Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған

1 маусым – Балаларды қорғау күні

Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған
astana.qov.kz
692

Елімізде осыған дейін балалардың құқығын рет­тейтін 40-тан астам нор­ма­тивтік құжат қа­былданған екен. Былтыр Қазақстанда балаларға бері­летін жәрдемақыны алу жасын 12 айдан 18 айға дейін ұлғайтатын және аза­­маттардың әлеуметтік қорғалуын айтарлықтай жақсартатын Әлеуметтік ко­­­декс қабылданды. Үкімет 2025 жылға қарай АӘК алу критерийлерін ең тө­мен­­гі күнкөріс деңгейінен орташа табыс деңгейіне дейін өзгертуге міндеттелді. Осы шараның арқасында АӘК алуға құқылы ба­ла­лар саны артады.

Өткен жылы Президент «Ұлттық қор балаларға» бағ­дарламасын қа­­­­­­­­былдады. Нәтижесінде, балалар кә­ме­лет­­тік жасқа толғанға дейін олардың жи­­нақ шот­тарына жыл­дық инвести­ция­лық кіріс­тің 50 пайызы аударылып оты­ра­ды. Сон­дай-ақ былтыр 19,7 млн адамды қам­­ти­тын «Отба­сы­ның цифрлық кар­та­сы» ақ­паратты басқару жүйесі енгізілді. Атал­мыш жүйе отбасына мониторинг жүр­гі­зу­ді күшейтуге, әлеуметтік қорғауға қол­же­тімділікті жеңілдетуге және азамат­тар­ды өз құқықтары туралы белсенді ақ­па­рат­тандыруға ба­ғытталған. Сонымен қа­тар мемлекет Адам құқықтары мен заң үс­темдігі саласындағы 2024-2025 жыл­дар­ға арналған іс-қимыл жос­парын қабыл­да­ды, онда бала құқықтары басты назарда бо­лады. Аталмыш жоспарға балалардың құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесін реттеу, тұрмыстық зорлық-зом­­былықтан қорғау шараларын күшейту, медициналық меке­мелерден тыс жерде туған балаларды тіркеу туралы заң­наманы қайта қарау, балалар еңбегі мәселесін тал­дау, гендерлік тең­дікке септесу және инк­лю­зивті саясат тұжырымдамасын қа­б­ыл­дау кіреді.

Балаларды зорлық-зомбылықтан қор­ғау, суицидтің алдын алу және олардың құ­қықтары мен саламаттығын қамта­ма­сыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға ар­налған кешенді жоспар қабылданды. Он­да бала тәрбиесі, қорлаудың алдын алу, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі, мек­тептерде әлеуметтік-эмоциялық оқыту дағ­дыларын жетілдіру басымдыққа ие. 
1 маусым балаларды қорғау күніне орай газетіміз балалар құқығына қатысты сала мамандарына хабарласып, пікірін білген болатын.  

Жанна АСАНОВА, Сенат депутаты:

