Қазақстан шетелдіктер үшін жаңа виза енгізеді
Әзірге жаңа визаның жұмыс атауы – NEO Nomad Visa.
Қазақстанда шетелдік туристер үшін жаңа виза енгізіледі. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, туристерден визалық-көші-қон режиміне қатысты көптеген шағым түседі. Туроператорлардың хабарлауынша, шетелдік туристер визалық-көші-қон порталының техникалық ақауына байланысты виза алу кезінде қиындықтарға тап болады. Салдарынан туроператорлар шетелдік туристер үшін брондалған билеттерді алып тастауға мәжбүр.
«Осыған байланысты елге келгеннен кейін виза алу бойынша әуежайлардағы көші-қон қызметтерінде персонал санын көбейту және оның порталының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ұсынылады. Бұдан басқа, виза алу рәсімдерін цифрландыру және оңайлату арқылы бұл режимді жетілдіру қажет. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп шетелдік азаматтарға елде ұзақ мерзімді болу құқығын бере отырып, қазіргі заманғы көшпенділердің визасын енгізу мәселесі қаралуда», - деді Маржықпаев үкімет отырысында.
Әзірге жаңа визаның жұмыс атауы – NEO Nomad Visa.
«Бұл шараны енгізуден күтілетін экономикалық нәтиже жыл сайын 3 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта Neo Nomad Visa енгізу тетігі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды», - деді туризм министрі.