Оңайгүл Тұржан: Әдебиетті арман жетелейді

Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті:

Оңайгүл Тұржан: Әдебиетті арман жетелейді
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
1189

Жаңа ғасырда энциклопедиялық білімнің, яғни жан-жақтылықтың заманы өтті, енді әр сала бойынша ізденістер ғана жетістікке жеткізеді деген пікірлер айтыла бастаған, бірақ бәрібір бірнеше саланы игерген адамдардың қоғамға пайдалы іс тындыратыны дәлелденіп келе жатыр. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы жандардың бірі деп біз ақын, драматург, аудармашы һәм ғалым Оңайгүл Тұржанды айтар едік. Біз бірнеше жыр жинағының және пиар саласына қатысты оқулықтардың авторы Оңайгүл Ізтұрғанқызымен сұхбатымызда оның шығармашылығындағы жаңалықтар жайында және әдебиетке, ғылымға қатысты кейбір мәселелер жайлы әңгімелескен едік.

– Сіз халқымызға ақын болып та­ныл­ған адамсыз. Мамандығыңыз фи­ло­лог болса да, еңбек жолыңызды те­ле­ви­де­ниеде бастап, біраз сонда істедіңіз. Кейін газет-журналда, баспада еңбек ет­кеннен соң барып ғылымға бет бұр­дыңыз. Журналистика мен баспа, одан соң ғылым саласы еркін ойлы ақын адам­ның поэзиясына кедергі болмай ма екен?

– Ақындыққа білімсіздік қана кедергі болуы мүмкін. Менің ойымша, сөз өнерінің қай жанры да бір-бірін жатсынбайтын, бір адам­ның бойында бір-біріне көрші боп қона бе­ретін, абысын-ажын сияқты жанрлар. Оның үстіне біз кеңестік кезеңде аты ыраң­дап, адамы тыраңдап дейтіндей тоқыраудың тұ­сауын бастан кешкендерміз. Содан болар, тұсаудан босаған түйе құсап, Құдай Тағала берген еркіндікті кеме қылып кете бердік. Оның үстіне бұл салалардың адамға шабыт бере­тін, жаңа қиырларды іздететін, тыным тап­тырмайтын энергетикасы бар. Жан-жа­ғың­ды журналист боп тінткілеп, ғылымның есі­гінен сығалап, әр нәрсеге дүрбімен қарап, жү­гіре басып, жемісін тердік. Өлеңге ке­дер­гісі болды дей алмаймын. Мына алыс-жұлыс, күн­де өзгеріп, күнде басқа болып тұрған қо­ғамның ортасында жүріп, өлең жазу ғана емес, жалпы «шығармашылықпен айналысу» де­ген де ерліктің бір түрі. «Шығармашылық» де­ген тыныш жерде, тыныш қоғам мен жай­лы ортада, тылсымның даусына құлақ түру­ге мүмкін болатын жерде пайда болуға тиіс еді. Бірақ қазіргі шығармашылық та өз за­манының у-шуының ішінде жазыла беруге бой үйреткен сыңайлы. Күнделікті тір­ші­лік­тен, анау керек, мынау керек, жүгірістен ой-сана кейде ыбырсып жатады. Шашылып жат­қан бөлме сияқты. Шығармашылық кей­де солардан да идея табатын сияқты. Шудан ша­быт алатын, асығыстыққа айтақ қосатын сияқ­ты. Басқа амал жоқ. Уақыт кредитке бе­рілмейді, депозитке салып қоя алмайсың. Бая­ғы Альберт Эйнштейн айтыпты деген бір сөз бар ғой «өмір деген белесебет тепкен се­­­кіл­ді, құлап қалмас үшін үнемі қозғалып отыру керек» деген. Белесебет заманының адам­дарымыз, бізге ештеңе таң емес, тіпті еш­теңе кедергі де емес сияқты. 

