Шығыс Қазақстанда оқушылар сабақ уақытында порнография көріп келген
ШҚО-да 56 мектептің 15 мыңнан астам оқушысы тыйым салынған интернет-контент қарап келген.
Өскеменнің 7 мектебінде сабақ барысында порнографиялық сипаттағы сюжеттер іздестіріліп, қаралған. Шемонаиха ауданындағы 8 мектепте букмекерлік кеңселердің сайттары қаралған, деп хабарлады turkystan.kz.
ОСы тектес бұзушылықтар Риддер қаласында (15 мектеп), Алтай (6 мектеп) Самар (19 мектеп) және Ұлан аудандарында (1 мектеп) анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы облыстың барлық мектептерінде тиісті бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау мәселесін көтеріп, облыстың білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету Департаментіне қадағалау актісін енгізді (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 7-2-бөлігі).
Көріп отырғанымыздай, бүгінде балалар әлеуметтік кеңістікті белсенді пайдаланушылары болып табылады және мектептерде зиянды интернет сайттарға жиі кіреді.
Осыған байланысты, ықтимал келеңсіз салдарды ескеріп, прокуратура органдары ата-аналардың назарын балалар қарайтын интернет-контентті қадағалап, олармен қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне аударады.