Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерге баспана беріліп жатыр

Су тасқынының сал­дарынан өңірде 4 600 тұрғын үй апаттан зардап шекті. Бүгінде 1 мың­нан астам үй мен саяжай тек­се­ріліп, оның 641-і жөндеуге жат­пай­тыны анықталды.

Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерге баспана беріліп жатыр
сурет: turkystan.kz / автордың жеке мұрағатынан
1119

Олар – BI Group холдингі, «Верный Капитал» және «Казх­ром» трансұлттық компаниясы» (ERG компаниялар тобы)  ак­­цио­нерлік қоғамы. Аталған компаниялар облыста су тас­қынынан зар­дап шеккендерге үй салуға және сатып алуға ша­­­мамен 28 мил­лиард теңге қарастырып отыр.  

Шығын: 4 600 тұрғын үй, 136 шақырым жол, 15 көпір және 23 әлеуметтік нысан

Көктемгі тасқынға байланыс­ты Ақтөбе қаласы мен об­лыс­­тың алты ауданында (Мұғалжар, Те­мір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би, Ыр­ғыз) жергілікті деңгейдегі табиғи си­патқа ие төтенше жағдай жа­рия­ланғаны белгілі. Су тасқынының сал­дарынан өңірде 4 600 тұрғын үй апаттан зардап шекті. Бүгінде 1 мың­нан астам үй мен саяжай тек­се­ріліп, оның 641-і жөндеуге жат­пай­тыны анықталды. 
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қа­зір өңірде жағдай тұрақ­тан­ды, өзендердегі су деңгейі төмендеп ке­леді. Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудан­да­рын­да және Ақтөбеде жергілікті дең­гейде төтенше режимі әлі де сақ­талуда.
Бүгінде аталған аймақтарда тас­қынның салдарын жою жұмыс­тары қарқынды жүргізіліп жатыр. 
Жақында Ақтөбеге арнайы іс­са­пар­мен келген вице-премьер Қанат Бо­зымбаев тасқын салдарын өз көзі­мен көрген еді. Ол аймақта су тас­қы­нынан келтірілген залалды жою үшін жергілікті бюджеттен 7,8 млрд тең­ге қарастырылғанын айтып: «Алай­да тұрғын үй қорынан басқа 136 шақырым жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды қалпына кел­тіруіміз қажет. Елімізге белгілі ірі кә­сіпкерлер көмек қолын созды. Біз Ақтөбе облысына үш компанияны бекітеміз. BI Group, «Верный Капи­тал» және «Қазхром» компаниялары бұл өңірге тұрғын үй салуға, сатып алу­ға және инфрақұрылымды қал­пына келтіруге шамамен 28 мил­лиард теңге бағыттайды. Тұрғын үй салу үшін әкімдік 26 мердігерді анық­тады, қазір 63 үйдің құ­рылысы жүріп жатыр», – деді. 
Бұл орайда баспанасыз қалған­дар үшін «Қазақстан халқы­на» қорынан да қаражат қарасты­ры­лып жатыр. Әзірге қордан бөлінетін қаржының көлемі – 1,5 млрд теңге. Бұл қаражатқа Ырғыз ауданында 54 үй салынатын болады. 

Қырық үйдің құрылысы

Бүгінде BI Group холдингі Әй­теке би және Мұғалжар ауданда­рын­да 40-қа жуық үй салуға кірісті. Сон­­дай-ақ компания Ақтөбе қала­сын­­да баспанасыз қалғандарға 34 пә­­тер сатып алады. Жұмысты та­мыз­­дың ортасында аяқтау жоспар­ла­нуда. Бұл мақсатқа компания 2 млрд теңге қарастырып отыр. 

– Су тасқыны кезінде апатқа қар­сы күреске барлығы 5 миллиард тең­ге бөлдік, оның 2 миллиарды Ақ­төбе облысына бағытталады, – де­ді BI Group холдингі директорлар кеңе­сінің төрағасы Айдын Рахым­баев.

