ке­лер­дің 60 пайызы су, тәтті сусын, газды су мен шырындарды қап­тауға жұмсалады екен. Әлемде жыл сайын 500 млрд пластик бө­телке өндіріледі. Бұл шамамен 1 минутта 1 млн бөтелке шығады де­ген сөз. Бір литр бөтелкені өндіру үшін 1,5 литр су және 250 мл мұ­най қолданылады. Мәселен, АҚШ-та пластик бөтелкелерді өндіру, та­сымалдау және қайта өңдеуге жылына 1 млн автомобильге же­тетін мұнай жұмсалады екен.

Ал пластик өнімдерді шығаратын зауыт­тар бір жылда атмосфераны 400 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газымен улайды. Осы­ның кесірінен қазір жануарлардың 800-ге жуық түрінің пластикті жеп қоюына және плас­тикпен улануына байланысты  жойылып кету қаупі төніп тұр дейді мамандар. 

Пластикке тұншыққан тынық мұхиты

Пластиктер бір рет қолдануға арнал­ға­­­нымен, табиғи түрде өте баяу ыды­райды. Ғалымдар оның ыдырауы 500-1000 жылға дейін созылатынын және ол то­лық ыдыраған кезде микропластиктерге ай­налатынын айтады. Сырт қарағанда бө­тел­келер жүздеген жыл бойы зиянсыз жата бе­ретіндей көрінеді. Алайда олар қаладағы кә­різ жүйелерін толтырып, су басу қаупін ту­дыра­ды. Сондай-ақ туристік аймақтарды лас­тайды. 
Былтыр әлемдегі мұхиттарда шамамен 50-75 триллион пластик пен микропластик бөл­шектері бар екені анықталды. Бұл плас­тик қалдықтары көбіне өзендер арқылы мұ­хитқа жетіп, орталық ағыстар арқылы бү­кіл әлем бойынша таралады. Пластик қал­дықтарының көп бөлігі мұхиттардың ор­талық ағыстарына жиналады. Әлемдегі ең үл­кен қоқыс жинақтарының бірі – Гавайи мен Калифорния аралығында орналасқан Үлкен Тынық мұхиты қоқыс аймағы. Great Pacific Garbage Patch көлемі өте үлкен және онда миллиондаған тонна пластик жи­нал­ған. Бұл мәселе жаһандық экологиялық проб­лемалардың біріне айналып отыр. Бүгінде оны шешу үшін халықаралық қауым­дастықтар бірігіп әрекет етуде. Мә­селенің ше­шімі тезірек табылмаса, қалдықтар теңіз тір­шілігіне зиян келтіріп қана қоймай, адам ден­саулығына да қауіп төндіреді, себебі мик­ропластиктер азық-түлік тізбегіне еніп, біз тұтынатын тамақ пен суға жетеді. Бұл өз ке­зегінде экожүйелердің климаттың өзге­руі­не бейімделу қабілетін төмендетіп, тір­ші­лік­ке айтарлықтай зиян келтіреді. 
Өкініштісі, барлық пластикалық бөтел­ке­лердің тек 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Олардың 79 пайызы қоқыста жатса, 12 пайы­зы ғана өртеледі.  Мәселен, АҚШ-та бөтелкелердің 29 пайызы қайта өңделеді. Бұл салыстырмалы түр­де жоғары көрсеткіш деп есептеледі. Ал Еу­ропа елдерінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары – 41 пайызға жетеді.
– Францияда бір рет қолданылатын плас­тикалық ыдысқа тыйым салынған. Мә­селен, АҚШ, Канада, Ұлыбританияда кос­ме­ти­када қолданылатын микропластикті, плас­тикалық ыдысты қолдануға тыйым сал­ды. Бұл өте күрделі салдарға әкелуі мүм­кін. Кәдімгі полиэтилен пакеті жанған кезде ауа­ға 70-ке жуық түрлі зиянды зат бөлінеді, олар­дың көбі адам үшін өте  улы. Жану ба­рысында бөлінетін канцерогендер ауада жи­налып, онкологиялық аурулар санының өсуі­не әкеледі. Мәселен, жыл сайын 35 мыңға жуық адам онкологиялық аурумен тіркеледі. Жыл сайын қатерлі ісік ауырынан 15 мыңға жуық адам көз жұмады, – деп мәлімдеген бо­ла­тын сарапшы-эколог Әлия Күшбаева.
Әлемде қоқысты қайта өңдеу мәсе­ле­сін толыққанды шешкен елдер де бар. Солардың бірі – Швейцария. Онда әрбір аза­мат қоқысты сұрыптап төгуге міндетті. Плас­тмассаны пластмассаға, қағазды қағаз­ға, темірді темірге тастайды. Олардың әрқай­сы­на арналған жеке қоқыс жәшіктері бар. Со­ның арқасында қоқыс қалдықтарының 90 пайызы қайта өңделеді екен. 
Бөтелкелерді қайта өңдеу адамзат бала­сы­­ның экологиялық мәдениетіне тікелей бай­ланысты болғандықтан, кейбір компа­ния­лар оны табиғи түрде өздігінен ыды­рай­тын, жүгері крахмалы, қамыс қантынан өн­­­діріп жатыр. Мұндай бөтелкелер тез ыды­райды және қоршаған ортаға зияны аз.

