Будапештте қазақ тілінің жаңа оқу құралы таныстырылды

Кітаптар Мажарстанның Ұлттық кітапханасына, жоғары оқу орындары мен тіл орталықтарына, қыпшақтар тығыз орналасқан Надькуншаг және Кишкуншагтағы елді-мекендердің орталық кітапханаларына беріледі.

Будапештте қазақ тілінің жаңа оқу құралы таныстырылды
2263

Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде Алматы қаласындағы «Полиграфкомбинат» ЖШС баспасында шыққан «Мажарларға арналған қазақ тілінің оқулығы» атты кітаптың алғашқы таныстырылымы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов авторлар атынан кітаптарды қабылдауға келген Бабақұмар Хинаятты (Ибоя Такач және Бижомарт Қапалбекұлы) және «Rovás» руна жазу қорының президенті Ласло Шипошты қабылдап, 300 дана кітапты табыстады.

Б. Хинаят хабарлағандай, оқулықтың ресми тұсаукесерін шілде немесе тамыз айларында Мажарстанның Лакителек Халықтық университетінде өткізу жоспарланған.

Кітаптар Мажарстанның Ұлттық кітапханасына, жоғары оқу орындары мен тіл орталықтарына, қыпшақтар тығыз орналасқан Надькуншаг және Кишкуншагтағы елді-мекендердің орталық кітапханаларына беріледі.

Кітап авторларының өтінішіне байланысты кітаптар баспада жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Будапешт қаласына жеткізілді.

Айта кетерлігі, оқулық Мажарстанның Шығыс және Орталық Еуропалық зерттеулерді қолдау қоры, Мадияр-Тұран қоры, Лакителек институты, «Rovás» руна жазу қоры мен Алматыдағы Мемлекеттік тілді дамыту институтының қолдауымен жарық көрді.

Серіктес жаңалықтары