Оның айтуынша, қазір аталған ком­пания мамандарының Ақтөбе об­лысында жұмыс істеп жатқанына үш аптайдай уақыт болған. 

– Ақтөбеге бөлінген қаражат тас­қыннан зардап шеккендерге үй алу, баспана салуға ғана көзделді, – деді ол. 

13 отбасының қуанышы

Ал Қобда ауданында қосымша 150 тұрғын үй салуға, сондай-ақ Ақ­­төбе қаласында және облыс ау­дан­­дарында 269 пәтер мен үй сатып алуға «Верный Капитал» ком­па­ния­сы­ның негізін қалаушы Болат Өте­мұратовтың жеке қоры демеушілік етпек. 

– Жалпы, компания тарапынан Ақтөбе облысына 11,5 миллиард тең­ге бөлінеді. Өткен аптада Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылында жаңа үйлер сатып алына бастады. Алғашқы бес үй зардап шеккендерге бе­рілді. Тағы 15 үйді тапсыру жос­пар­лануда. Қобда ауылында құры­лыс компанияларының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Біздегі жос­пар – аталған ауданда су тасқы­ны­нан зардап шеккендер үшін 150 үй­дің құрылысын қаржыландыру. Со­нымен қатар су тасқынынан зар­дап шеккендер үшін Ақтөбе қала­сын­да дайын үй сатып алу мәселесі де қарастырылып жатыр, – деді бас­­қарма төрағасы Дәурен Өте­мұра­тов.

Әйтеке би ауданында еріген судан үйлері апатты жағ­дай­да қалған тағы 8 отбасы жақында бас­пананы өздері таңдап алды. 

– Осыдан екі апта бұрын біз «Бо­­лат Өтемұратов қорының» қол­дауы­мен бес тұр­ғын­ға жаңа үй са­тып алып бер­ген бол­сақ, бүгінде міне, Ақтө­бе қа­ла­сы­на ке­ліп, та­­ғы да се­гіз отба­сы­­на үй са­тып алып бер­­дік. Ен­ді ке­лесі ап­та­да та­ғы да же­ті-сегіз от­ба­­­сы­ның құ­­­жат­та­рын то­­лық дайын­дап бол­­­ғаннан кейін, са­тып алу рәсімі жүргізіледі. Мұ­­ны­мен дайын бас­па­на сатып ал­ғы­сы ке­летіндердің мә­се­лесі шеші­ле­ді, ал қал­ған жер­лес­те­рі­мізге жаңадан үй са­тып аламыз, – дейді Әйтеке би ау­да­нының әкімі Дәуле­тияр Тоғыз­баев. 

Оның айтуынша, аудан бойын­ша 150-ге жуық арыз түскен. Су тас­­қынынан зардап шеккен аза­мат­тардың өтініші негізінде құрылған ко­миссия әр үйге техникалық ба­қылау жүргізген. Комиссия шеші­мі­мен 48 үй жарамсыз деп танылған. Со­ның ішінде 21 отбасы екінші на­рықтағы, яғни дайын пәтерлерді са­тып алуға ынталы екенін жет­кізіп­ті. Ал қалған отбасы үшін жаңа бас­­­­­пана салынатын болады. Аудан әкімі қазір тұрғын үйлерді салу жұ­мыс­тары басталғанын айтты. Бұл орай­да үш құрылыс компаниясы іс­ке кіріскен. Мердігер компаниялар ал­дағы үш айда барлық құрылыс жұ­мыстарын аяқтауға тиіс.
Ауданда тасқыннан зардап шек­кендердің бірі – Венера Алихованың отбасы. Бұл отбасы Әйтеке би ауда­ны­ның Темірбек Жүргенов ауы­лын­да тұрады. Венераның айтуынша, 29 наурыз күні үйін таңғы сағат 4-те су бас­қан. Сөйтіп отбасы мүшелері де­реу қауіпсіз жерге эвакуацияланады. Кейін ол материалдық шығынды өтеу туралы комиссияға өтініш қал­дырып, дайын үй сатып алуға ниет біл­діреді. Бағалаушы компания оның таңдаған үйін тексеріп, оң қоры­тынды берген. Бүгінде жалпы ауданы 110 шаршы метр болатын тұр­ғын үй аудан орталығында орна­ласқан. Ве­нера үйінің жайлы әрі қауіпсіз еке­­­­­нін ай­та­­ды. Қазір ол тез ара­­да бас­па­­­на­лы бол­­­уы­­на жәр­­­демдес­кен «Болат Өте­мұра­тов қоры» мен жер­гі­лік­­ті билік­ке риза­шы­лы­ғын біл­ді­ріп отыр. 