1 бөтелке – 4 сағат энергияға тең

Жалпы, бір рет пайдалануға арналған плас­тик бөтелкелерді қайта өңдеп, екінші «ты­нысын» ашып, жаңа өмір сыйлауға бо­лады. Мысалы, әртүрлі өнімдер өндірісінде, киім (жүнді курткалар тігуде) өнеркәсібінде, құ­рылыс материалдарында және жаңа бө­тел­ке жасауда пайдалануға болады. Бір бө­тел­кені кәдеге жаратсаңыз, 100 ваттық лам­поч­каны 4 сағат жағуға жететіндей энергия алу­ға болады.  
Елімізде жыл сайын шамамен 90 мың тон­на пластик қалдықтары өндіріледі. Тек со­ның 3,1 мың тоннасы ғана (3,5 пайыз) қай­­та өңделеді екен. Ал қоқыс полигон­да­рын­да жыл сайын шамамен 4,5-5 млн тонна қат­ты тұрмыстық қалдық пайда болады.
Бүгінде елімізде пластик бөтелкелер қа­был­дайтын мекемелер бар, бірақ аз. Экобелсенді Азаматхан Әміртай мұның себе­бін мемлекет тарапынан қаржылай қол­дау­дың болмауымен деп түсіндірді. 
– Қазақстан бұл ретте шағын және орта кә­­­­сіпкерлікті дамытуы керек. Кәсіпкерлер үшін ең бірінші мақсат – пайда табу. Пайдасы болмайтын бизнеске олар еш уақытта бар­май­ды. Сондықтан оларға табыс табатындай мү­мкіндік жасалуға тиіс. Себебі кәсіпкер бизнесін аяққа тұрғызса, мемлекетке салық тө­лейді, жұмыс орындарын ашады. Бұл жер­де мемлекет оларға көмектескеннен ұтыл­май­ды, керісінше ұтады. Осы арқылы елдің эко­логиялық мәселесін біршама реттеуге бо­лады. Бұл заңмен реттеліп, экологиялық ко­декске өзгеріс енгізілуі керек. Одан бөлек біз күнделікті өмірде үйден шыққан әрбір қо­­­қысты сұрыптап үйренуіміз керек. Сонда қо­қыс сұрыптайтындардың жұмысы жеңіл­дейді, – дейді белсенді. 
Экологтардың мәліметінше, еліміздің әр­бір тұрғыны жыл сайын шамамен 42 келі плас­тик қалдығын тастайды екен. Бұл деге­ні­міз, орта есеппен әрбір қала тұрғыны ап­та­сына бір пакеттің көлеміндей пластикті қо­­­­қысқа тастайды деген сөз. 
Қоқыс полигонынан пластик бөтел­ке­лер­ді жинап, сұрыптап, қайта өңдеумен ай­на­лысып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Елмұрат Егембердиев. Шымкент қаласынан қо­қыс өңдейтін екі зауыт ашқан. Бүгінде қол ас­тында 60-қа жуық қызметкері бар ұжым­ның жұмысын дөңгелетіп отыр. 
– Біз қабылдаған бөтелкелерді Ресей мен Өз­бекстанға жібереміз. Олар қайта өңдеуден өт­кен шикізаттан синтепон жасайды, оны киім өнеркәсібінде пайдаланады. Қазақ­стан­да мұндай өндіріс орындары жоқ, – дейді Елмұрат. 
Кәсіпкер бөтелкелерді жан-жақтан жинайды. Қоқыс полигонынан, қа­ладағы қабылдау пункттерінен, көшелерге қойылған сеткалардан. Кейде адамдар өздері үйлерінде жинап қойып, тегін алыңыз деп хабарласады екен. Тіпті, аудан тұрғындары қалаға келе жатып бөтелкелерді ала келеді екен. Мұның бәрі халықтың экологиялық мәдениеті мен санасының өзгеріп жатқаны дейді кейіп­керіміз. 
– Негізі, зауытымыз 15 тонна өнімді өңдеуге қауқарлы. Қазір 8 тонна өнім өңдеп отырмыз. Өйткені пластик бөтелкелер азайды. Көбісі қоқыста көміліп кетеді. Одан бөлек ӨКМ (РОП) қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды, кәдеге асыруды тоқтатты. Осыдан кейін бөтелке өткізетіндер саны да күрт төмендеді. Бұрын қоқыс жинаушылар ресми тіркеліп, әр әкелген қалдықтың салмағына қарай мемлекеттен ақша алып отыратын. Қазір бұл жойылғандықтан, жұмысымыз аздап қиындады әрі баяулады. Бүгінде 1 келі пластик бөтелкені 180 теңгеден аламыз. 1 литрлік бөтелкенің 15-20 данасы 1 келі болады. Бағаны 180 теңгеден жоғары көтере алмай отырмыз. Өйткені шетелдік компаниялар бізден арзанға сатып алғысы келеді. Қазір көптеген қал­дық қабылдайтын мекеме жабылып жа­тыр, өйткені шығыны көп, – дейді кәсіп­кер. 
Мақаланы жазу барысында СҚО-дағы ТҚҚ жинайтын бірнеше мекемеге хабар­лас­қа­ны­мызда, қазір қайта өңдеу жұмыстары­мен айналыспайтынын, өйткені бұл биз­нес­тен табыс табудың қиындағанын жеткізді. Өйткені жергілікті жауапты мекемелерден қол­дау жоқ, ал қалдық қабылдайтын мекеме­лер мемлекет қолдауынсыз өзін-өзі қамтама­сыз ете алмайды.  
– Біз қалдықтарды қайта өңдеу сала­сында көршілес Өзбекстаннан әлдеқайда артта қалғанбыз. Барсаңыз, жерде жатқан бір қоқыс көрмейсіз. Өндірілген 100 пайыз пластикалық бөтелкенің 95 пайызы қайта өңделеді. Менің есебімше, Шымкент қала­сында қалдықтардың шамамен 35 пайызы кәдеге жаратылады. Өзге аймақтарда тіпті 1 пайызға да жетпейді деп оқыдым. Мұндай жағдайда мемлекет субсидия бермесе де, аз пайызбен несие берсе жақсы болар еді. 25-30 пайыз­бен ұсынатын несиелер тым қымбатқа түседі. Несиені төлейміз ба, әлде жұмыс­шы­лардың жалақысын береміз бе деп басымыз қатар еді. Егер бізге жеңілдетілген несиелер бе­рілсе, ары қарай қайта өңделген шикізат­тарды кәдеге жаратып, ел экономикасына үле­сімізді қосар едік, – дейді Ермұрат Егембердиев. 

