Лудоманиямен күрес туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Құқық қорғау орган­да­ры­ның мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала бас­қа адамның атынан букмекерлік кең­се­лерге бәс тігіп, азарттық ойындар ой­най­ды екен.

Лудоманиямен күрес туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
362

Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметін реттейтін заңнамалық өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында әзірлеген. Осы аптада заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжі­ліс­тегі «AMANAT» Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев құмар ойынға тәуел­ді­лік­пен күресу қоғам үшін өзекті мәселе еке­­нін атап өтті. 
– Қазақстанда ойынқұмарлық ін­дет­тей өр­шіп ел қауіпсіздігіне қатер төн­ді­ре бас­та­ғанын байқаймыз. Сондықтан мұн­дай жағ­дайға әкелетін себептерді жойып, қо­ғамды бұл дерттен сауықтыру үшін шұ­ғыл ша­ралар қабылдау қажет. Бүгін қарас­тыр­­ғалы отырған заң жобалары осы мәсе­ле­ні ба­рынша ауыздықтап, реттеуге ар­нал­ған, – деді Е.Бейсенбаев. 

Лудомания – дерт


Заңға енгізілетін түзету мен өзгерісті, де­путаттардың жұмысын қоры­тын­ды­ла­ған баяндамасында Елнұр Бейсенбаев лу­доманияның қоғамға тигізіп жатқан кері әсері туралы айтты. 
Біріншіден, құмар ойынға шыр­мал­ған­дар саны артқан. Деректерге жүгінсек, соң­ғы екі жарым жылда шамамен елі­міз­де­гі әрбір бесінші адамның құмар ойын­да­рына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға са­лынып, букмекерлік кеңселер мен ка­зи­нолардың тұрақты клиентіне айналған. Бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау орган­да­ры­ның мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала бас­қа адамның атынан букмекерлік кең­се­лерге бәс тігіп, азарттық ойындар ой­най­ды екен. Өзге адамның логинімен бук­мекерлік кеңселерге бәс тігуші адам­дар­дың саны белгісіз.
Екіншіден, отбасы институтына сына қа­ғып жатыр. Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей се­беп болып отыр. Былтыр Алматы об­лы­сын­да әйелі мен екі баласын өлтіріп, үйін өр­теп жіберген тұрғынның оқиғасы қо­ғам­ды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудо­ман болған, болмашы ақшаға үш бірдей адамның өмірін қиды. 
Үшіншіден, суицидті өршітіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олар­дың әрбір бесіншісінің себебі – лу­домания.
– Төртіншіден, қылмыстың етек алуы. Елі­мізде қылмыс жасайтындардың 20 пайы­зы лудоман екені белгілі болған. Олар бәске тігетін ақша табу үшін ал­ды­мен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау се­кілді қылмыстарға барады екен, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Бесіншіден, көлеңкелі экономиканы өр­шітеді. Ойын нарығы айналысында үл­к­ен қаражат айналып жатыр. Мәселен, был­тыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойын­ша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Де­мек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. 

Қандай өзгерістер қаралды?


Елнұр Бейсенбаев заң жобасында бук­мекерлік кеңселер мен казинолардың жар­намасын шектеу қарастырылғанын айт­ты. Үйлерде, ғимараттарда, құры­лыс­тар­дың қоршауларында, көліктерде сырт­қы жарнама орналастыруға тыйым са­лы­нады. Интернет ресурстарында, ресми сайт­тарда, телеарналар мен радиода, мер­зімді баспа басылымдарында, кинода, мо­бильді операторлардың SMS хабарла­ма­ларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Бұл тыйым әлеуметтік желідегі блогерлерге де қатысты. 
Құмар ойындарға және бәс тігуге қа­тысудың жасы 21-ден 25 жасқа дейін кө­­теріледі. Алимент және несие берешегі өтел­меген азаматтар, яғни борыш­кер­лер­дің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалар құ­мар ойындарға қатыса алмайды. Атал­ған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүм­кіндік берген заңды тұлғалар әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылады. 
Заң жобасы аясында электронды ка­зи­но мен онлайн казино қызметін ұйым­дастырған заңды тұлғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Тұрғын үйлер мен ж­а­тақханаларда, мәдениет ұйымдары ор­наласқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ұйымдарында, ғи­бадат үйлері мен құрылыстарында ло­терея билеттерін таратуға және тер­ми­налдар орнатуға тыйым салынады. 
Сонымен қатар ойын бизнесін ұйым­дастырушылар енді өздерінің аппа­рат­тық-бағдарламалық кешендерін Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйе­лерімен біріктіруге міндеттеледі.    
– Мәселенің қарастырылып келе жат­қа­нына 2 жылға жуық уақыт болды. Кей­бір нормаларға реттеушілік талаптар бойын­ша талдауды жүргізу мақсатында Үкі­меттің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жыл кетті. Бір атап өтерлігі, заң жо­ба­сына Мәжілістегі барлық Фракция өкіл­дері бастамашы болып отыр. Осы кезең ішінде қаншама талқылау, біраз пысықтау болды. Қоғам дертіне айналған бұл мә­селе жөнінде көптеген депутаттық сауал жол­данып, арнайы отырыстар ұйымдас­ты­рылды. Азаматтық қоғам өкілдерімен бір­ге жан-жақты талқыладық. Бұл мәсе­леге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, бірнеше рет ерек­ше тоқталғанын жақсы білесіздер, – деді Бейсенбаев.

Заң жобасы тағы да пысықталады


Дауыс беру қорытындысында Ерлан Қошанов Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы құмар ойынмен күре­су туралы заңды осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанына назар аударды. 
– Депутаттар екінші оқылымға дейін осы және басқа да ұсыныстарды мұқият зер­­делеп, заң жобасын жан-жақты тал­қы­лап, тағы да пысықтауы керек. Бұл жұ­­­­мысқа сарапшыларды, қоғамдық бір­лестіктердің өкілдерін, барлық мүдделі тарапты тартқан жөн, – деді Мәжіліс Төрағасы.

40 мың адам өзін құмар ойындардан шектеді


Құмар ойындарға қатысудан және бәс ті­гуден өз бетінше шектеу жөніндегі он­лайн қызмет іске қосылған алғашқы айда аталған қызметті 40 мыңнан астам ел азаматы пайдаланған. 36 765 адам EGOV mobile порталы арқылы онлайн өтініш берсе, 3 398 адам өзін шектеуге қағаз тү­рін­де өтініш жазды.
Сонымен қатар Туризм және спорт ми­нистрлігі осы қызметті ілгерілету үшін әлеуметтік жарнама науқанын жүргізіп жа­тыр. Еліміздің 10 өңірінде 200-ден ас­там баннер мен билборд ілінген. Сондай-ақ Аста­на, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Абай, Же­тісу және Ұлытау облыстарының цифр­лы кеңселері мен теміржол вокзал­дарында жар­намалық конструкцияларға та­қы­рыптық баннерлер орналасты­рыл­ған.
Өтінішті өзін құмар ойындар мен бәс тігуден шектегісі келетін адам дербес ЭЦҚ пайдалана отырып, өз бетінше өтініш беруге тиіс. Үшінші тұлғалар тарапынан өтініш бере алмайды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған цифр­лы қызметпен қатар ел азаматтары мен резиденттері құмар ойындарға қа­ты­судан және бәс тігуден өзін шектеу үшін ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жазбаша өтініш бере алады.
 

Серіктес жаңалықтары