Министрлік медициналық қызметтердің тарифін қайта есептеді

Басты мақсат – медициналық ұйымдарға түсетін қаржылық жүктемені азайту және барлық азаматтарға жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Министрлік медициналық қызметтердің тарифін қайта есептеді
Pixabay

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерге тарифтердің көтерілетінін мәлімдеді.

«Қабылданған шешімдерге сәйкес 2024 жылдың 1 маусымынан бастап жүкті әйелдерге және босанатын әйелдерге, сондай-ақ стационарлық жағдайда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдар тарифтері көтеріледі» делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігінде айтылғандай, тарифтердің көтерілуі азаматтардың медициналық көмек алуға өз қалтасынан шығатын шығындарын азайтуға, сондай-ақ медициналық ұйымдарға соңғы жылдары жинақталған инфляциялық шығындарды өтеуге және денсаулық сақтау саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің тиімсіз тарифтерін қайта есептеді. Басты мақсат – медициналық ұйымдарға түсетін қаржылық жүктемені азайту және барлық азаматтарға жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сақтандыру активтерінен қосымша бөлінген қаражаттың жалпы сомасы денсаулық сақтау жүйесінің тиімсіз шығындарын оңтайландыру нәтижесінде босатылды және ол 20 млрд теңге болады» деп толықтырды министрлік. 

Құрсақ қуысы хирургиясы, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология-ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология сияқты басқа да бірқатар салалар бойынша тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру жоспарлануда.

Бұл мемлекет медициналық ұйымдарға медициналық қызмет көрсетуге байланысты шығындарды кезең-кезеңімен өтейтінін білдіреді.