Қарағандыда үш автобусқа мінген 130 баланы апаттан құтқарып, ерлікпен қазақ тапқан полицейдің есімі ұлықталды
"Ол жүк көлігі автобусқа соғылмау үшін өзіміз мінген қызметтік автокөлікпен тосқауыл қойды"
16 жыл бұрын тасжолдағы апаттан аман қалған қарағандылық оқушылар батыл полицейдің ерлігіне құрмет білдіріп, құтқарушыларын еске алды, – деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2008 жылдың 20 мамырында 130 бала мінген үш автобус Астанадан Қарағандыға бет алған еді. Олардың қауіпсіздігі жол полициясының инспекторлары Қайрат Жұмабеков пен Дмитрий Пугачқа тапсырылған болатын.
– Барлығы қас қағым сәтте болды. Астана – Қарағанды тасжолында жүк көлігі алдында келе жатқан жеңіл көлікті басып озып, біз жетегімізге алып келе жатқан автобустарға қарай қарсы бағытқа шықты. Қайрат тез арада шешім қабылдап, жүк көлігі автобусқа соғылмау үшін өзіміз мінген қызметтік автокөлікпен тосқауыл қойды. Одан кейінгісі есімде жоқ. Мен жансақтау бөліміне түсіп, ол жерде төрт күн жаттым. Ол өзінің қызметіне адал беріліп, тапсырманы антына сәйкес соңына дейін орындады. Егер олай жасамағанда автобустағы балалар қаза табатын еді, – деп өткенді есіне алды Дмитрий Пугач.
Асыл азаматтың ерлігі жайында түсірілген бейнефильм қаладағы кинотеатрлардың бірінде көрсетілді. Оған Қайрат Жұмабековтің жары Назгүл, ұлы Ғалым, қызы Дилара қатысты. Тәртіп сақшысы құтқарған балалар сол кезде 10 жаста болса, бүгінде әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, отбасылы болды. Олар ағаларының ерлігін бір сәтке де ұмытқан емес. Мәселен, 27 жастағы Әсемгүл Абатова отбасымен Саран қаласында тұрады. Бүгінде “Қазтелерадиода” инженер болып қызмет атқарады. Екі баланың анасы. 2008 жылы 11 жаста болған ол арада 16 жыл өтсе де, сол қайғылы күнді әлі есінен шығармаған.
– Астананың көрікті жерлерін көріп, өзімді бақытты сезініп келе жаттым. Бірақ шаршағандықтан ба, ұйықтап кетіппін. Автобус кілт тоқтағанда алдыңғы орындыққа басымды соқтым. Бәріміз аң-таң болып қалдық. Сыртқа шыққанымда аударылып жатқан полиция қызметінің көлігін көрдім. Бұл қайғылы жағдайдан кейін біз өмірді бағалай бастадық. Жол-көлік оқиғасынан кейін әр жылдың 20-шы мамырында анам шелпек пісіріп, әкем құран оқиды. 16 жыл өтсе де, біз Қайрат ағаның ерлігін ұмытпаймыз. Мен әлі күнге дейін оның отбасымен араласамын, – деді Әсемгүл Абатова.