Адамның құқығын сақтау баланың құқығын қорғаудан басталады

– Соңғы жылдары қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың кө­бе­юі алаңдаушылық туғызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отыр­ған жағдай мен оның статистикалық көр­сеткіштері осы саладағы құқық­бұзу­шы­лықты оған белгіленген жазаның бұл­тартпастығын қамтамасыз ететін тиім­ді құқықтық база қалыптастыруды та­лап етті. Бұл мәселе Мемлекет басшы­сы­ның басты назарында болды. Өз Жол­дауы­нда өзекті мәселені көтеріп,  кә­ме­лет­ке толмағандарға жасалған зорлық-зом­былықтың кез келген түріне қатысты жазаны қатаңдатуды, зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көр­сетуге арналған бағдарлама әзірлеуді, бі­рың­ғай сенім телефонын ұйымдастыруды тапсырған болатын.  Президент өз сөзінде: Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мә­се­лесіне басымдық беруіміз қажет. Жа­сөс­пірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мә­селесімен мақсатты түрде айналысу ке­рек. Біз зорлық-зомбылықтан зардап шек­кен балалар мен олардың отбасын қор­ғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзір­леуіміз қажет, – деді. 
Мәжіліс талқылаған заң Сенатқа жет­кенде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі бойынша заң­ның қабылдануын қолдайтын 5 мың­нан астам өтініш түсті. Олар жеке аза­мат­тар­дың, қоғамдық және құқық қорғау ұйым­дарының атынан жазылған. Ауқым­ды іс-шаралар, талқылаулардан кейін заң­ды Сенат мақұлдап, зорлық-зомбылық­қа қарсы заң күшейіп, ендігі жерде ден­сау­лыққа қасақана ауыр зиян келтіру, ден­саулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып, бас бос­тандығынан айыру түріндегі жаза бел­гі­ленді. Бүгінде елімізде балалар мен жа­сөс­пірімдерге психологиялық көмек көр­сетуге арналған «111» және «150» нө­мірі бойынша сенім телефоны жұмыс істейді.
Жалпы алғанда, еліміздің Конститу­ция­сынан бастап, қабылданған әрбір заң мем­лекеттік отбасы саясатының құқық­тық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, сондай-ақ әйел­дердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олар­дың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қа­таң­датуға, отбасындағы зорлық-зомбылық­тың алдын алуға бағытталған. 
Жаңа заң тек ана мен баланы қор­ға­май­ды. Отбасында физикалық қысымға ұшы­раған қарттар, ер-азаматтар да бола­ды. Міне, олардың барлығы жәбірленуші­лер. Бұл зорлық-зомбылық жасайтын әр адам­ға қатысы бар заң.  Өркениетті қо­ғам­да бала құқығы басты назарда болуы керек. Еліміздің ертеңі де, өркені де – бү­гінгі ұрпақ. Сондықтан оларды қоғам бо­лып қорғау керек. Өйткені адамның құ­қы­ғын сақтау алдымен баланың құқығын сақ­таудан басталады.

Аягүл МИРАЗОВА, 
Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

Тәрбиесіз берілген білім құрдымға кетіреді

–  Қазір заман тез өзгеріп жатыр. Бұ­рын ата-ана, бала, мұғалім басқаша ойлап, әре­кет ететін, қазір мүлдем бөлек. Айыр­ма­шылық жер мен көктей. Біздің кезімізде мұ­ғалімнің міндеті білім беру болатын. Ал ата-ананың міндеті – баласын мектепке жіберу, сабақтан қалдырмау, тазалығын қа­дағалау, асырау болатын. Ал баланы үй­де әке-шешесі тәрбиелейтін, мұғалім мек­тепте жөн сілтейтін.  Бүгінде мұның бә­рі келмеске кетті. Қазір мұғалім мен ата-ананың ойы бір жерден шықпайды. Келеңсіз жағдай болса, көп ретте мұғалім жазықты болады. Араздасқан оқушыларды татуластыру мұғалімдерге тіпті қиын.  Мұндай жағдайда әр ата-ана өзінің күшін, «жеткен жерін» көрсеткісі келеді. Үлкендер тіл табыспаған жерде балалар қайдан тату бол­сын? Оларға қателіктерін айтып, бір-бірі­нен кешірім сұратудың орнына ата-ана­лар ер-тоқымын бауырына алып ту­лай­тын көрінеді. Мұғалімдер балалардың са­бақ үлгерімінде де осы мәселемен бет­пе-бет келеді екен. «Ата-ана артық сөй­лемесін» деген мұғалім олардың қала­ған бағасын қойып беріп, құлағын ты­ныш­тандырады. Яғни, білімге берілетін баға да әділетсіз. Өзім өмір бойы педагог болғанда көрген тәжірибемнен айтарым, баланың кемшілігін жасыру қателік. Жауыр­ды жаба тоқу жақсылыққа апар­май­ды. Баласының қателігін көрген ата-ана сол кемшілікпен жұмыс істеуі керек. Мі­не, осы жерде бала, ата-ана, ұстаз үш­та­ғаны бірлесіп, сол баланың болашақта жақ­­сы адам болып қалыптасуына үлес қо­сады. 
Біз білімге көңіл бөліп, тәрбиені екін­ші орынға ысырдық. Уақыт бұл механизмнің бізге қарсы жұмыс істейтінін көр­сетті. Тәрбиесіз берілген білім құрдым­ға кетіреді. Еліміздің әр өңірінде оқушы­лар арасында жаппай төбелесу етек алды. Бұ­рын балалар мұндай қатыгез болмай­тын. Бірді-екілі келеңсіздіктер «ауыл ара­сында» шешіліп жататын, әр мектеп тен­те­гін өзі түзеп алатын. Қазір енді осы қа­тыгездікті қолдан жасап отырғанымыз рас. Ұлттық құндылықтарға негізделген қа­зақы тәрбиемізді жоғалтып, бұл мә­се­леде көршілес елдерден қалыс қалдық. Ұтыл­ғанымызды енді ұғынып жатырмыз. Өзінің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білгендер көштен қалмайды екен. Олар жаһандану кезеңіне ұлттық болмысымен ілесіп бара жатыр. Біз жалаңаштанып қал­дық. Сондықтан жастар тәрбиесіне мы­ғым болуымыз керек. Әрине, бәрі бір­ден бола қалмайды. Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады. Уақыт керек, десе де бәрін мемлекетке ысырып қоя салмай, ұлт тәр­биесі мәселесінде әрбір ата-ана өз ба­ласына жауапкершілік алуы керек. Дені сау, өзінің құнды екенін білетін, пси­хи­ка­сы қалыпты, ата-ана мейірімі мен махаб­ба­тын сезініп өскен бала болашақта жақ­сы адам, сапалы маман болып қалып­тасады. 

Ақмаржан КӨШЕРБАЕВА, БҰҰ-ның UNFPA қорының Қазақстандағы құрметті елшісі:

Жаңа заң еліміздің әрбір азаматын қорғайды

– Ересектердің шамамен 75 пайызы отба­сын­да балалардың мінез-құлқын қа­да­ға­лап отыру үшін дене жазалауын қол­­дану­ды құптайды. 2-14 жас аралығындағы әр­бір екінші бала отбасында зорлықпен тәр­тіпке салу шараларына душар болады. Мектеп оқушыларының үштен екісі басқа оқу­шылар немесе мұғалімдер тарапынан зорлық-зомбылық көрсетуге немесе кем­сітуге шалдыққан немесе соның куәсі бол­ған. Бүл – Юнисеф-тің мәліметі.
Елімізде соңғы жылдары зорлық-зом­­бы­лыққа ұшыраған әйелдер мен балалар са­ны көбейді. Қиын жағдайға тап болғандар заңға жүгінгенмен, зор­лық­шылар айыппұлмен құтылып келді. Биыл заң қатаңдатылып, ұрып-соғу әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тар­ты­латын болды. Отбасындағы ұрыс-керіс ен­ді заң жүзінде шешіледі. Ерлер қауымы «Ен­ді елімізде ажырасу көбейеді» деп да­был қағып жатыр. Бұл заң әйелдер мен ба­ла­ларға ғана басымдық бермейді, ке­рі­сінше еліміздің әрбір азаматын зорлық-зом­былықтан қорғайды. Алайда осы заң қабылданар алдында, қабылданғаннан кейін де қоғамда ерлер мен әйелдер екіге бөлініп, осы тақырыпта ұзақ-сонар айтысқа көшті. Алайда балалар назардан тыс қалып жатқандай. Отбасындағы алауыз­дық, жанжал баланың психикасына қатты әсер етеді. Балалардың өзіне қол жұм­сауына қатысты зерттеу жасадық. «Өз-өзімді қалай өлтіремін?» деген сұрақ­ты Google-ға жазсаңыз, бірнеше нұсқаны ұсынады. Ал дамыған елдерде мұндай сұ­­раққа «Сенім телефонына хабарла­сыңыз», «Психологқа барыңыз» деген  по­­­­зитивті нұсқаларды ұсынады. Біз осы деңгейге жетуіміз керек. Біздің қоғамда бала ішіндегі ойын, сезімін, қорқынышын әке-шешесіне жеткізе алмайды. Әсіресе, ер-азаматтарымыз отбасы, бала тәр­бие­сіне араласа бермейді. Баласының қандай мек­тепте, нешінші сыныпта оқитынынан ха­барсыз. Баламен ашық әңгімелесіп, өзі­нің өткен өміріндегі тәжірибесін айтып отыр­са, бала да әкесінің сезімі, қорқы­ныш­тары болғанын түсініп, қабылдай бас­тайды. Сонда алдынан қиындық шық­са, өзіне қол салуды ойламайды, қорғаны, ақыл­шысы әкесі бар екенін біледі. Осы орай­да аналарға да бір кеңес айтқым ке­леді, әкенің отбасындағы жауапкер­ші­лігін мойныңызға артпаңыз. Әкенің рөлі тек бала-шағаны асырау емес, балала­ры­мен дұрыс қарым-қатынас орнату, олар­дың өміріндегі оқиғалардан хабардар болу, тәрбиесіне тікелей араласу. Сонда ба­ла да қоғамның  толыққанды мүшесі бо­лып өседі.

