Бір апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Каспий теңізінің түбімен тартылған ұзындығы 380 шақырымдық Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосқан болатын. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы цифрлық байланысты нығайтып, Азия мен Еуропа арасындағы деректер алмасуын дамытуға мүмкіндік беретін аталған желіні «Қазақтелеком» мен Әзербайжанның AzerTelecom компаниясы бірлесіп салды. Әлеуметтанушы Еркебұлан Аманғосов бұл желінің іске қосылуы елімізге көптеген мүмкіндік беретінін айтып, маңызына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазан айының ортасындағы Бакуде салтанатты түрде Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосуы, менің ойымша, еліміздің цифрлық дамудың жолындағы маңызды оқиға. Осы ресми рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт: «Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық», – деп өз бағасын берген болатын. Бұған толық қосылуға болады.
Жобаның еліміз үшін бірнеше маңызды мүмкіндігі бар.
Ең алдымен, бұл байланыстың тұрақтығы. Қазір Орталық Азияға интернет негізінен Қазақстан арқылы, Қытай мен Ресейден келетін кабельдермен жетеді, ал енді Әзербайжан арқылы Еуропаға тағы бір жол ашылды. Қашықтан оқу, жұмыс мүмкіндіктері тереңдеген сайын, мемлекеттік қызметтер интернетке тәуелді болған заманда байланыстың сенімділігі азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Екінші жағынан, технологиялық инвестиция. Еліміз жаппай цифрландыру мен ЖИ дамытуға белсене кіріскен кезде, әсіресе Екібастұзда салынып жатқан Data Center Valley кешенін қолдану мүмкіндігін кеңейтпек.
Үшіншіден, бұл цифрлық қызметтің экспорты және өңірлік даму. Бұл еліміздің шикізаттан тыс табыс көзі ретінде экономиканы әртараптандыруға үлес қоспақ. Желінің Ақтау арқылы өтуі Маңғыстау өңірінің еліміздің цифрлық картасындағы орнын арттыруы мүмкін», – дейді маман.

Еркебұлан Аманғосовтың пікірінше, бұл жобаны Орта дәліздің цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды қадам деп бағалауға болады.
«Мұны Орта дәліздің цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды қадамы деп баға беруге толық негіз бар. Оны Мемлекет басшысы да «жаңа заманның дәлізі» деп те атап өткен. Осы уақытқа дейін Орта дәліз ретінде көбіне жүк тасымалы мен логистика тұрғысынан талқыланып келген. Енді жүк тасылатын жол бойымен деректер ағыны да өтеді. Сол арқылы елімізді бір жағынан Еуропа елдерімен, екінші жағынан Қытаймен жаңа байланыс бағытын бекемдеп, Жерорта теңізі мен Қара теңіздегі байланыс жүйлелеріне қосылу мүмкіндігі артады.
Еліміздің цифрлық транзит торабына айналу әлеуеті ең алдымен географиялық орнына, былайша айтқанда «географиялық тағдырына» негізделген. Қытай мен Еуропа арасындағы ең қысқа құрлықтық-теңіздік бағыттың бойында орналасқандықтан оның мүмкіндіктерін толығымен пайдаға асыруымыз қажет.
Жалпы алғанда, цифрлық транзит торабы мәртебесі бір ғана желімен қалыптаспайтындығын ескеруіміз керек. Бұл жоба – Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қазақстан және Түрікменстан арқылы өтетін «Цифрлық Жібек жолы» мегажобасының бір бөлігі ғана. Оның толық әлеуеті басқа учаскелердің іске асуына, тұрақты құқықтық ортаға, деректерді қорғау стандарттары мен энергетикалық қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Сондықтан бұл жобаны ұзақ мерзімді стратегияның іргетасы деп бағалаған дұрыс, – дейді маман.