«Соңғы үкім» – күрделі көркемдік шындығымен ерекшеленетін туынды

«Соңғы үкім» – тарихи шындыққа адалдығымен қатар, күр­делі көркемдік шындығымен де ерек­шеленетін кинотуынды.

«Соңғы үкім» – күрделі көркемдік шындығымен ерекшеленетін туынды
701

«Соңғы үкім» фильмінде «қазақтың осы уақытқа дейін грамматикасы жоқ екен ғой» деп әлде таңданған, әлде мысқылдаған ұлты орыс тер­геу­шіге Ахмет ата­мыз араб тілінің грамматикасы орыс тілінің оқулығынан мың жыл бұрын жазылғанын ескертіп, «халықтардың тағдыры адам тағ­дырына ұқсас, әрқилы қалыптасады, бір ел білімге ерте жетігеді, енді бірі кешеуілдеп жетеді» деп жауап қайырады.  Меніңше, көркем туын­дының да тағдыры әртүрлі қалыптасады. Қайбір шығарма бірден көзге ілі­ніп, дабыраға шығады. Абай айтпай ма:  «Батырды айт­сам, ел шауып ал­ған талап, қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап, ән­шейін күн өткізер әңгімеге, тыңдар едің бір сөзін мыңға балап» деп. Ал енді тағ­дыры бөлек, сыртын ғана танымай, тереңіне бойлап, сырын ұғу үшін уа­қыт қажет ететін, оқырман мен көрерменнің ықылас-ыждағатына ға­на емес, парасатына да зәру бір шығармалар болады. Өзім көрген «Соң­ғы үкім» фильмі осы соңғылар қатарлы дүние деп білдім.

Кинотеатрдан шыққан соң ойлан­дым. Бұл фильмде не жоқ деп. Бұл фи­льмде әсіреқызыл жасандылық жоқ. Кө­рерменге қайтсем жағам, қайтсем елікті­рем деп тарих­қа, шындыққа қиянат жасау жоқ. «Қазағым-ай, елім-ай» деп өп-өтірік кү­ңіреніп, өп-өтірік ұрандап ошаңдаған не­­месе бөстекі көсемсіген кейіпкер жоқ. Тарих­та кеткен есемізді кинода болсын,  қай­тарып алайық деген түйтелікпен жат жұрт­­ты тұқырту жоқ. Шаш ал десе, бас алып, қит етсе, қазақты сүйреп апарып атып-асып жатқан патша жендеттерін де көр­мейсіз. Өйткені біреу білер, біреу білмес, XIX ғасырдың орта шенінен бастап, кеңес би­лігі орнаған уақытқа дейін Ресей импе­рия­сы өлім жазасына құлықсыз болды. Со­ғыс жағдайы енгізілген жердегі әскери-да­­лалық аталатын қатыгез соттар болмаса, бас­қа соттар да, құзыреті күшті генерал-гу­бер­­наторлар да өлім жазасына кесе алмай­тын. Ал көпшілік алдында жұрт­ты үркіту мақ­сатында көрінеу өлтіруге мүлде тыйым са­лынған болатын. Ки­нотеатрға бірге бар­ған туысым:  «Патшалық Ресейде православ ді­ніндегі әйелдің мұсыл­манға тұрмысқа шы­ғуы, дінін ауыстыруы қылмыс санал­ғанын білмеуші едім»  деген­ді айтты. «Несі таң, – дедім, – теократиялық елдерде қазір де солай. Сауд Арабия­сында немесе Иранда мұ­сылман қызы бөгде діндегі жігітке шық­сыншы, арғы жағы немен тынарын болжау да қорқынышты». Әлбетте, мұндай салтты дұрыс не­месе бұрыс деп баға беруден аулақ­пын. Бірақ конституцияға бағынған зайыр­лы мем­лекет емес, дін тәртібін ғана мойын­дай­тын елдің бәріне ортақ жағдай осы. 

Фильмді түсірушілер маңызды тари­хи фак­­тілерден тартып, ірілі-ұсақ­ты деталь­дер­ге дейін мұқият қарағаны бір­ден бай­қа­­­­лады. Яғни, тарихи драма өзі­нің шынайы та­рихилығымен, дерек­тілі­гімен ерекше­ле­ніп тұр. 
Бәлкім, сол себепті болар, жекелеген сын­­­­шылар «Соңғы үкім» көркем фильмнен гөрі деректі фильмге ұқсайды, деректі оқиға тіз­бегі сияқты деп жатыр. Құдай бар-ды, өз ба­сым тарихи шығарманы деректілігі үшін кінәлағанды бірінші рет көріп отырмын. Егер тарихи туынды, мейлі, ол көркем әде­биет болсын, мейлі, ол спектакль, кино бол­сын, тарихи негізден  алыс жатса, дәйек­сіз болса, онда оның қай жері тарихи, қай жері шындық? Әдетте, басқаша болушы еді, тари­хилығы төмен, шындыққа қайшы деп сы­наушы еді. Кім біледі, бұл да қазіргі күл­дібадам, алас-күлес танымның бір нышаны болар? Әлде, біздің жұртқа шынайы тарих керек болмай қалды ма? 
Бірақ менің пайымымда, «Соңғы үкім» – тарихи шындыққа адалдығымен қатар, күр­делі көркемдік шындығымен де ерек­шеленетін кинотуынды. Маған кино­шы­ғар­маның кейде алға, кейде артқа шегініп, хро­нологиялық желіні психологиялық-ас­со­циативті ағысқа тәуелдеген ерекше құ­ры­лымы ұнады. Басталған бетте қара түнді тіл­­гілеп келе жатқан машина жарығы бір­ден жүрегіңді  жұлқып әкетеді. Ақаңды бас­қа да бейбақыттармен бірге өлімге айдап ба­ра жатқан көрініс санаңды жаншып жі­береді. Асығып-үсігіп жаныққан, әбігер үс­тін­дегі ажал мергендері үшін Алаш ардағы Ахмет Байтұрсыновтың еш қадірі жоқтығы, аз уақыттан соң кеудесін қорғасын тал­қан­дап, ол аз болса, желкесін және оқ тесіп, құ­пия мола, атаусыз орға құлайтын елеусіз көп­тің бірі ғана екені – ауыр да болса ақи­қат.

 
А.Байтұрсынов өмірінің сегіз кезеңін ар­қау еткен фильмнің бүкіл оқиғасы кейіп­кер­дің абақты табалдырығынан аттап шы­ғып, ажал көлігіне мінген сәті мен межелі жер­ге жетіп, ажал қақпасынан аттайтын сә­ті­нің арасында өтеді. Басқаша айтқанда, екі сұмдық нүкте, керез жағалау арасындағы ес­теліктер көпірі іспетті. Фильмнің қай сах­насын көріп отырсам да, – мейлі, ол Бад­­­рисафасымен танысатын өмір қуа­ны­шына толы мезет пе, мейлі, «Қазақ» газетінің тұң­ғыш нөмірін қолына ұстап, мейірленіп тұ­ратын кезі ме, мейлі, қанша қажыса да, тер­геушінің қысасына сынбай, кісілік қал­пын сақтап, сабырмен жауап беріп оты­ра­тын тұсы ма, –  бәрібір,  фильм басталғанда түр­ме қақпасынан шығып кететін, жер бе­тіндегі соңғы сапарына әкетіп бара жатқан өлім керуені есімнен бір шықпады. Көңілдің ас­тан-кестенін шығарған осы ақтық нүкте, ақырғы ақиқат драмадағы әр эпизодқа бас­қаша қаратады, басқаша қабылдатады.
Әділетіне жүгінсек, бір қарағанда, қым-қиғаш, жүйесіз оқиғалардың бір-бірімен іл­мектесер өз қисыны, өз шындығы барын бай­қау қиын емес. Әр сахнадан асқан сайын Ах­мет бейнесінің жаңа бір қырын танып, тағ­дырының терең сырын түйсіне түсесің. «Мен романымның әр тұсына бір жіптің ұшы­ғын тастаймын, сол жіптің ұшығы бас­қа бір тұста жалғасып жатады»  дейді Дик­кенс. Дәл сондай принципті екі бірдей Өл­мес­ханнан аңдадық. Екеуі де – Ахмет өмі­рінде кездейсоқ ұшырасатын «жіп». Екі бө­лек тағдыр, бірі қапыда мерт болады, екін­шісі ажалдың нақ аранынан аман сы­тылып шығады. Осы екеуінде не сыр бар? Ойлы адамға «Соңғы үкім» ұсынатын бір жұм­бақ – осы. Жандарм офицері, ақсүйек кейіп­ті жас жігіт Левановскийдің кейін Архангель қаласында можан-топай есепші кебінде кездесуінде қандай мән бар?


