Америкалық блогер 26 Tesla электромобилін тегін таратады

Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында айтты.

Америкалық блогер 26 Tesla электромобилін тегін таратады
Сурет: MrBeast парақшасынан алынды

MrBeast деген атпен танымал АҚШ блогері Джимми Дональдсон оқырмандарына 26 Tesla электромобилін сыйлауға шешім қабылдады. Осылайша ол өзінің 26 жасын атап өтеді, деп хабарлады turkystan.kz.

MrBeast 25 ақ Tesla Model 3 седаны мен бір Tesla Cybertrack пикапын сыйлайтынын атап өтті. Ұтыс ойынына 18 жасқа толған және АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Үндістан, Канада, Мексика, Германия, Оңтүстік Корея, Франция, Чили және Жапонияда тұратын жазылушылары ғана қатыса алады.

Tesla электромобиліне ие болу үшін Instagram-дағы жазбаға ұнату белгісін басып, жазбаға екі досыңызды белгілеу керек. Содан кейін кез келген пікір жазу керек. Жеңімпаздар 14 мамыр күні анықталады.

Бір қызығы, Tesla компаниясының ұтыс ойынына ешқандай қатысы жоқ және олар блогерді автокөлікпен қамтамасыз етпеген. Мұның бәрін сатып алуға блогер қаржыны өзі тапқан.

Айта кетейік, жеңімпаздар электромобильден бас тартып, Tesla Model 3 үшін 39 000 доллар және Tesla Cybertruck үшін 120 000 доллар ақша ала алады.