– Шығармашылық жолында өзіңізге игі әсері болған ақындар туралы не ай­тар едіңіз? Сосын, ақындық қасиет ер, әйел деп бөлінбесе де, әрқайсысының қо­ғамда, отбасында өз жауапкершілігі, қыз­меті бар. Бұл орайда, өзіңіздің «Ас үй­де шәй-қазанмен бірге қайнап, әйе­л­дің өлең жазған түрі құрсын» дегеніңіз есі­мізге түседі...

– 8-сыныпта оқып жүргенде Толыбек де­ген ағай әдебиеттен сабақ берді. Сабақ үс­­­тінде Амангелді деген балаға батырлар жы­рын дауыстап оқытатын. Оның қоңыр ыр­ғақты дауысы еріксіз тыңдататын. Әде­биет­ке құштарлық сол кезден басталған бо­лар. Ал Төлегеннің сағыныш жырлары, Қа­сым ақынның «Арман не, құрбым» жыр­лары, Қадыр ақынның тылсымы, Фаризаның махаббат жырлары, Сырбай лириктің жібек орамалдай жырлары адамды оятпай қоя ма? Қайсы бірін айтайын. Біз соларға қарыз­дар­мыз. Ал ақындықты ер деп, әйел деп бөлу – Жаратқан Иеміздің әділдігіне шәк келтіру деп есептеймін. Ақын ба, ақын! Болды. Оның бас­қаша анықтауышы болуы тиіс емес. Ақын­дық деген ер, әйел деп бөліп қарай­тын­дай қара күш емес қой. Ол – ой-сананың кү­ші. Айырмашылығы – әйел адамның үстел басында отырып емес, ас үйде шәй-қазанмен бірге қайнап жүріп жазатыны. Мұның да өзін­ше «кайфы» бар. Шәйнектің ызыңымен, кран­нан аққан судың әуенімен, қазанның қай­нап жатқан толқын-тоқындарымен ке­ле­тін шабытты ер адамдар қайдан сезінсін? Кей­де өлең жазбай кететін де уақыттар да бо­лады. Құс кеткен жаққа қарайлап, «бұл қа­лай болды?» деп жүресің. Бірақ ол да бір өзін­дік антракт сияқты нәрсе. Біршама уа­қыт өткен соң, өзі-ақ келеді «мені жаз!» деп. 

– Ғылымға келуіңізге даланың дауыл­­пазы Махамбет ақынның 200 жыл­­дығы тұсында жазған мақа­лаңыз­дың себепші болғанын айтып жүрсіз. Ма­хамбет поэзиясы жайында моног­ра­фия жазып, ол туралы айтылған ой-пі­кір­лерді түгел сүзіп шықтыңыз. Енді ақын шығармашылығына қатысты бір сұ­рақ қояйын: Мұхтар Мағауиннің «Қо­быз сарыны» кітабында шығармалары талданатын ХV ғасырдың ақындарында жұрт «Махамбет сөзі» деп танитын жыр жолдарының жүруін қалай түсінеміз? 

– Мұны ұзағырақ түсіндіруге тура келеді. Ма­хамбетте қайталаулардың болуын бiреу­дi­кiн өз атынан айту емес, дәстүрдi сақтау­дың амалы деп қабылдауымыз керек. Алтын жiп­пен тiзбектегендей етiп ғасырларды бiр-бiрiне өнер арқылы байлау дәстүрi – кө­неден келе жатқан тәсiл. Ә.Марғұланның қа­зақ эпосы жылнамалық жазбалардан кем түс­пейді, жылнаманың орнына жүреді дегені бар еді. Махамбеттегі «Біздің анау Нарында, бір төбелер бар еді. Айналасы ат шаптырса жет­кісіз, ...жатып қалған тайлағы, жардай атан болған жер. Жабағылы тоқтысы, қой бо­лып, қора толған жер» деген шумақ Қаз­ту­ғанда да бар. Ал осы жолдардың Қаз­ту­ған­дікі екеніне де ешкiм кепiлдiк бере ал­май­ды. Осы шумақты мына өлеңмен де салыстырып кө­релiк: «Чылылардың аңғары, Инь тауының етегi. Жазық дала жазылып, Көкжиекке же­те­дi. Көк аспаны көмкерiп, Төрт құбыла най­­­­­қалған. Шалғынынан төрт түлiк, Көзге әрең байқалған». Бұл Қойшығара Салғараұлы құрастырған қытай, жапон тарих­шы­лары­ның ғылыми мақалалары топтастырылған «Та­ным тармақтары» деген кiтабындағы «Түрiк­тердiң шығу тегi туралы» деген мақа­ладан алынды. Мақаланың авторы – жа­пон­дық Ху Иәфу. Ол «Чылы өлеңiнің» ерте заман өлеңдерiнiң таңдамалы жинақтарына енгi­зi­лiп келе жатқан көне түрiк тiлiнде жа­зыл­ған өлең екенін, оны жеткізуші Алиу-дүн еке­нін, оның өзі қытай емес екенін және бұл өлең­нің VI ғасырдың басында оны Гау Хуән­нiң қосынындағы жауынгерлер айтып жүр­­­ге­нін жазыпты. Жапондық ғалым мұның қы­тайдың жетi буынды өлеңiнiң ендi жетi­лiп келе жатқан кезiндегi өлең екенін, «Ор­та­лық Азия мен Солтүстiк Азиядағы аз ұлт­тардың халық әндерiнiң қытай мә­де­ние­тiне тигiзген әсерiнің молдығына» баға бе­ре келіп, қытайдың 6-7 буынды өлеңдердің «сол­түстiк әнiнiң (солт. Азияның – О.Т.) фор­масымен тығыз байланыста болып отыр­ғаны да осыған айғақ» деп және «бар мә­селе – «Чылы өлеңiнiң» қытайшаға адал­дықпен аударылуында, түрiк халық әнiнiң қасиетiн сақтағанында» деп баға береді және «осы өлеңдi айтқан Хылүйжин екенiне, оның аты Алиу-дүннен өзгерiп келген түрiк­тiң аты екенiне, оның шыққан тегi Хылүйшi тайпасы биiк арбалы диңлиңдерге, яғни, чы­­­­лыға қарайтын түрiк тектес ұлт екенiне еш­қандай талас жоқ» деп осы кітаптың 169-171 беттерінде жазылған. Жапондық автор зер салған осы «Чылы өлеңiнiң» мазмұнына жә­­не буын санына қарасақ, Махамбет Қаз­туғаннан алды дейтiн жоғарыдағы өлең жол­­дарына келiп тұр. Әрине, өзгешелiк көп, бiр­ақ оның сол кездегi жұрт үшiн де ежелден келе жатқан өлең екенiне қарағанда, ол ел iшi­не кеңiнен тараған және бұл өлеңнiң о бас­тағы көне түркi тiлiнен көне қытай тiлiне ау­дарылып, одан бүгiнгi қытай тiлiне ауд­а­ры­лып, одан бүгiнгi қазақ тiлiне аударылып, яғ­ни, мың өлiп, мың тiрiлiп жеткенде, кеу­де­сiнде құр жаны ғана қалғанын ескеруiмiз ке­р­ек. Соның өзiнде де ол өзiнiң түпкi не­гi­зiн сақтап қалған және Махамбет Қаз­ту­ған­нан алды дейтiн өлең жолдарының сұлбасы «мен мұндалап» тұрған сияқты. Әрине, Қаз­ту­ған мен «Чылы өлеңiнiң» арасында мың жыл­дық жол жатыр. Ал Қазтуған мен Ма­хам­беттiң арасында төрт жүз жыл бар. Бұл мез­гiл iшiнде тiлдiң өзгерiске ұшырау қа­сиетi өз дегенiн жасайтыны да рас. Бiрақ ол адам танымастай халге жетуге тиiс емес. Біз ар­ғы қазақ поэзиясының қай дәуiрден бас­талып тұрғанын әлі нақты анықтай алған жоқ­пыз. Оны Қытай, Ресей, Түркия, тіпті жа­пон, корей архивтерінен әлі іздестіру ке­рек. Бұл қазіргі жас зерттеушiлердің еншiсi шығар, сiрә. 

