EURO-2024: Бірінші тур қызықтары
Кәрі құрлық чемпионатының алғашқы турында нендей қызық болды?
Германияның 10 қаласында өтіп жатқан Еуропа чемпионатының екінші туры басталды. Гол мен тартысқа толы болған бірінші турдың өзінде-ақ бірнеше рекорд тіркеліп, қызық жайттар болды. Әлем жұртшылығы әңгіме етіп жатқан сол деректерді тізіп шығуды жөн көрдік.
Роналдуға тиесілі емес рекорд
Түркия құрамасының және «Реал» футбол клубының жартылай қорғаушысы Арда Гүлер Еуропа чемпионатының бірінші турында рекорд орнатты.Жас футболшы Грузия құрамасына қарсы кездесуде 26 метр қашықтықтан доп теуіп, қарсылас қақпасының саңылауын тапты. Осылайша, Арда Еуропа чемпионатындағы дебют матчында гол соққан ең жас ойыншы атанып, рекорд жаңартты (19 жас, 114 күн). Бұған дейін бұл рекорд Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналдуға тиесілі еді. Португалиялық аяқ доп шебері 2004 жылы өткен Еуропа ойындарындағы дебюттік ойында Грекия командасының қақпасына гол салып, құрамасын алға шығарған болатын (19 жас, 128 күн). Айта кетерлігі, Арда – кәрі құрлық чемпионатының алғашқы ойынында гол соққан тарихтағы үшінші тинейджер. Криштианудан бұрын 1964 жылы Венгрия құрамасының шабуылшысы Ференца Бене Еуропа біріншілігінде гол соққан ең жас ойыншы атағын арқалап жүрген еді. Тағы бір айта кетерлігі, ол Еуропа чемпионатының тарихында гол салған ең жас ойыншылардың бестігіне кірді. Бұл бестіктің көш басында 2004 жылы өткен Еуропа чемпионатында Франция құрамасына гол салған швейцариялық Йохан Фонлантен (18 жас, 141 күн) тұр.
Еске сала кетейік, Түркия құрамасы алғашқы айналымда грузиндерден 3:1 есебімен басым түсті. Жасындай жарқыраған Арда аталған матчтың ең үздік ойыншысы деп танылып, көпшілік көзайымына айналды. «Түркияның Мессиі» атанған Арда бұл ойында гол салудан бөлек, алаңда өткізген 79 минутта 41 пас беріп, оның 38-і командаластарына дәл жеткен.
Автоголы көп тур және ең жылдам гол
Бірінші турда үш құрама футболшысы өз қақпасына гол соғып алды.
Шотландияға қарсы ойында неміс ойыншысы Антонио Рюдигер, Франция командасына қарсы кездесуде аустриялық Максимилиан Вебер және португалиялықтармен өткен ойында чех Робин Гранач абайсызда өз қақпасына гол салып, қарсыластарына жеңіс сыйлады.
Ал Албания құрамасының жартылай қорғаушысы Недим Байрами Еуропа чемпионатының тарихындағы ең жылдам гол авторы атанды. Ойын басталған сәтте италиялықтардың қателескенін пайдаланып кеткен Байрами 22 секундта гол салып, рекорд орнатты.
Соңғы рет чемпионаттағы ең жылдам голды Ресей құрамасының шабуылшысы Дмитрий Кириченко соққан еді. Кириченко 2004 жылы өткен Еуропа чемпионатында ойынның 67-секундында грекиялықтардан айласын асырып, қақпаға дәл тигізген болатын.
Жүрегі тоқтап қалған Эриксеннің ерлігі және мажар Мартин
Дания құрамасының көшбасшысы Кристиан Эриксен 16 маусымда Словенияға қарсы ойынның 17-минутында гол салып, әлем жұртшылығын таң-тамаша етті. Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын, нақтырақ айтсақ 1 100 күн бұрын 12 маусымда Еуро-2020 турнирінде Дания мен Финляндия арасындағы матчтың бірінші таймында Эриксеннің жүрегі тоқтап, есінен танып қалған еді. Алаңда он минут бойы көмек көрсеткен дәрігерлер оның жүрек талмасына ұшырағанын анықтап, футболшыны ауруханаға дереу жеткізген болатын. Сол күні есін жиған Кристиан дәрігерлерге жүрегіне кардиостимулятор орнатуға рұқсатын берді. Сөйтіп, ол өзі доп теуіп жүрген италиялық «Интер» клубымен келісімшартты бұзуға мәжбүр болды. Алайда бір жылдан соң Англия чемпионатына ауысып, «Брентфорд» клубында жарты жыл ойнады. Ал 2022 жылғы 15 шілдеде «Манчестер Юнайтед» клубымен 3 жылға келісімшарт жасасты.