Ақыры, жұмбақ деп қалдық, ендеше, фи­льмнің ұзына бойында шытырман шидің ара­сында адасып жүретін сәбидің, бір түп ши­дің ығында жатқан киік лағының, қос па­насызды аңдыған қасқырдың не сыры бар? Сол сәби ажал алаңына қалай тап бола­ды?
Ары-беріден соң жандармерия тер­геу­шісі отырған кабинеттің терезе жақтауына айналып келе беретін қарға мен абақтыдағы тышқан да кездейсоқтық еместей көрінді. 
Айта берсек, алысқа кетеміз. Бірақ айт­пас­қа болмайтын жағдай  –«Соңғы үкімнің» кейіп­керлері. Ахмет бейнесіндегі Азамат Са­тыбалды шынымен-ақ биік деңгейге шық­­қаны байқалып-ақ тұр. Артық сөз, ар­тық қимыл жоқ.  Бұл баяғы бір заманда ғайып­қа сіңген алғашқы қазақ зиялысына тән дегдар, сыпа келбет, мінезге айналып кет­кен бекзат әдет, қандай да бір өзгерістің қыл­пуын көзбен қағып, көкейінде шөккен ауыр мұңды жанармен ұқтыратын сұң­ғы­лалық. Көз қарықтырып, оқ атылды, Ақаң­ды өзінің бала рухы жетектеп алып барады. Сол сәттегі актердің көзіне тұнған тұңғиық шер­ді ойын деп те, шеберлік деп те айту ұш­қарылық болар еді. Бұл анда-санда бір ұшы­расатын, адамның түп санасынан лық­сып сыртқа тебетін, актерді кейіпкерімен тұтастырып жіберетін сирек құбылыс. 
Бадрисафа  – қазіргі ұлттық кинодағы өз­геше кейіпкер. Өз сұлулығын білетін бұла ару­дан бар тағдырын сүйген адамының жо­лына байлаған дертті, мұңды кейуанаға ай­налуы соншама табиғи, соншама сенімді. 


Жалпы, актерлердің қайсысы болса да сәтті таңдалған. Жайдарылығы да, қасарысса, қарыса қалар қайсарлығы да, аға­ға құрметі де аңдалып тұрар Міржақып, сұс­ты, өзгеден десі басым Әлихан, әрқай­сы­сы әр бөлек құлық, әр алуан кейіптегі, үш бас­қа өрістегі, бірақ түптеп келгенде үшеуі де тозақ отынан жаратылғандай үш тер­геу­ш­і, басқа да толып жатқан кейіпкерлер на­­нымды шығыпты. Соның ішінде фи­льм­дегі тағы бір бейнені атамасқа болмайды. Ол – Тимофей Седельников бейнесі. Алаш қай­раткерлерімен ежелден жахаттас әді­лет­шіл, сондықтан да атажұртында жүріп же­рінен айрылған қазақ елінің кісілік хақын қо­лынан келгенше қорғаған, сол үшін өз ор­тасынан қағажу көрген адам. Тарихта бол­ған осы қайраткердің бейнесі алғаш рет «Соң­ғы үкімде» көрінді. 
Бұл туындының тағы бір айрықша бел­гісі – тамаша табиғат суреттері мен фи­льм ауанына үйлесіп, келісіп тұрған музы­ка­лық сүйемел дер едім. Ең әуелі мұнда дала образы бар. Әбден көз таныс болған көн­тақы көріністерге ұқсамайтын сурет бар. Қар­қаралы – Семей жолындағы алыста аласа жоталар мұнартқан шалғынды, кер дала, қоңырқай кейіптегі кең дүние Торғай даласы, финалда Ахмет кешіп келе жатқан көделі сары жазық – жадыңда жатталып қалар ыстық бейнелер. Ал жойқын ағысты көкжайқын алып дарияны қайдан түсірсе де, киноға өзгеше өң кіргізіп тұр. Осының бәріне күңіренген, кең тынысты музыка қосылғанда, қиялыңа қанат біткендей күй кешесің. 
«Соңғы үкімді» көріп шығып, білген-түйгеніміз осы. Жолы жарық, тағдырлы, та­лайлы туынды болсын деп тілейміз. 

Нұрлан АСҚАРОВ,
филология ғылымдарының кандидаты

 

Серіктес жаңалықтары