"Интеллектуалдық білімі жоқ": Исраил Сапарбай Шаханов туралы пікірін айтты

Оқу бітірмесе де дипломды оған өтірік беруі мүмкін екенін айтқан ақын өзі білім алып, оқығанын жеткізді.

"Интеллектуалдық білімі жоқ": Исраил Сапарбай Шаханов туралы пікірін айтты
сурет: sputnik.kz / adebiportal.kz

Танымал ақын Исраил Сапарбай  "Сойқан сұхбат" youtube-арнасына сұхбат берді. Сұхбатында ол ақын Мұхтар Шаханов шығармашылығы туралы ойын айтты деп жазды inbusiness.kz .

"Екеуміз құрдаспыз. Ол кезінде Шәмшімен, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асановпен бірге жүрді. Оқуға түскен кезімде ол мен оқитын Шымкенттегі педагогикалық институтқа сырттай оқуға құжат тапсырды. Барып оқыған жоқ. Неге екенін білмеймін. Ал мен барып оқыдым. Екеуі екі бөлек нәрсе. Ол ерте есейді. Бірақ ақын болу үшін Алладан талант берілу керек. Педагогикалық институттың өзін 4-5 жыл оқып бітірген адаммын. Ал ол сырттай бітірді. Бір күні ректормен жиналыста Мұхтар Шахановтың 25 пәннен қарызы бар екенін білдім. Оқуға тапсырғанымен ешқандай сессияға келмеген. "Мұхтар Шаханов бірде бір сессияға келмеді, оқудан шығарып жіберейік" деді ректор.  Сол кезде мұғалімдер қорғап, "ертеңі бар азамат, бізге мақтаныш болады" деп алып қалды. Ол кезде мен мән берген жоқпын.

Оқу бітірмесе де дипломды оған өтірік беруі мүмкін екенін айтқан ақын өзі білім алып, оқығанын жеткізді. Сондай-ақ ақынның сөзінше, Шахановтың интеллектуалдық білімі жоқ.

"Шахановтың интеллектуалдық білімі жоқ. 1000 жерден талант болғанменен, білім керек. Ол маған білім жағынан тең келе алмайды. Талай рет көзім жетті. Мен отырған жерге Шаханов отыра алмайды. Себебі одан гөрі менің білімім мықты. Бірақ мен оған "сенен білімім мықты" деп айта алмаймын, ұят болады. Туа бітті ақын болғанымен, интеллектуалдық білім керек ақынға", - деді Исраил Сапарбай.