Эльвира ҚАСЫМ, психолог:

Психикасы қалыпты адам балаға зорлық көрсетпейді

– Маған кө­бі­несе жасөс­пі­рім баласы бар ата-аналар жиі келеді. Олардың ба­ла­лары­мен кикілжіңі көп, тіл табыса алмай жа­тады. Екінші топ – 3 жасқа дейін бал­а­сы бар аналар. Бұл топта баласын жазалап, ұрып қоятындар көп. Ал үшінші топқа ба­­ласы энурезден зардап шегетін, тыр­на­ғын тістейтін, шашын жұлатын себеп­тер­мен келеді. Біз баланы таяқпен тәрбиелеу деген әдеттен әлі арылған жоқпыз. «Біз де бала күнімізде таяқ жеп өскенбіз, содан жаман болдық па?» дейтіндер көп. Бұл – адамның өзінің психикасының қорға­ны­шы. Ол осылайша өзіне бір кездері жа­сал­ған физикалық зорлықты ақтап алып отыр. Осылай жанына түскен жараны қап­­тап қояды. Сондықтан өзі де сол зор­лық­ты қайталайды. Оны психоанализде агрес­сормен идентификация деп атайды. Жалпы, адам өзінің жанын зерттегенде ақ пен қараны ажырата бастайды. Терапия кезін­де адам өзін ұрғанын, сол кезде жаны ауыр­ғанын, өзін ешкімге керек емес сезін­ге­нін  қабылдап, оның өзіне ұнамағанын тү­сінеді. Сонда барып адамның қорғаныш ме­ханизмдері шешіледі. 
Баламен қарым-қатынаста оның се­зім­дерін, олардың түсініксіз іс-әрекеттерін ата-ана ретінде қабылдау үшін, тәжірибесі көптеу ересек адам ретінде баласына көңіл бөлу үшін адамға белгілі бір дәре­же­де психикасын сауықтыру керек. Тым құ­рығанда ата-аналарға арналған тре­нинг, семинарларға қатысып, баласының ерекшелігі туралы ойлануы керек. Бірақ осылардың ішіндегі ең тиімдісі – адамның өзінің жанына үңіліп, өзімен жұмыс істеуі. Психикасы қалыпты адам балаға зор­лық көрсетпейді. Жеке тәжірибемде ба­ласын ұрып келген аналар кейін бұл әре­кетін тияды. Бұл –үлкен жетістік. Осы мүм­кіндікті пайдаланып, ата-аналарға үндеу жасағым келеді. Бәлкім, сіз өз ата-анаңыздан көрмеген жақсы өмірді ба­лаңыз­дың көріп жатқанын, оны ешкім ұрмағанын бейсаналы түрде қызғанатын шығарсыз. Бейсаналы түрде іштей бала­мен бала болып жарысқыңыз келетін шы­­­ғар. Мұны, әрине, өзіңіз сезбейсіз. Бұл – са­на­ның емес, бейсананың әрекеті. Сондықтан өзіңіздің ересек екеніңізді сезініп, эмо­цио­налдық тұрғыдан қабылдап, баламен ата-ана ретінде қарым-қатынас жаса­ғыңыз келсе, психологпен жұмыс істеңіз. Қазір елімізде сауатты, білімді, тәжірибелі ма­мандар өте көп. Кәсіби маманмен жұ­мыс істеу бұл – балалардың өміріне жа­сал­ған үлкен инвестиция, жақсы тәрбие, сау қарым-қатынас. 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары