СҚО-ның 4 ауданы мен Петропавлда төтенше жағдай жарияланды

Жедел штаб облыс аумағында су тасқыны жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізеді

СҚО-ның 4 ауданы мен Петропавлда төтенше жағдай жарияланды
kaztag.kz
714

Су тасқыны кезеңінде Солтүстік Қазақстан облысында 3 мың 714 адам, оның ішінде 502 бала эвакуацияланды. 527 адам эвакуациялау пункттерінде, 3 мың 87 адам туыстарының үйлеріне орналастырылған, деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Бүгінде өңірде Есіл, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Айыртау, М. Жұмабаев, Тимирязев және Қызылжар аудандарында 580 жеке үй мен 785 аула аумағы су астында қалып отыр.

Су басу қаупін болдырмау үшін су айдау, бар бөгеттерді нығайту және салу, қорғаныс біліктерін салу және арналарды кеңейтіп тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. 681 мың 759 текше метр су сорылып, 22 мың 458 метр бөгет нығайтылып, 8 мың 401 метр бөгет тұрғызылып, 194 мың 36 дана қапшық төселді.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға ТЖМ, ІІМ, Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы органдар, Қазавиақұтқару, Қорғаныс Министрлігі және еріктілер күштерінен 4597 ж/қ, 854 техника, 476 мотопомпалар, 2 авиация және 110 жүзу құралдары жұмылдырылды.

СҚО құтқарушыларына көмекке Астана, Алматы, Түркістан, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарының ТЖД топтары жіберілді.

Республикалық және облыстық жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері жедел штабтың жедел желісіне 132 қоңырау келіп түсті, оның 20-сына шұғыл психологиялық көмек қажет болды.

Петропавл қаласының, сондай-ақ Тайынша, Қызылжар, Есіл және Ғ.Мүсірепов аудандарының әкімдері жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялады.

Жедел штаб облыс аумағында су тасқыны жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізеді.

Петропавл қаласының тұрғындарын ауыз сумен уақытша қамтамасыз ету үшін сорғы станциясында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының өрт сорғы станциялары жұмылдырылды.

Су құбыры желісі толтырылған бойда шамамен 19:00-ге дейін пәтерлерге су беру жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары