«Жүрегім ауырып, қайғырып тұрмын»: Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановты тергеу басталды
Оның айтуынша, 9 қарашада ол Салтанатты бірнеше рет көрген.
Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот отырысында екінші сотталушы Бақытжан Байжанов куәлік берді. Өз ойын айқын жеткізуі үшін оқиға болған күнді ол қағаздан оқыды, деп хабарлады turkystan.kz.
Ол өз сөзін Салтанаттың отбасына көңіл айтудан бастады. Ол Салтанатты жеке білетіндіктен, жүрегі ауырып, қайғырып тұрғанын айтты.
«Мен барлығынан, ең алдымен, Салтанаттың отбасынан, достарынан, өзімнің ата-анамнан, әйелімнен, балаларымнан кешірім сұраймын. Мен мойнымдағы жауапкершілікті толық түсінемін. Сол сұрапыл күндегі жағдайды толық түсініп, мән бере алмағаныма қатты өкінемін. Менің әрекеттерім мен әрекетсіздігім жаңа қырынан көрінеді. Мен сіздердің алдарыңызда сол күні шын мәнінде не болғанын түсіндіріп, айтып беру үшін келдім», – деді Байжанов.
Оның айтуынша, 9 қарашада ол Салтанатты бірнеше рет көрген.
«Кабинаның іші шашылып жатты. Мен кабинаның ішіндегі дәретхана есігінің бүлінгенін көрдім.Таңертең «Гастроцентрге» келгенімде Бишімбаевтың түні бойы әбігерге түсіп, ішімдік ішіп, Салтанатты тағы да ұрып-соққанын білдім. Бұл туралы маған «Гастроцентрге» келмес бұрын айтты. Бірақ мен жағдайдың қаншалықты салмақты екенін түсіне алмадым. Салтанатқа мұндай қауіп төніп тұрғанын білмедім және әңгіме өмір мен өлім туралы екенін де білмедім. Бұл – ақталу емес, мен шын мәнінде не болып жатқанын білмедім, тсүінбедім. Бұл – менің кінәм және сол үшін қатты өкінемін. Не болып жатқанына дұрыстап назар аударғанда қалай көмектесе алатынымды ойлаймын», – деді ол.