Дәретханада қайтыс болған оқушының туыстары тың деректі айтты

Марқұмның туыстары қайтадан сот-медициналық сараптамасын жасатқан.

Дәретханада қайтыс болған оқушының туыстары тың деректі айтты
Сурет журналист Данияр Әлімқұлдың парақшасынан алынды
1250

Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте 8-сынып оқушысы әлімжеттік құрбаны болғаны туралы ақпарат құралдары мен желіге тарап кетті. Мән-жайды толық білу үшін Qaz365.kz тілшісі марқұмның туыс ағасы Олжас Сейітқадырға хабарласты, деп жазды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 30 сәуірде болған. Ауылдағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің 8 «А» сынып оқушысы, 2010 жылы туған Мирас Мәлік белгісіз себептерге байланысты көз жұмған. Алғашында полиция, мектеп қызметкерлері бала өздігінен дәретханада құлап көз жұмды деген. Алайда кейін сот-медициналық сараптамасы соққыдан көз жұмғанын көрсеткен. Осыған қатысты марқұмның туыстары тергеу әділ өтуін сұрап, ҚР Президентінің әкімшілігінің басшысы Айдос Дәдебаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке хат жазды.

«Оқиға болған бірінші күні кіші дәрет сындырып тұрып, әжетханада қайтыс болған деп айтты. Осыдан соң, сот-медициналық сараптамаға алып кетті. Одан кейін мәйіті үйге жеткізілді. Мектеп директоры, аудандық ішкі істер тергеу бөліміндегілердің айтуынша, өздігінен дәретханада көз жұмды деп отыр. Біз оған сенген жоқпыз. Кешкісін Мираспен (қайтыс болған баланың есімі) жасты балалардан сұрап бастағанымызда, ауыр соққыдан құлағанын айтты. Ситуацияны балалар ашық жеткізді. Тоғызыншы сынып оқушылары бір күн бұрын болған жиналысқа келмегені үшін ұрып өлтірген деді. Екінші күні қайтадан сот-медициналық сараптамасын жасадық. Екеуінде де кеуде тұсынан ұрып, жүректен келетін күретамыр жарылып кеткенін көрсетті. Бірінші күні сараптама болғанда ішкі істер бөлімінен келіп, не болғанын ешкім келіп сұрамады. Нақтылау сұрақтарын жасамаған. Біз бірінші күні түнде барғанымызда ішкі істер тергеушілері: «өздігінен қайтыс болды, соққы жасалса гематом із қалады» деген. Оқушылармен сауалнама жүргізгенін, ешқандай әлімжеттік болмағанын айтқан», - дейді ағасы Олжас Сейітқадыр.

Марқұмның туыстары бұған сенбей, екінші күні қайтадан сот-медициналық сараптамасын жасатқан. 

«Сараптама қорытындысын көрсетіп және ауылдағы куәгерлердің барын айтқан кезде ғана полиция қимылдай бастады. Мектеп директоры да бірінші күні бәрін жасырып қалғысы келді. Балалардың айтуынша, сол жерде оқиғаны көрген оқушыларды алып кетіп, тіс жармауын сұраған. Мектеп әкімшілігі оқиғаны жасырып қалғысы келген. Тергеушілердің орнына өзіміз жүгірдік. Кімнің ұрғанын да анықтап, ұстап бердік. Енді тергеу әділ жүріп, кінәлі жазасын алғанын қалаймыз. Мектеп директоры да аса ауыр қылмысты жасырып қалғысы келгені үшін өз жазасын алуы керек», - дейді ағасы.

Туыстары бұл іс БАҚ өкілдерінің қадағалауында болғанын қалап отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облыстық полиция департементі оқушының өлімі дерегі бойынша  қылмыстық іс қозғалғанын мәлім еткен.

«Күдікті – кәмелетке толмаған бала уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.Сондай-ақ мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жариялануға жатпайды», – делінген хабарламада.

 

Серіктес жаңалықтары