«Балмұздақ алуға кеткен»: Алматы облысында бір үйдің екі қызы қаза тапты

14 жастағы Ақбота мен оның төрт жастағы сіңлісі Қазына кешкі уақытта жолдың арғы бетіне өтпекші болғанда, оларды қатты жылдамдықпен келе жатқан автокөлік қағып кеткен.

«Балмұздақ алуға кеткен»: Алматы облысында бір үйдің екі қызы қаза тапты
ktk.kz
15062

Алматы облысында дүкенге балмұздақ алуға кеткен бір үйдің екі қызын көлік қағып, мерт қылды, деп хабарлады turkystan.kz сайты КТК телеарнасына сітеме жасап.

14 жастағы Ақбота мен оның төрт жастағы сіңлісі Қазына кешкі уақытта жолдың арғы бетіне, жаяу жүргіншілерге тиесілі емес жерден өтпекші болған екен. Сол сәтте қатты жылдамдықпен келе жатқан «Мерседес» автокөлігі балаларды қағып кеткен. Екі қыз да оқиға орнында көз жұмған. Жол апаты болған жерде бағдаршам, жаяу жүргіншілер өткелі немесе жылдамдықты тежеу туралы ескерту белгісі жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, қыздар үйдің жанындағы дүкеннен балмұздақ алып, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпекші болған. Куәгерлер дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсеткенімен, қыздарды аман алып қала алмаған.

Тұрғындар екі қыз көз жұмған жердің қаладағы ең қауіпті жолдардың бірі екенін, осында жол көлік оқиғалары жиі тіркелетінін айтты. Олар түнде жүргізушілер жаяу жүргіншілерді көрмейтінін айтып, тас жолды жарықтандыруды, «Сергек» камераларын орнатуды талап етіп отыр.

«Негізі мына жерге бір жүргіншілер жолын салып қойған дұрыс деп ойлаймын. Біздің көшеде де, көптеген кішкентай балалар бар. Кеше ғана жүгіріп ойнап жүрген қыздар еді. Жанымыз ашиды. Ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз», – дейді көршісі Фариза Ерсалиева.

Балаларды қаққан көлік жүргізушісі осы ауылдың тұрғыны екен. 33 жастағы азамат бірден қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған.

«Апат салдарынан кәмелетке толмағандардың екеуі де оқиға орнында қайтыс болды. Автакөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды», – деді Алматы облысы ДП ресми өкілі Меруерт Морякова.

Айта кетейік, марқұм Ақбота мен Қазына бір үйдің кенжелері болған. Енді артында қара жамылып туған екі ағасы мен бір әпкесі, ата-анасы қалды. Отбасы тергеудің әділ өтуін талап етеді.

Серіктес жаңалықтары