ERG-дің еріктілері

Ал «Қазхром» трансұлттық ком­па­ниясының бас директоры Сергей Про­копьев ERG компаниялар то­бы­на қарасты барлық кәсіпорын тас­қыннан зардап шеккендерге жә­не су тасқынының салдарын жою­ға қолдау танытып жатқанын ай­тады. 

– ERG компаниялар тобының бар­лық кәсіпорны су тасқы­ны­ның салдарын жою үшін қолдан кел­генше көмек көрсетеді. Ком­па­ния­лар тобының акционерлері қал­пына келтіру жұмыстарына ша­мамен 40 мил­лиард теңге бөлді. Ақ­төбе об­лы­сында біздің ком­па­ния­лар төтенше жағдайдың алғашқы күн­­дерінен бас­тап жергілікті ат­қару­­шы орган­дар­мен белсенді қыз­мет етуде. Біз тех­ника беріп жа­тыр­мыз, сонымен қа­тар біздің еріктілер қоз­ғалысы да бел­сенді көмектесіп жа­тыр, – дейді Сер­гей Прокопьев.

Сарыобаның жері зерттеледі

Төтенше режим жарияланған Ырғыз ауданында су тас­қы­нынан зардап шеккендер үшін үй салу жұмыстары жақын күндері бас­талады. Қазір аталған ау­данда то­пан су астында қалған 152 үй жарам­сыз деп танылды. Ау­дан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің ай­туынша, 8 отбасы дайын үйді алу­ға, ал қы­рық­­тан астам отбасы Ыр­ғыз ауы­лын­да салынатын үйге қоныстануға өті­ніш білдірген. Нұра ауылы тұр­ғындарының басым бөлігі Сарыоба дейтін жерге көшуге, сонда тұр­ғын үйдің салынуына қарсы емес. Деген­мен Сарыобаның жерін, оның ке­ле­шегін зерттеу үшін ма­ман­дар жі­берілмек. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жақында тас­қын­нан зардап шеккен ырғыз­дық­тармен кездескенде: «Қаржы мә­се­ле­сі ше­шілді десек болады. Еліміздегі үш компания Ақтөбе облысындағы су тасқыны салдарын жою үшін де­меу­шілік етеді. Бұл – ең бірінші ке­зекте баспана мәселесін шешуге мүм­кіндік береді. Облыстың Ырғыз ау­данынан басқа жерде үй мәселесі шешімін тапты. Қазіргі біздің басты міндет – үй салу, үй алып беру, үйді қал­пына келтіру. Мемлекет басшысы тас­қынның салдарын жоюға бағыт­тал­ған жұмыстарды өзі қадағалап отыр. Сондықтан біз мүмкіндікті пай­да­лана отырып, тапсырманы уа­қы­ты­лы әрі сапалы орындауға тиіс­піз», – деді. 
Қарғын судан Ырғыз ауданы бойынша 152 тұрғын үй, 6 кәсіпкер­лік және 8 әлеуметтік нысан зардап шекті. 
Бүгінгі күні Нұра ауылдық ок­ру­­гінің Нұра, Мамыр, Белшер, сон­дай-ақ Тәуіп ауылдық округіне қарасты Құйлыс, яғни төрт ауылдан кө­шірілгендердің жалпы саны – 1 042 адам. Қазір оның 680-і – туыс­та­рының үйінде, ал 362 адам эвакуа­циялық пункттерді паналап жүр.  

Айару СЕРІК, 
Ақтөбе облысы

Серіктес жаңалықтары