– Кейінгі кезде Жәңгір ханның прог­рессивтік рөлін көтеру үшін Махамбет ақын­ның ұлт тарихындағы тұлғасын тө­мендеткісі келетін астарлы пікірлер кө­­­рініп қалады, бұған не дейсіз? 

– Өз заманында айналасындағыларды оқы­тып, мектеп ашып, қазақтың сауат­тануы­на алғаш жол ашқан Жәңгiр ханның қайраткерлігінің бағасы ендi берiле бастады. Бiз үшiн тарихымызда өткен қоғам қай­рат­кер­лерi де, күрескер ақындарымыз да қым­бат. Ал кезiнде олардың өз араларында нен­дей жағдайлар, нендей әңгiмелер болды, ол – тарихшылардың сыбағасы. Бірақ екеуі­нің де арғы ниеті – қазақты тәуелсіз халық ету болды. Екеуі де – прогрессивті тұлға болғандар. Жәңгір хан патшалық Ресейге ар­қа сүйемесек, басқаларға жем боламыз ба де­п қауіптенсе, Махамбет тәуелсіздікті кім­нен болса да, күреспен аламыз деді. Осы тұс­тан екеуінің пікірі екі айырылды. Ақын­ның тілі өткір, «қайғы мен ыза қысқан соң, зәр шығады тілімнен» деп Абай айтқандай, жа­ны күйгенде, Жәңгір ханға талай нәрсе айтты. Ал Жәңгір ханның немесе оның жақ­тастарының Махамбетке не айтқаны және не істегенін зерттей оқыған адамға А.Ря­за­нов­тың «Исатай Тайманов», Н.Савичевтің «Ис­а­тай Тайманов – старшина Внутренней Орды», Ә.Кекілбаевтың «Шандоз», Ә.Са­рай­дың «Исатай-Махамбет тарихы» кітап­та­рын­да бар. Ел болу жолында егескен тұлғалардың бірі­нің бағасын бірінен асыру үшін бірінен-бірін кемсіту тарихқа қиянат деп есептеймін. Біз олардың қасында тұрған жоқпыз, куәгері емес­піз. Қалай егессе де, олар – азаттық ту­ралы дүрбелеңді бастап бергендер. Етек елпі, жең селпі болып жүре беруге болмайтыны туралы ой тастағандар. Олардың бәсі қашан да жоғары. 

– Еліміздегі ең ірі білім ордасының бі­рінде ұстазсыз. Ұстаздың шәкірттеріне білім беріп, өнеге көрсетуі оңай емес, се­бебі бұл үздіксіз оқу – ізденуден тұра­тын үдеріске тәуелді ғұмыр. Универ­си­тет­те пиар және журналистикадан са­бақ берсеңіз де, бір бүйіріңізде әдебиет тұра­тыны даусыз. Демек, басқаны бы­лай қойғанда, ұлттық әдебиеттен сіз оқы­маған нәрсенің өзі аз шығар. Тәуел­сіздіктен бұрынғы және кейінгі қазақ поэ­зиясын салыстырсақ, қайсысында не жетпейді немесе бүгінгі – шынайы әдеби сынның үні шықпай жатқан дәуір ақындарында қандай кемшілік, же­тістік бар?

– Иә, бір бүйірде әдебиет тұратыны анық. Ол өзімізбен біте қайнасып кеткен әлем. Ал тәуелсіздіктен бұрынғы және кейін­гі қазақ поэзиясын салыстырсақ, қазіргі поэ­зияда, әсіресе жастар поэзиясында аза­мат­тық әуен азайып кеткен сияқты. Бірақ ол күн­дердің күнінде бәрібір келеді, ол да адам бойында азаматтық, отаншылдық сезімнің ба­сым бола бастаған кезінде жазылады. Жас­тық шақта ой-сананың іші толған махаббат се­зімі болады. Өйткені адам өмірге махаб­бат­пен келеді ғой. Соның әсері болар. Де­ген­мен әдебиетке, жалпы шығармашылыққа ақыл айтқан жүрмейді. Шығармашылық та әуе­лі еңбектеп, сосын тәй-тәй басып, соңын­да жүгіретін даму үрдісімен жүреді. Оны арман жетелейді. Арман – адамның қанаты, құс қанатымен бұрылады, адам да солай, ар­ман-қанатың не дейді, солай жүресің, со­лай бұрыласың, солай жазасың. 

– Сізді көп қырлы қаламгер деп та­ни­­мыз: ақындығыңызды, журна­лис­ті­гіңіз­ді айтпағанда, пиар саласына ар­нал­­ған «Имиджелогия» оқулығын жаз­дыңыз, музыка саласынан әжептәуір бі­лім­ді қажет ететін «Димаш» кітабын жаз­дыңыз. Осылардың бәрін бірдей өз дең­гейінде жасау үшін қандай ізденіс ке­рек? Әлде атақты Асқар Сүлейменовтің «Кем талант – мүмкіндігінше, шын та­лант – қалағанынша жазады» дегенінде көп жұрт түсіне бермейтін сыр бар ма?

– Қазір кез келген адамнан дамыған ел­дер қалай дамыды деп сұрасаңыз «эконо­ми­касы арқылы дамыды» дейді. Олай емес. Да­мығандар пиар арқылы дамыды, әлі де со­лай. Өйткені олар – өнім өндіруді ғана емес, соны өндіргеннен кейін оны қалай са­та­мыз дегенді ойланғандар. Біздің пиар ғы­лымымыз олардың 200 жылдан астам та­рихы бар пиар ғылымының қасында тәй-тәй басқан бала сияқты. Пиар ғылымының Эдуард Бернейс, Айви Ли, Сэм Блэк сияқты данышпандары америкалықтарды алға оз­дырды. Тобыр психологиясы туралы ілімді қол­данысқа енгізіп, зерттеп, әлемдік қоғам­дастықты өздеріне қаратып алды. Алдына мал сыймаған байлар өсіп шықты. Қазіргі мен дәріс оқып жүрген сала – осы. «PR тео­рия­сы мен практикасы» деген оқулығын жаз­дым. «Имиджелогия» – сол пиардың бір са­ласы, оның да оқулығын жаздым. Қазіргі сту­денттеріміз осы оқулықтармен оқып жа­тыр. Қол көмегіміз, ой көмегіміз қай жерге қа­жет болады, соны жасап жатырмыз. Кейде жүзжылдық уақыт ұтып алғандай арқайын жүретін кезіміз аз емес. Ал біле білсек, күн ұзақ сияқты болғанымен, өмір қысқа. Мына өмір­ге бір-бір миссия арқалап келдік қой. Бір­ақ жалқау болу миссиясымен келген еш­кім жоқ. Соны ескерсек болғаны да. 
Ал «Димаш» деген кітап жазуым – оның ән­шілігінен ерекше әсер алғандығымнан бо­лар. Ол әсерімді мақала етіп жазайын деп бас­таған едім, бірақ ол газет мақаласының кө­леміне сыймастай болды. Димаштың да­рынын көптен күткен жаңалығымыз десек бо­лады. Бұл дүниені жаңалықтар тазалайды ғой. Және сондай деңгейдегі жаңалыққа құш­тарлар оны баянды етеді. Баянды ететін се­бебі – бұл оның рухани байлығы. Бәрімізді өнер­дің ертеңіне ұмтылдырған Димаш аз уа­қыттың ішінде ән ғаламындағы өз ор­би­та­сына шықты! Біз – тыңдармандар да – жаңа бір орбитаға шыққандай болдық. Әлде, бұ­рынғы бір кезеңдерде сол орбитада болып па едік? Әйтеуір, бізге соншалықты жағымды! Бір философтың «Теңізге келгенде ғана ең­бекке құлшынам» деген сөзі бар еді. Та­би­ғат­тың дыбысы адамға жағымды ғой. Ди­маш­тың дауысында табиғилық тұнып тұр. Оның дауы­сы басқа! Әні бөлек! Шыңы бар, шыңы­рауы бар. Оның әнін тыңдағанда, тың­дар­манның өзі де шыңға шығып, шыңырауға тү­сіп көргендей әсер алады дер едім. Біз жүр­генімізден сүрінгені көп болған халық­пыз. Бұл – өнеріміздің тағдырына да қатыс­ты. Содан болар, бізде көп нәрсе ұмытылып қалған. Димаштың әншілігі көп нәрсені еске түсірді. Өнердің шыңына қалай өрмелеу ке­рек екенін еске түсірді. Өнер мен білім жо­лын­дағы «инемен құдық қазу» концепциясын тү­сіндірді. Ол ұмытылып қалуға жақындап тұрған кейбір әндерге жаңа тыныс берді. Кейбір әндеріміз өзінің нағыз айтушысын таба алмағандықтан немесе нағыз айтушысы баяғыда он сегізінші, әлде он тоғызыншы ға­­­сырда қайтыс болғандықтан, шыңырауға құ­лап бара жатыр еді. Өсімдіктердің тамыр­лары топырақтың астындағы қараңғылықта бір-бірімен жердің сөліне таласып, өздерінше «соғысып» жатады екен ғой. Дәл сол сияқты әуендер де жан дүниенің түпкірінде жарыққа шығудың амалын іздеп, адамның шабытты шақ­тарына таласып жататыны анық. Сар­қылмайтын шабыттың қайнар көзін ашқан Димаш өзінің ғажайып дауысымен талай әндерді іліп әкетті. Сөйтіп, сол әндер өзіне ға­на тән мінезбен, бар байлығымен өмір сү­ре бастады. Ортамызға келді. Тіпті, ежел­ден келе жатқан ескі әндер де Димаштың орындауында жаңа сымбатымен шыға кел­генде, мүлгіп тыңдап қалдық. Тек қазақ­тың ғана емес, итальян халқының әнін де, ағыл­шынның әнін де, қытайдың әнін де ол тек қана Димаштың стилімен айтып шықты. Ән де ұлт таңдамайды. Сағыныштың ұлт таңда­май­тыны сияқты. Дегенмен оның даусында қа­заққа ғана тән бояулар бар. Ән дегеніміз – тірі әлем. Олар да мәңгілік қозғалыстағы тау­­лар сияқты, мәңгілік тербелісте! Олардың өмір сүру даласы – әншінің көмекейі! Жә-
не – тыңдарманның жүрегі! Димаш туралы жазылған бұл кітапта мен оның әншілігінің мәні мен сәнін таразылауды мақсат еттім. Музыкатанушы ретінде емес, тыңдарман ре­тінде. 

