Адамдардың судағы қауіпсіздігі үшін патрульдеу шаралары күшейтіледі

Биыл ел бойынша суға түсуге арналған 708 орын белгіленген.

Адамдардың судағы қауіпсіздігі  үшін патрульдеу шаралары күшейтіледі
коллаж: Тurkystan.kz
374

Үкімет отырысында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Балаларға қатысты жұмыс күшейтіледі. Басты міндет – жүзу аумағындағы қауіпсіздік және ересектер тарапынан қадағалау.

Сонымен қатар суға кеткендердің едәуір бөлігі мас күйінде болғанын атап өткен жөн. Бұл болған жағдайдың шамамен 60%-ын құрайды. Демалушылардың ішімдік ішу проблемасына назар аударылды. Мәселен, ішкі істер органдарының бөлімшелеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, су жағасындағы демалыс орындарында ішімдік ішуге тыйым салу, әсіресе демалыс және мереке күндері патрульдеуді күшейту тапсырылды.

Сондай-ақ су көлігін дұрыс пайдалану мәселелері де талқыланды.

«Көлік министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп шағын көлемді кемелерді пайдаланылуды бақылау бойынша шаралар қабылдау тиіс. Адамдардың ақаулы кемелерге мініп, кейін қайғылы оқиғамен аяқталған жағдайлар аз емес. Бұл мәселеде қатаң бақылау қажет», — деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысының айтуынша, өңірлердің әкімдіктері ТЖМ-мен бірлесіп шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындарды патрульдеу жүргізу жұмыстарын күшейтуі тиіс. Жыл сайын су айдындарында суға кеткендердің үштен бірі – балалар.  

«Өткен аптаның өзінде елордада өзенді жүзіп өтемін деп, жасөспірім қаза тапты. Қызылордада Балаларды қорғау күнінде бірден екі бала суға кеткен. Түркістан облысында суару каналында екі бала көз жұмды. Каспий теңізінде қараусыз қалған екі жасар бала суға батып кетті», — деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов, өңірлердегі осындай оқиғалардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтіп, жазатайым оқиғалар туралы мәліметтер келтірді.

«Жүргізілетін патрульдеу санын көбейту қажет. Полиция және төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері балалардың су айдындарының маңында ересектердің қарауынсыз жүру фактілерінің жолын кесу керек», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Сонымен қатар жаңа қауіпсіз шомылу орындарын құру бойынша жұмысты жандандыру қажет. Үкімет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударуды Қызылорда, Жетісу, сондай-ақ демалыс орындарының саны 10-нан аспайтын Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне тапсырды. Биыл ел бойынша суға түсуге арналған 708 орын белгіленген.

Серіктес жаңалықтары