32 жастағы аяқ доп шебері Дания ұлттық құрамасының сапында 2010 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол 111 ойынға қатысып, 38 гол соққан.
Бірінші турда гол салмаса да, әлем аузынан түспеген бір футболшы бар. Швейцарияға қарсы матчтың 79-минутында ойынға араласқан мажар Мартин Адам дене-тұрқына бола әлеуметтік желіде көп талқыға түсті. Салмағы 100 келіден асатын Мартинді көпшілік футболшы емес, регбиші немесе ауыр атлет болуы мүмкін деп топшылады. Ал негізінде ол екі жыл бұрын Венгрия чемпионатындағы жалпы саны 32 ойынның 31-інде гол салып, үздік бомбардир атанған. 29 жастағы ойыншы бұған дейін Мажарстанның «Вашаш», «Пакш» және «Капошвары» клубтарында доп тепкен. Ал кейінгі екі жыл бойы оңтүстіккореялық «Ульсан Хендэ» командасының намысын қорғап жүр.
Германияда ойын соңынан кейін болған баспасөз конференциясында журналистердің «Өзіңіздің танымал болғаныңызды сезесіз бе?» деген сұрағына ол «Иә, көпшілік талқылап жатқанын естідім. Алайда мен осылай тудым. Дене бітімім осындай. Бұл – генетика», – деп жауап берді.
Германияға дәптерін көтеріп келген футболшы
Еуропа чемпионатындағы ең жас футболшы атанған 16 жастағы Ламин Ямальді де футбол жанкүйерлері жақын тартады. Алғашқы турдан-ақ негізгі құрам сапында алаңға шыққан жас өрен бірінші таймның аяқталуына аз уақыт қалған кезде командаласы Дани Карвахалға пас беріп, есепті еселеуге атсалысты. Сөйтіп, ол чемпионат тарихындағы ең жас ойыншы ғана емес, ең жас ассистент атағын және арқалады.
Былтыр сәуір айында 15 жасында «Барселона» клубының негізгі құрамына қабылданған Ламинге әлем жұрты таңғалған еді. Себебі әдетте ойыншылар мұндай жаста екінші қосалқы құрамда доп теуіп жүреді. Негізгі құрамға ауысу биік шыңға шыққанмен тең саналады. Алайда Ламин келісімшарт жасасқан бірнеше күннен кейін алаңға шығып, «Бетис» қақпасына гол салды. Сөйтіп, жас вингер Ла лигада доп тепкен «Барселона» сапындағы ең жас футболшы атанды.
Жуырда әлеуметтік желіде Ламиннің сабақ оқып отырған сәті таспаланған видео тарады. Кейін журналистерге берген сұхбатында ол Германияға оқулықтар мен дәптерлерін алып келгенін растады. «Мен мұнда үй тапсырмаларын алып келдім, өйткені әлі мектепте оқимын. Онлайн сабақтарға қатысамын. Мұғалімдер маған ашуланбайды деп сенемін», – дейді жас футболшы.
Алуан түрлі Албания құрамасы
Албания халқының саны 2,8 миллионнан асады. Ресми деректерге сүйенсек, 8,5 миллионға жуық этникалық албан өзге елдерде тұрады. Олардың басым бөлігі саяси және экономикалық тұрақсыздық себебінен Италия, Грекия, Косова, Түркия жән АҚШ елдеріне тұрақтаған. Тиісінше, Албания футбол федерациясы әлемнің әр бұрышында доп теуіп жүрген қандастарын іріктеп, Германияға 26 футболшыдан жасақталған ұлттық құраманы сақадай-сай етіп алып келді. Белгілі болғандай, командадағы 26 ойыншының 8-і ғана Албания аумағында дүниеге келген. Ал қалғандары мынадай елдердің тумалары:
Швейцария – 5 футболшы.
Косово – 3.
Солтүстік Македония – 3.
Германия – 2.
Грекия – 2.
Англия – 1.
Испания – 1.
Италия – 1.
Бір қызығы, құрама сапындағы 26 ойыншының барлығы Албания аумағынан тыс жерлерде ойнайды. Ең көбі Италия чемпионатында бақ сынап жүр – онда 10 албандық аяқ доп шебері өнер көрсетеді.