Оралда тасқын су зардаптарын жою жұмыстары басталды
Тасқынға қарсы тойтарыс берген күштік құрылымдарды батысқазақстандықтар сый-құрметпен шығарып салды. Салтанатты шарада оларға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Тасқын су қаупіне байланысты Батыс Қазақстан облысында наурыз айының соңында екі ай мерзімге төтенше жағдай жарияланған болатын. Бүгінде қарғын су мен арнасына симай тасыған өзен-көлдерден шыққан нөпір судың беті қайтты. Бірақ зардабы қалды. Соңғы мәліметтерге қарағанда облыс орталығы Орал қаласының маңындағы саяжайлардың аумағындағы үй-жайларды қоса есептегенде, 15 000-нан астам баспананы су басқан. Сол себепті баспанасы тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған саяжай тұрғындарына мемлекет тарапынан жаңа үйлер салынады немесе сатып алынады. Қазір төтенше жағдай жарияланған кезде Қазақстан аумағында басқа баспанасы жоқ меншік иелері үшін қираған немесе уақытша (маусымдық) тұруға жарамсыз құрылыстарды тұрғын үйге жатқызу бойынша заңға өзгеріс енгізу жөніндегі ереженің жобасы әзірленуде. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
– Соңғы мәліметке сүйеніп сөз саптар болсақ, облыс бойынша саяжайлар аумағындағы 14 839 үйді су басқан. Үй-жайсыз қалған тұрғындарға біржолғы (100 АЕК) әлеуметтік көмек көрсетілуде. Баспанасы тасқын судың құрсауында қалғандардың біразы эвакуациялық орталықтарға орналастырылды. Зардап шеккен тұрғындар Орал қаласы әкімдігінің ресми сайтында көрсетілген мекенжайларға немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Қазір мүмкіндігіне қарай суға кеткен үйлерге техникалық тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Жалғыз баспанасы суға кеткен тұрғындарға ауданы 80 шаршы метр, құны 22 миллион теңгеден аспайтын үй беріледі. Ескеретін жайт, саяжайдағы меншік иесінің және оның отбасы мүшелерінің атында басқа пәтер болса, оларға баспана берілмейді, – деп сөзін сабақтаған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов бұл шаралар халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында емес, төтенше жағдай салдарын жою үшін жасалып жатқанын айрықша атап өтті.
Тілепберген Ерсайұлының мәліметіне қарағанда, тасқынның кесірінен Бөрлі, Теректі, Тасқала, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым аудандарында һәм Орал қаласында 1 292 үй нөпір судың астында қалған. Күні бүгінге дейін 1 150 үй техникалық байқаудан өтіп, соның нәтижесінде 397 үй тұруға жарамсыз деп танылған.
– Бүгінде жоғарыда аталған аудандарда жарамсыз болып қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, геология және топотүсірілім жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жергілікті мекеме-кәсіпорындардың тізімі түзіліп, қызу еңбек майданына дайындық жұмыстары басталды. Тұрғын үйлерді салу жұмыстары «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың («ҚПО б. в.», «ЖайықМұнай», «Оралойлэнд Газ», «Конденсат») және өзге де мекеме-кәсіпорындардың қаржы-қаражаты есебінен жүзеге асырылады, – деді Тілепберген Каюпов.
Су тасқынынан зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек (369,2 мың теңге) көрсетілуде. Қазір 1 490 отбасы 547,3 млн теңге әлеуметтік көмек алды. Ақ Жайық атырабында тасқын салдарынан ірі қарасы мен қой-ешкісі бар һәм үй құстарын қоса есептегенде 2 343 бас мал шығын болды. Бұл күндері мал шығынын өтеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай сипаттағы шығындарды өтеуге облыстық бюджеттің қорынан 187,5 млн теңге қарастырылды.
Тасқын кезінде облыс аумағындағы 39 кәсіпкерлік нысан мен 39 әлеуметтік нысан зақымданған. Бизнеске келтірілген шығындарды анықтау үшін арнайы комиссия құрылса, зақым келген әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандары бюджет есебінен қалпына келтірілмек.
«Үйіміз осымен үшінші рет суға кетті...»
Орал қаласы бойынша тасқыннан зардап шеккен ел-жұртпен нақты байланыс жасау мақсатында құрылған төрт штабтың бірінің жетекшісі ретінде жақында Деркөл кенттік округіндегі эвакуациялық қосынға айналған «Орал» спорт клубында болдық. Бұл эвақосында 88 адам паналауда, олардың 39-ы – балалар. Эвақосынды үйлерін су жайлаған 1-саяжай, «Үміткер», «Ягодка», «Самал» саяжайлары және Деркөл кентінің тұрғындары паналауда. Олардың арасында алды 7, соңы 4-5 баламен келген отбасылар да бар.
Үш мезгіл тамақ уақытында беріледі, ол үшін спорт клубтың екінші қабатынан асхана жасақталған. Аяқ астынан біреулер сырқаттанып қалса, жедел көмек көрсететін медбикелер кезекшілігі ұйымдастырылған.
Құбаев Аманкелді есімді қариямен аз-кем тілдестік. «Самал» саяжайында тұрған, баспаналарын су басқаннан кейін жанұядағы келін-баласы, немерелері бәрін қосқанда 12 адам осында келіп жатыр.
– Ешқандай шағымымыз жоқ. Үш мезгіл тамағымызды уақытында береді, қарнымыз тоқ. Тек үй-жайымызды уайымдаймыз, – дейді ақсақал. Табиғи апаттың салдарынан осы жерді уақытша паналауға мәжбүр болған тағы бір жан – Оразия Есболова.– Осы Деркөл кентіндегі Құрылыс монтаж жабдықтары зауыты жағындағы Зауыт (Заводская) көшесінен келдік. Сол маңнан 1990 жылы үй сатып алғанбыз. 1994, 2011 жылдары және биыл үшінші рет үйіміз суға кетті. Біріншісінде ауламыз суға толса, екіншісінде үйімізді су басты. Бірақ үйлеріңіз құлаған жоқ деп баспана бермеді. Қазір үйіміз суда тұр, жақындай алмаймыз. Алыстан қарап келеміз. Өзім бұрын теміржолда істедім, қазір зейнеткермін, қол-аяғым ауыратындықтан мүгедектік санаттамын. Күйеуім де мүгедек. Ол кісі де 45 жыл теміржолда жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Қазір жолдасым үйді қарап келемін деп, сол жаққа кетті. Бос қалған үйлерге арғы жақтан қайықпен келіп, ұрылар түсіпті. Оларды үйлерін алыстан қарап жүргендер ұстап алған. «Балық аулап жүрміз» деп жалтаратын көрінеді.
Мұнда тамағымыз тоқ, төсек-орын бар, жағдайымыз жақсы. Үстіміздегі киімімізбен, құжаттарымызды ғана алып, тасқыннан қашып шықтық қой. Жасың ұлғайған шақта үйсіз-күйсіз қалған қиын екен, – дейді Оразия апамыз.
Баспанасыз қалып, клубты паналағандардың қайсысымен сөйлессек те, ешкімнен шағым естімедік. «Жағдайымыз жақсы, шүкір...» дейді. Жүздерінде итжығыс түскен үміт пен уайым. Тасқынның зардабынан тағдыр айдап, бір шаңырақтың аясында сығылысып жатса да, мұңдарын шақпады. Уайымдары тек баспана ғана.
Көмекке келгендерге – мың алғыс!
Өткен жұма күні Орал қаласындағы тұңғыш Президент алаңында өңіріміздегі су тасқынының алдын алуға қол ұшын созған күштік құрылым өкілдеріне сый-құрмет көрсетілді. Өткен айдың соңынан бері табиғи апат салдарынан еліміздің бірнеше өңірінде елдімекендерді су басып, төтенше жағдай режімі жарияланғаны белгілі. Ресейдің Орынбор облысынан көп көлемде жіберілген судың салдарынан Жайық өзені бойында орналасқан өңіріміздің 84 елді мекенін және Орал қаласын су шайып кету қаупі төнді. Нөпір су тасқынының алдын алуға еліміздің әр өңірінен Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан және шекара қызметінің өкілдері арнайы келді. Олар бір айға жуық облыс орталығы мен аудандарда уақытпен санаспай еңбек етті. Белуардан су кешіп, адамдар мен үй жануарларын құтқарып, бөгеттер салып, жағалауды бекіту жұмыстарын абыроймен атқарды.
Ел басына қауіп төнген сын сағаттарда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Үкімет деңгейінде жедел штаб құрылып, қала мен ауылдарды аман алып қалу үшін шұғыл шаралар қабылданды. Сындарлы сәтте батыс жұртының басына түскен ауыртпалықты бірге еңсеріп, қол ұшын созу үшін көмекке келген күштік құрылымдардың еңбегі ерен. Өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған азаматтар тұңғыш Президент атындағы алаңда сап түзеді.
Салтанатты шарада сап түзеген әскери құрылым қызметкерлері мен сарбаздарға облыс әкімі Нариман Төреғалиев ақжайықтықтардың атынан алғыс айтты.
