«Номғон-2» ғұрыптық кешенінен табылған бітіктастың екінші бөлігі таныстырылды

Ғалымдар бітіктастағы жазуларды оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

«Номғон-2» ғұрыптық кешенінен табылған бітіктастың екінші бөлігі таныстырылды
799

Жақында Ұланбатыр қаласында Түркі Академиясы және Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Номғон-2» ғұрыптық кешенінен табылған бітіктастың төменгі бөлігінің таныстырылымы өтті.

Ұланбатыр қаласындағы Шыңғысхан мұражайында өткен ғылыми іс-шараға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Дүгэрийн Рэгдэл, Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, Түркияның Моңғолиядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Али Саид Серденгечти, сонымен қатар дипломатиялық миссия өкілдері, институттардың басшылары және өзге де танымал ғалымдар қатысты.

Айта кету керек, археологтар Елтеріс Құтлық қағанға тиесілі деп болжап отырған бітіктастың жоғарғы бөлігі алдыңғы жылы осы кешендегі қазба жұмыстары кезінде табылған болатын.

Оның екінші бөлігін іздеуге қатысқан ғалымдардың мәлімдеуінше, бітіктастың жаңадан табылған төменгі бөлігінде көне қытай тілінде мәтін бары анықталған.

Ескерткіштің біршама бүлінгені байқалады.

Ғалымдар бітіктастағы жазуларды оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Осы алқапта Түркі Академиясы жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында 2019, 2022, 2023 жылдары малдас құрып отырған қағаннның бәдіз тасмүсіні мен мүсіннің бас бөлігі табылған болатын. Сонымен қатар, бауырында екі аланы бейнеленген арыстан тас мүсіні және 5 бәдіз тас мүсіннің сынық бөлшектері анықталған.

Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты болашақта Номғон жазығының тоғызыншы ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

 

 

Серіктес жаңалықтары