Қазақстанда қалдық өңдеу көрсеткіші төмен

Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі бойынша әлем елдері арасында арт­та қалып отыр. Елімізде барлық қалдық­тар­дың тек шамамен 11 пайызы қайта өңде­леді. Бұл туралы былтыр өткен XV KazEnergy Еуразиялық форумының есебінде мәлім болды. Мамандардың айтуынша, аталмыш көрсеткіш елдің қалдықтарды қайта өңдеу инф­рақұрылымын жетілдіру және қайта өң­деу жүйелерін жақсарту қажеттігін көр­се­теді. 
Алайда Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің мәліметі бойынша, Қазақ­станда тұрмыстық қатты қалдықтардың 25 пайы­зы сұрыпталып, қайта өңделеді. Мә­се­лен, 2022 жылы 4,3 тонна қоқыстың тек 1,1 млн тоннасы сұрыптау белдеуінен немесе қо­қыс өңдеу зауытынан өткен. 
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының дерегіне сүйенсек, алдағы бір жарым жылда ТҚҚ өңдеу саласындағы экологиялық бағ­дар­л­амаларды іске асыру нәтижесі шамамен 3-4 пайызға жақсарады. 2022 жылғы есеп бойынша, сұрыптау және қайта өңдеу бойын­ша Астана қаласы көш басында. Қал­дықты кәдеге жаратуға Қарағанды облы­сы­ның да қосып отырған үлесі қомақты екен. Мұнда қалдықтардың 56 пайызы қайта өң­деледі. Орташа деңгейдегі аймақтарға – Аты­рау (27,5 пайыз), Маңғыстау (32,1 пайыз) жә­не Павлодар (27,3 пайыз) облыстары, сон­дай-ақ Шымкент (30,3 пайыз) кіреді. Ең тө­м­енгі көрсеткішке ие болған аймақтар тізімі біршама. Нақтырақ айтсақ, 14 өңір 25,4 пайыздық межеге жете алмаған. Ең аз үлес Ұлытау (0,1 пайыз) және Абай (1,6 пайыз) об­лыс­тарына тиесілі. 
Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша Қазақстанда ТҚҚ-ны қайта өңдеу көр­сеткіші қайтадан төмендеген. 2023 жылы қал­дықтарды сұрыптауды 27 пайызға жет­кі­земіз деген мақсат орындалмай қалды. Өң­деу үлесі де, қалдықтардың көлемі да азай­ған. Соңғы бір жылда Қазақстанда 4,1 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жи­­налған (2022 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға азайған). Еліміздегі «Жасыл эко­но­мика» тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қа­рай қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші 40 пайызға жетуге тиіс. Алайда бұл межеге же­ту оңай болмайын деп тұр, өйткені тұр­мыстық қалдық саласында шешімін тап­па­ған мәселе жетерлік. Біріншіден, халыққа ТҚҚ-ны жинау, шығару қызметтері қолже­тім­ді емес. Екіншіден, инфрақұрылым дамы­ма­ған. Бүгінде елімізде 82 мың контейнер жетіспейді екен. Коммуналдық кәсіпорындар қоқыс шығаратын техника жетіспейді деп ша­ғымданады. Ал ең қиыны полигондардың ба­сым бөлігінде заманауи экологиялық қауіп­сіздік стандарттарына сай салынбаған. Сө­зімізге тұздық болу үшін айта кетсек, 3 мың полигонның тек 20,6 пайызы ғана сани­тар­лық талаптарға сай екен. Қалған 79,4 пайыз полигон қоқысқа толып кеткен, заң­дастырылмаған немесе қалдықтарды ны­ғыздаудың ескірген әдістерін қолданады дей­ді мамандар. Осы жерде тағы бір мә­се­ле­нің басы қылтияды. Соңғы жылдары елімізде қо­қыс полигондары көбейген. Бұл құрылыс қалдықтарын қоғамдық қоқыс алаңдарына тас­тауға тыйым салғаннан туындап отыр. 
Статистика жыл сайын Қазақстанда заңсыз түрде мыңдаған қоқыс поли­го­ны пайда болатынын көрсетіп отыр. Мә­се­лен, былтыр 5,5 мың полигон ашылып, оның 86 пайызы жойылған.  Әзірге мұны азайту үшін нақты қандай шаралар қол­да­ны­латыны белгісіз. Әсіресе, ауылдық жер­лер­де пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу тіп­тен қиын. Өйткені қажетті инфрақұры­лым мен логистика қызметі қолжетімді емес. 
Jasyl Arystan жеке қорының сарапшы-экологы Марина Дробот ауылдық жерлерде плас­тиктердің жиі өртелетініне алаңдаулы. 
– Ауылдарда пластикалық бөтелкелерден бас­тап, сусабын, кір жуғыш ұнтақ қапта­ма­лар­ды өртей салады. Бұл экологиялық жағ­дайды одан ары қиындатады. Кәдімгі по­лиэ­тилен пакет жанған кезде ауаға 70-ке жуық канцерогендік заттар бөлінеді. Ауаға тараған зиянды заттар адам ағзасына түседі және кері шығарылмайды, – дейді сарапшы. 
Сондықтан Қазақстандағы пластикалық қалдықтар мәселесін шешу мемлекет, қоғам, бизнес және экологиялық ұйымдар тара­пынан кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. 

Серіктес жаңалықтары