Алтын арзандай бастады

Бағалы металл үшінші күн қатарынан арзандап жатыр.

Алтын арзандай бастады
сурет: depositphotos.com

Алтын арзандай бастады. Бүгін бекітілген бір грамм алтынның ресми құны 33 835,57 теңге болды. Ұлттық банкінің дерегі бойынша, бұл кешегіге қарағанда 1%-ға (355,14 теңге) төмен көрсеткіш, деп хабарлайды Бірінші кредиттік бюро.

Бағалы металл үшінші күн қатарынан арзандап жатыр. Осыған дейін, 18 сәуірде, оның құны тарихи жоғары деңгейге көтерілген болатын: бір граммы 34 546,96 теңге болды.

Бұған дейін алтынның құны инвесторлардың инфляция мен геосаяси шиеленістің өсуіне, сондай-ақ әлемдік орталық банктердің жоғары сұранысына қатысты қауіптері аясында рекордты жаңартқаны жайлы жазған болатынбыз. Қазіргі таңда жағдай біршама өзгерді. Кеше алтынның әлемдік бағасы апталық ең төменгі деңгейге дейін, 2%-дан көп төмендеді. Себебі Таяу Шығыстағы қақтығыс қаупі азайды. Бұл инвесторларды баспана активтерімен жасалған мәмілерді акциялар сияқты қауіпті активтерге ауыстыруға итермеледі, - деп жазылған хабарламада.