Халық тасқынның зардабын еңсеруге жұмылды
Су алған өңірлердегі жағдайды реттеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Су алған өңірлердегі жағдайды реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы аптада Президент Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, жағдайды өз көзімен көріп, халықпен жүздесті.
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш жария еткен 18 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, су тасқыны басталғалы бері 118 мыңға жуық адам, оның ішінде 44 мыңға жуық бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілген. 4 мыңнан астам тұрғын үй мен 2,5 мыңнан аса аула аумағынан су бұрылды. 19 мыңға жуық адам өз үйіне оралды. Зардап шеккен өңірлерге 4 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.
Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 798 тұрғын үй әлі де су астында. 7 мыңдай адам, оның ішінде 3 мың бала эвакуация пункттерін паналап жатыр.
Тасқын салдарын реттеуге ірі кәсіпкерлер жұмылдырылатын болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын Қызылжар ауданын, Петропавл қаласының төңірегін және Сергеевка су қоймасын тікұшақпен аралап көруден бастады.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазір 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10 345 адам эвакуацияланған. Су тасқынына қарсы шараларға 5 270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті.
Тұрғындармен әңгімелескен кезде Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиесі мен қарызын төлеу мерзімі шегеріледі.
Мемлекет басшысы ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын айтты.
– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.
– Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты.
– Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажетті мамандар да тапшы. Қазір гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.
Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облысына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқан аумақтарды аралап көрді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1 414 электр бағанына зақым келген. Нәтижесінде, Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елдімекенді электрмен қамтамасыз етуде қиындық пайда болды.
Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехника нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елдімекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.
Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елдімекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.
Одан соң Президент Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қостанай ауданына қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бейжай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті.
– Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдайдың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
– Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін айтып өтті.
Петропавл қаласындағы жағдай күрделі
Қазіргі жағдай мен болжамдар туралы ОКҚ алаңында «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова баяндама жасады.
Ресми өкілдің мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе облысымен шекаралас өңір өзендерінде су тасқыны шарықтау шегінен өтті. Болжамға сәйкес, БҚО аумағынан су тасқыны толқынының бәсеңдеуі сәуірдің үшінші онкүндігіне қарай болады. Шығыс Қазақстан облысында жазық аумақта қардың еруіне, көлбеу ағындардың пайда болуына және өзендердің ашылуына байланысты су тасқынының бірінші толқыны байқалады, ол сәуірдің екінші онкүндігіне дейін жалғасады.
– Батыс Қазақстан облысы бойынша қазіргі жағдайға келсек, облыстың ішкі өзендерінің көбінде су тасқынының шарықтау шегі өтті. Ресей Федерациясынан (Орынбор қ.) Орал қаласына судың келуіне байланысты үлкен су 18-20 сәуірде болады деп күтілуде. Қостанай облысында көптеген өзенде су тасқыны шыңы өтіп, су деңгейінің төмендеуі байқалады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі өзендердің көбінде су тасқынының бірінші толқыны өтті. Ақмола облысында ағатын Есіл өзенінің салаларынан судың түсуіне байланысты Есіл өзенінде су тасқынының екінші толқыны басталды, – деді спикер.
Ақмола облысында су деңгейі әлі де құбылмалы болып тұр. СҚО су тасқынының екінші толқынына дайындалып жатыр. Сергеев су қоймасында аққан судың ең жоғары көрсеткіші 425 см болды. Бірінші толқын өткеннен кейін ол 250 см-ге дейін төмендеді. Қазір екінші толқынның келуіне байланысты су қоймасындағы су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласындағы жағдай күрделі. Қызылжар ауданының елдімекендерінде және облыс орталығы аудандарының бір бөлігінде су тасқыны болды. Петропавл қаласы бойынша 1 626 үй, Қызылжар ауданында 12 үй су астында қалды.
18 мың адам үйіне оралды
Су басқан өңірлерде құтқару жұмыстары, су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. 18 сәуірдегі мәлімет бойынша, 18 651 адам үйіне оралды.
Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен жануарларды эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 мал басы қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш ОКҚ брифингінде мәлімдеді.
Қазір 6 887 адам, оның ішінде 3 166 бала эвакуациялау пункттерінде. 4 216 тұрғын үй мен 2 698 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 10,1 млн-нан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,2 млн қапшық және 1,4 млн тоннадан астам инертті материал төселді.
– Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалуда. ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілікті атқаруда. Жедел желі телефонына 1 932 қоңырау түсті. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 44 156 адам, 4 611 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылды, сондай-ақ волонтерлер де белсенді қатысуда, – деді спикер.
ТЖМ азаматтарды су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады және балаларды қараусыз қалдырмау керек екенін ескертеді.
Тасқын суды ұтымды пайдалану жолдары қарастырылып жатыр
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында еліміздің су қоймаларындағы ахуал жайында баяндады. 27 наурыздан бастап еліміздің солтүстік, батыс, орталық және шығыс аймақтарындағы су қоймаларына 15,9 текше шақырым су келді. Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймаларына 92 пайыз су жиналған. Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелген, бірақ ол кезде де мұндай қарқынды ағынның қалыптасуы болған жоқ. Қазір екі су қоймасы да ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады.
Ақмола облысында Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші – 99,6 пайыз. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту үшін мүмкіндік береді екен.
– Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауызсумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеу қымбатқа шықты және құны 2 млрд теңгеден асады. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен шамамен 1 текше шақырым су алуға мүмкіндігі бар Жайық-Көшім сағалық суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды, – деді ресми өкіл.
Шығыс Қазақстан облысында 10 сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймаларынан су жіберіле бастаған. Бұл Павлодар облысының ауыл шаруашылығы үшін қажетті мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ су тасқыны Шідерті-Өлеңті аймағын тиімді суландыруға және Әулиекөл көлдерін толықтыруға мүмкіндік берді.
Қарағанды облысының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі өтті, қазір су қоймалары 100 пайыз толды. Жиналған су жыл бойына аймақ экономикасының қажеттіліктерін толығымен өтеуге мүмкіндік береді.
– Ұлытау облысында Кеңгір су қоймасын пайдалану тарихында алғаш рет 270 млн текше метр көлемінде ең көп су жіберу жағдайы тіркелді. Осыған байланысты, Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне түсті. Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинауы байқалады. «Ал Іле трансшекаралық өзенінің ағыны Алматы облысының Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экологиялық мақсатта су жіберуге мүмкіндік берді, – деді Мөлдір Әбдуалиева.
Жалпы, тасқын суы барлық су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Атырау облысына келген тасқын суы Каспий теңізіне жіберілетінін, ол үшін қазір қосымша канал қазылып жатыр. Яғни, Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір су қоймаларында жиналған тасқын суын ұтымды пайдалану бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
БҚО-дағы «Қазсушар» өкілдігі Жайық-Көшім жүйесінен Қамыс-Самара көлдеріне су жіберіп жатыр. Аталған көлдер жүйесіне су 20 жылда алғаш рет барып отыр.
Жоспарда жаңадан 57 су қоймасын салу қарастырылған. 20-сы су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасында да көзделген. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында төрт су қоймасын, Түркістан және Жамбыл облыстарында үш су қоймасы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 2 су қойма, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында және Абай облыстарында бір су қоймасын салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ресми өкіл қазіргі уақыттағы еліміздің су қоймаларындағы жағдай туралы баяндады.
Барлық су қоймасын тәулік бойы кезекпен күзету жалғасып жатыр, сағат сайын су шаруашылығы жайына мониторинг жүргізіліп отырады.
Зардап шеккен азаматтар несиесін 3 айдан кейін төлей алады
ҚНРДА Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Қайрат Тұрымтаев ОКҚ алаңында өткен брифингте зардап шеккен қарыз алушыларға көмек көрсету шеңберінде банктер мен МҚҰ іске асыратын шаралар жайында айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырмасы аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтарға, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету іс-шараларын іске асырып жатыр.
– Жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтардың кредиттері бойынша төлемдер автоматты түрде 2024 жылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады. Су тасқынына байланысты кешіктірілген төлемдер, айыппұлдар мен өсімпұлдар кейінге қалады. Зардап шеккен барлық жеке кәсіпкерге, сондай-ақ шаруашылығының жұмысына зиян келген шағын және орта бизнес өкілдері де қарызын кейін төлей алады», – деді ресми өкіл.
Банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, табысы мен қаржы жағдайына қанша залал келгенін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізбек. Соның негізінде кредит бойынша қосымша жеке қолдау көрсету шаралары айқындалатын болады.