– Сіздер уақытпен санаспай, азаматтарымыздың қауіпсіздігін сақтау, қала мен ауылдарымызды тілсіз жаудан аман алып қалу жолында тынымсыз еңбек еттіңіздер. Осы ерлікке пара-пар еңбектеріңіз жоғары құрметке лайық! «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қазақтың дана сөзі осындайда айтылса керек. Сіздердің ерен ерліктеріңіз бен ел бірлігінің арқасында қала мен ауылдарды аман алып қалдық! Жүз жылда бір қайталанатын табиғи апатпен күресуге үлес қосқандарыңыз үшін сіздерге өзімнің және облыс тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нариман Төреғалиев.
Тілсіз жаумен күресуге облысымыздан 7 мыңға жуық адам, күштік құрылымдардан 3,5 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылды. Ер-азаматтар бөгет тұрғызып, әйел адамдар гуманитарлық көмекті үлестіруге орасан зор үлес қосты. Құтқарушылар суға батып бара жатқан адамдардың өмірін сақтап қалды. Ел бірлігі мен сарбаздардың қара күшінің арқасында Жайықтың жағасына ұзындығы 140 шақырымнан астам, биіктігі 2 метрден 7 метрге дейін жететін бөгет-бекіністер салынды. Өзге облыстардан келген мыңнан астам арнайы техника күн-түн демей жұмыс істеді.
Тасқынға қарсы тойтарыс берген күштік құрылымдарды батысқазақстандықтар сый-құрметпен шығарып салды. Салтанатты шарада оларға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Жаңа үйлер салу үшін жер учаскелері анықталып жатыр
Су тасқыны салдарынан жарамсыз деп танылған үй иелеріне жаңа баспана орталық мемлекеттік құрылымдар бекіткен жобалар негізінде салынып беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев айтты.
– Қазір екі эскиздік жоба жасақталды. Олар – 80 шаршы метрлік үш бөлмелі үй және 160 шаршы метрлік екі пәтерлі тұрғын үй. Салынатын үйлер барлық инженерлік желілермен қоса, әрленіп пайдалануға беріледі. Үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарды баспанамен қысқа уақытта қамтамасыз ету үшін жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда су басқан аудандарда жарамсыз деп танылған үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтар болсақ, су баспайтын аймақтардан жаңа тұрғын үй салуға жер учаскелері анықталып, геология және топотүсірілім жұмыстары жүргізілуде, – деді Әлібек Антазиев.
Осы күні бекітілген үлгілік жобалар негізінде байлам жүргізетін жобалаушы ұйымдар анықталды. Қаратөбе ауданында «СтройКонсалтинг», Сырым ауданында Shine Project, Теректі ауданында Smаrtech ЖШС-лары және Бөрлі ауданында «ЕвроПлюс» компаниялары жобалау жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта құрылысты жүзеге асыратын жергілікті мердігер ұйымдар тізімі жасақталады.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде саяжайлардағы баспаналарды айтпағанда, 1 311 тұрғын үйге зиян келген. Қаратөбе ауданында – 116, Сырымда – 243, Бөрліде – 218, Теректіде – 649, Бәйтеректе – 62, Тасқалада – 6 және Орал қаласында 17 үй суға кетті. Қазір 1 150 үйге техникалық тексеріс жүргізілген. Жіктеп айтар болсақ, Қаратөбе ауданында – 101, Сырымда – 243, Бөрліде – 218, Теректіде – 570, Бәйтеректе 60 үй арнайы тексерістен өтті. Оның қорытындысында 413 үй әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды. Бүгінде Қаратөбеде – 90, Сырымда – 114, Теректіде – 81, Бәйтеректе – 7, Бөрліде 121 үй жарамсыз.
Басқарма басшысы зардап шеккен тұрғындардан өтініштер әлі күнге дейін түсіп жатқанын тілге тиек етті. Үйлерді техникалық тексерістен өткізу жұмыстары жалғасуда.
P.S.
Орал қаласы маңындағы көптеген бағбан қауымдастығына қарасты аумақтар әлі күнге дейін су астында болғандықтан ондағы үй-жайларға техникалық тексеру жүргізу әзірге мүмкін емес. Халық та, билік те судың тартылғанын күтуге мәжбүр. Ең бастысы қарғын су кезінде де, тасқын су кезінде де Батыс Қазақстан облысында бірде-бір адам шығынына жол берілген жоқ. «Бар пәле малмен кетсін!» дейтін халықпыз ғой, мал-мүліктің орны толар, ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болғай!
Тіл-көзіміз тасқа, тасқыннан үлкен-кіші түгел аман шықты дедік, ендігі басты мақсат – қара күзге дейін үйсіз-күйсіз қалған қарашаны баспаналы қылу. Бұл – оңай жұмыс, жеңіл-желпі мәселе емес, әрине. Бірақ Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, бір атаның баласындай ұйымшылдық танытсақ, қолдан келетін шаруа көрінеді.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы