Шетел мультфильмін көрген балалардың тілі не орыс, не ағылшынша шығып жатыр – депутат отандық анимациядағы мәселелерді көтерді

Депутаттың сөзінше, отандық анимация саласы тұралап тұр.

Шетел мультфильмін көрген балалардың тілі не орыс, не ағылшынша шығып жатыр – депутат отандық анимациядағы мәселелерді көтерді
сурет: parlam.kz

Жеткіншек ұрпақты ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарына сәйкес тәрбиелеу тетігі – отандық анимацияны дамыту. Осылай деп ой тастаған «AMANAT» депутаты Данабек Исабеков Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

Бүгінде, қазақы ауылда туып, танымы қалыптасып келе жатқан жасөспірімдердің тілі орыс немесе ағылшын тілінде шығуда. Бұған әсер ететін фактор көп. Оның ішіндегі ең негізгісі YouTube пен TikTok-тың ықпалы зор. АҚШ, Германия, Франция, Англия, Жапония және Қытай анимация саласына стратегиялық маңыз беріп, миллиондап, тіпті миллиардтап қаржы құяды, – деді депутат.

Шығыс Азия елдері – Корея, Жапония мен Қытай анимациясы ұлттық сипатта дамыса, Еуропа мен АҚШ-та коммерциялық бағытта бизнестің бір құралына айналғанын айтқан ол көрші Ресей Федерациясы балаларға арналған анимациялы фильмдерді идеология құралы ретінде пайдаланып отырғанын алға тартты.

Оның айқын мысалы, 2020 жылы Мәскеу билігі мультимедиа саласын субсидиялауға 300 миллион рубль бөліп, анимациясының саны мен сапасын арттыруға мән берді. Соның әсерінен болар, Ресей 2010 жылы 25 мың минутқа жететін мультфильм шығарса, 2020 жылы 55 мың минуттан асырды. Ресей жылына 200 сағат анимациялық өнім ұсынса, Қытай 3 мың сағат эфир дайындайды. Ресми Пекин анимация саласына ерекше екпін беріп, өздері өндірген анимациясының уақытын 300 мың минутқа жеткізіп, әлемде бірінші орынға шықты, – деді Данабек Исабеков.

Біздің балалар жат ел идеологиясының құрбанына айналып, өзінің ұлттық болмысына жат, санасына сай келмейтін өнімдерді тұтынуда. Өйткені біздің ел анимация саласында мақтана алмайды.

– Қазір жасөспірімдер шетел анимациясын өзінің төл туындысындай тұтынып, қалың қазақ отырған ауылдағы бесік балаларының тілі не орыс, не ағылшын тілінде шығуда. Өйткені отандық анимация­да тың ой, жаңашыл жаңалық жеткізуі жағы кемшін. Бұрынғы сүрлеумен жүріп, күрделі, философиялы туындылар ұсынады. Балалар мұндай туындыны қабылдай алмайды әрі қызықпайды. AMANAT Фракциясы жеткіншек ұрпақтың рухани бет-әлпеті мемлекет болашағының тамыры деп біледі! Отандық анимация саласына жаңа серпін беру қажет, – деді депутат.

Ол үшін депутат мынадай нақты қадамдар жасауды ұсынды:

Үкімет ұлттық анимация өнімдерін субсидиялау көлемін арттыруы керек.

Елдегі мультипликатор маманын даярлайтын оқу орындары 2D анимациясы бойынша білім берумен шектелмей, 3D форматты игеруге басымдық беруі міндет. Кәсіби сценарист пен талантты суретшілер және IT мамандар бірлесе жұмыс істеп, сапалы анимациялық өнімдер дайындауды жолға қою маңызды.

Қазір балалар тез қозғалатын, ары кетсе 10-15 секундта созылатын, өзінің дүниетанымы мен көзқарасына сай келетін, бояуы қанық дүниелерге қызығады. Ендеше, жасөспірімдердің таным-түсінігіне сай қысқа метражды анимация өнімдерін көбейту маңызды.

Анимация саласын заманауи талаптарға сай дамыту үшін IT мамандарды тарта отырып, идеологтар мен психологтар, керек болған жағдайда, педагогтарды тартуды ойластыру өзекті.

Онсыз әлем алпауыты Disney сынды сапалы өнімдер түсіру мүмкін емес.

Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірігіп, отандық анимацияны дамытуда концепция дайындауы маңызды.