– Кейінгі кезде сізді драматургия са­ласынан да көре бастадық. Өткен айдың ортасында Түркістан қаласының театрында «Қаламқас» атты поэмаңыз бойынша қойылған спектакль жұрт көңілінен шығып жатыр. Жалпы, бұл драмалық шығарманың түп қазығы жаугершілік заманда, эпостағы Қамбар батыр секілді бір ауылды аң аулап аш­тықтан құтқарған, бірақ жазатайым құз­дан құлап мерт болған батыр қыз Қаламқас образы екенінен хабарымыз бар. Шығарманың поэзиялық туынды ретінде өмірге келіп, сахнаға шыққанға дейінгі үдерісі туралы баяндап берсеңіз.

– Қаламқас Еселбайқызы 1750 жылдар ша­­­масында өмір сүрген, талай рет жауға да қар­сы күрескен, мергендігімен көзге түскен қыз. Ер-азаматтар жауға кеткенде, ауыл-ай­мақ­тың бар малын қарақшылар айдап кетіп, арада 2-3 ай уақыт өтсе де, ер-азаматтар кел­мей, ауыл-аймақ түгел аштыққа ұшырай­ды, қарттар өліп, балалар да шетіней бастай­ды. Сол кезде күндіз-түні тынбастан киік ау­лап, сол өңірді аштықтан құтқарған қыз. Бір­ақ киік қуып келе жатып, абайсызда құз­дан ұшып кетіп, 20 жасында мерт болған Қа­­­ламқастың ерлік ісі әлі күнге дейін сол өңір­де айтылады. Поэманы сахналаған Түр­кістан музыкалық драма театры өте сәтті шы­ғарды. 
Бұл қойылымның өзге дүниелерден бір ерек­шелігі – мұнда драма, поэтика, музыка, ани­мация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүм­кін­дігі пайдаланылып, ерекше стильде қойыл­ды. Осындай форматта қою туралы ұсы­ныс жасаған идея авторы – Түркістан му­зыкалық драма тетарының негізін қалаған бел­гілі сахнагер, танымал продюсер-режис­сер Айнұр Көпбасарова. Айнұр Сайлаубайқы­зы­ның бұл идеясы өте ұтымды шықты деп ойлаймын. Әрине, біраз қиындықтар болды. Өйткені сахнада киіктерді көрсету, адам мен аң арасындағы психологиялық, мистикалық жағдайларды барынша әсерлі жеткізу үшін біраз дайындық, шығармашылық ізденіс ке­рек болды. Сол дәуірдің тынысын жеткізу үшін тау мен тасты да, теңізді де, үдей соққан дауыл­ды да, жарықтандыру құралдарын қол­данып, түн мен күнді де, түнгі айды да об­раз­ға кіргізу қажет болды. Музыкасына да жаңа­ша талғам қажет болды. Киіктердің киі­мінің бояуының өзі біраз талас туғызды. Кос­тюмнің өзі сөйлеп тұру керек. Олардың өзін­дік психологиясы бар. Бояудың өз дра­ма­сы – өз алдына бір тақырып. Сахнада бір-бірін жұтып тұратын немесе бір-бірін теуіп тұратын түр-түстің шиеленісін үй­лес­тіру де шеберлікті талап етті. Оқиғалардың сөз­ден пластикаға, пластикадан анимацияға, анимациядан драмаға ауысып, қойқосақ түсіп тұрғаны керек болды. Әйтпесе, көрер­мен киік көрмеп пе немесе би көрмеп пе! Көр­генінің өзін көрмегендей әсермен жет­кізу­дің шым-шытырығын театр ұжымы жо­ға­ры деңгейде алып шықты. Мәскеуден бел­гілі хореограф, өнертанушы, режиссер Конс­тантин Семенов шақырылды. Басқа да көп­теген тәжірибелі маман атсалысты. Көр­кем­дік жетекші – Шынар Омарова, ком­по­зи­тор – Хамит Шанғалиев, театр директоры, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлім­хан Мырзахан және басқа да театр қыз­меткерлері мен Түркістан музыкалық драма теат­рының актерлері мен балет әртістері Аи­да Серікова мен Айя Дәрібаева, Шерхан Са­матұлы, Сакаи Мао, Мерей Құдайберген, Аи­да Жақсылықова, Гүлжанат Қаламғазина, Рүс­тем Шайхов, Асхат Тарих, Бекарыс Қа­рағұлов, Атабек Садырқұлов, Аслан Алиев, киік­тер образын сомдаған балет труппасын да ерекше айтар едім. 
