Танымал әнші Сыртқы істер министрлігінің марапатына ие болды

Өнер иесіне марапатты министр Мұрат Нұртілеу табыстады.

Танымал әнші Сыртқы істер министрлігінің марапатына ие болды
Сыртқы істер министрлігі

Adam лақап атымен танымал әнші  Мирфарух Мирхидай «Ізгі ниет елшісі» марапатына ие болды.

Өнер иесіне марапатты Cыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу табыстады.

Министр өз алғы сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық негізіндегі көпвекторлы және сындарлы сыртқы саясатқа айқын балама жоқ екенін атап өтті.

«Бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайда, халықтық және мәдени-гуманитарлық дипломатияның алар орны бөлек. «Әлемдік сахналарда, ареналарда және конференцияларда Сіздердің жеңістеріңіз бен тамаша өнер көрсетулеріңіздің арқасында еліміздің көк туы әлемнің түкпір-түкпірінде көтеріліп, мемлекеттік әнұран салтанатты түрде шырқалады», – деп атап өтті ҚР СІМ басшысы.

Айта кетейік, бұл жобаға халықаралық қоғамдастықта Қазақстан туралы оң пікір қалыптастыруға зор үлесін қосып жүрген еліміздің қоғам қайраткерлері шақырылды.

Сондай-ақ  марапатталғандардың арасында скрипкашы-виртуоз, дирижер, Азия-Тынық мұхиты өңірі оркестрлері Альянсының директоры Марат Бисенғалиев; Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров; суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков; University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя; саясаттану ғылымының докторы және тарихи карталарды зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаров; Н. Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар Сазы» оркестрінің бас дирижері Динара Тілендиева; Adam лақап атымен әлемдік танымалдылыққа ие болған эстрада әншісі Мирхидай Мирфарух; әлем рекордын жаңартқан алып күш иесі және Гиннес кітабының рекордшысы Сергей Цырульников бар.

Сертификатта:  «Сіздің жаһандық қатынастарды жақсарту, мәдени алмасуды ілгерілету және өзара түсіністік көпірлерін құруға деген бейілділігіңіз Қазақстанның халықаралық аренадағы дипломатия мен бейбітшілік жайлы пайымымен толықтай үйлеседі» деп жазылған.