Жазушылар су тасқынына байланысты үндеу жариялады

9 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағында Басқарма мәжілісі өтті.

Жазушылар су тасқынына байланысты үндеу жариялады
baq.kz
652

9 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағында Басқарма мәжілісі өтті.

Мәжілісті Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов ашып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты қабылдаған Үндеуімен танысып, талқылап, Қазақстан Жазушылар одағының атынан еліміздегі барлық шығармашылық одақтарға Үндеу жариялау туралы өзінің ұсынысын айтты.

Қаралған мәселелер:

1. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты қабылдаған Үндеуін қолдап, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері тасқын судан зардап шеккен аймақ тұрғындарына көмек көрсету үшін біркүндік еңбекақыларын аударуға арнайы есепшот ашып, Қазақстан Жазушылар одағының еліміздегі барлық шығармашылық одақтарға Үндеуі қабылданды.

2. Алматы қаласы әкімдігінің "АЛМАТЫ - БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ" атты тазалық айлығын қолдау.

3. "Жалын" журналының толық Қазақстан Жазушылар одағына өту мәселесі қаралды.

Осы мәселелер бойынша Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары мен хатшылары, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, ақын Бақытжан Қанапиянов пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына қарасты "Жұлдыз" журналының бас редакторы, Мелекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Тұрысбек Сәукетай, "Қазақ әдебиеті" газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Дархан Бейсенбек, "Простор" журналының бас редакторы, ақын Фархат Тамендаров және филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, көрнекті жазушы, Жазушылар одағының хатшысы  Жүсіпбек Қорғасбек, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының кеңесшісі, жазушы Авут Масимов, "Ана тілі" газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс,  сыншы Әлия Бөпежан және Қазақстан Жазушылар одағының бас есепшісі Гауһар Жұмағұлова қатысып, пікірлерін ашық айтып, ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар бірауыздан Қазақстан Жазушылар одағы Үндеуін қолдап, мәтінін бекітті.

Қазақстан Жазушылар одағының  
еліміздегі барша шығармашылық одақтарға

Ү Н Д Е У І

Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар, еліміздің көптеген аймақтарына биылғы көктем ауыртпалығын ала келді. Әсіресе еріген қар суы мен өзендер арнасының асуынан бірқатар облыстар зардап шегуде. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев халыққа арнайы үндеу жолдады. Қазақстан Жазушылары бұл үндеуді толықтай қолдайды.
Қарғын судың екпініне жергілікті тұрғындар да өз күштерімен қарсы тұрып, өкімет орындарының көмегін күтпестен бөгет соғып, тасқынға тосқауыл қоюға бар күштерін салуда. Атқарушы билік өкілдері мен арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның мүшелері халыққа көмек көрсетуді жан-жақты қолға алуда. 
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, табиғаттың тосын мінезіне бүкіл халық болып қарсы тұрып, бірлесе қимылдап жатыр. 
Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау көрсетіп, топан суға қарсы күреске өз үлестерін қосуға шешім қабылдай отырып, барша шығармашылық одақтарды, зиялы қауым өкілдерін осы іске атсалысуға шақырады. 
Жазушылар одағының жанынан арнайы қор құрылып, есеп-шот ашылды. Одақ мүшелері мен аппарат қызметкерлері өздерінің бір күндік жалақысын осы шотқа аударуға ұйғарды. Сіздер де осы есепшотқа бір күндік еңбекақыларыңызды аударуларыңызды сұраймыз. 
Талай қиындықтарды басынан өткерген қазақ халқы бұл табиғи апатты да  ауыздықтайтынына сенеміз.
Қиын-қыстау шақта бірге болайық, ағайын!

Серіктес жаңалықтары