Түркістан драма театрының ұжымы жаңа­шылдыққа ұмтылып жүрген, экс­пери­мент­тен қорықпайтын батылдығымен ерек­ше­ленеді дер едім. Қазіргі көрермен тек клас­­­сикалық үлгідегіні ғана емес, жаңаша сти­льді де көргісі келеді. Егер біз сахна қойы­лымдарын 1970-80-жылдардың үлгісімен ғана көрсете берсек, көрерменді жоғалтамыз. Қа­зіргі талғам сахнадан цифрлы дәуірдің құ­­­былмалылығы мен жалт-жұлт идеясын, алыс­тан орағытатын өткірліктерін, оқыстан ой туғызатын тосындығын іздейді. Жат­тан­ды сұрақтың жауыр болған жауаптарын емес, баба-заман мен бала-заманның айқұш-ұйқыш астарласуын көргісі келеді. Ежелгінің өксігі мен өкінішінен бүгінгінің уайымының арасындағы байланыстың тек сөзбен емес, көзді арбай көркемдеп, көшкен бұлттай жөң­кілтіп, сөгілген сеңдей соқтығыстырып көр­сетілгенін қалайды. Қазіргі көрермен шап­шаң ойлайды, жанары да жүйрік, жалт-жұлт­ты тез қағып алады, баяу қозғалысты місе тұтпайды, оқиғаны сенен бұрын ұғып, түйін­ді сенен бұрын түйіп тастап, бәрін жұтып алады. Күн астында баянды не бар, бәрі өзгереді. Біздің әрқайсымыздың адам ре­тіндегі сыртқы формамызды Құдай Тағала бір үлгімен жасап бергенімен, адамзат бір үл­гімен өмір сүре алмайды. Біз де бұрын­ғылар­дың талғамын татып-татып, мүжитін тағы не бар деп отырмай, өз талғамымыздың қа­зығын қаққандармыз. Ал театр жаңа­шыл­дық­ты бірден сезінер алаңға айналмаса, кө­рермен оны «қашан?» деп күтіп жүрмейді. Бір­ақ ол тақырыптың бәрі жаңаша болу ке­рек деген сөз емес. Тақырып ескі болғанымен, қойылым жаңаша болса, көрерменге сол ке­рек. Ескіден жаңалық іздейтін әдетіміз бая­ғыдан бар. Тарихи тұлғалар ескі заманнан бол­ғанымен, олардың ерлік жасау идеясы ес­кірмейді. Көрерменге идея керек. Сондай кө­рермендерге талас – қазіргі заманның хан-базары. Өйткені көрермен – театрдың пайғамбары. Көрермен бар ма, театр бар. 
Тақырыбы ескі сияқты болған Қаламқас сияқты белгілі де, белгісіз батырлар тарихи кезеңдерде еліміздің әр аймағында болғаны анық. Оның көпшілігі ел ішіндегі елеусіздеу естеліктер сияқты, жай бір аңыздар сияқты жү­руі мүмкін. Ал ойлап қарасақ, олардың бә­рі біздің ұлттық тарихымыздың бір-бір кір­піштері дер едім. Тарих дегеніміз тек ау­қамды, айтулы оқиғалардан құралмайды ғой. Ауқымды оқиғаларға негіз болып тұр­ған, себеп болған шағын ғана оқиғалардың та­лайы өткені анық. Біздің міндет – сол оқиғаларды жоғалтпай, көне көздерден сұрап біліп, ұлт тарихының парақтары ре­тін­де жинай беруіміз керек. Қазақ қыз­дары­ның ішінде тарихтан есімі белгілі Бөрте ха­ным, Бопай ханым, Ертіс, Тарбағатай өңі­рінде өткен Айбике, Қаратау жағынан шық­қан Ақбикеш, Ақтөбе маңында болған Айтолқын, күні кешегі Әлия мен Мәншүк, тағы да басқа батырлар өткен ғой. Бірақ бұл ті­зім тек осымен шектелмейтіні анық. Бұл тек осы уақытқа дейінгі тарихшы­лары­мыз­дың тауып бергендері ғана. Ізденіс жалғасуы ке­рек. Әр өңірдің талай Қаламқасы әлі ашыл­май жатыр. Айы біткен айында, күні біт­кен күнінде дегенге саймай, барымызды бағалайық. 
Ғаламшарда миллиардтаған планета бар дей­ді ғой. Көрінетіні бар, көрінбейтіні бар. Олар ғаламшардың өзіндік организмі. Сол сияқ­­ты көзге көрінетін, көрінбейтін мә­се­ле­лер біздің тіршіліктің өзіндік организмі. Біз соны кірлетпесек деп, сауықтырсақ деп өмір ке­шетіндерміз. Театрымен, поэзиясымен, ты­­­­нымсыз еңбегімен өмірді қайнатып та, жайнатып та бізге мұраға қалдырғандардың жо­лын жалғастыра алсақ – бар ниет сол ғана. 

– Әңгімеңізге рахмет, шығарма­шы­лы­­ғыңыз­ға табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары