Еліміздегі су қоймаларының жай-күйі белгілі болды

Қаратомар су қоймасында сағат сайын ағынның төмендеуі байқалады.

Еліміздегі су қоймаларының жай-күйі белгілі болды
Фото: egemen.kz

ОКҚ брифингінде Су ресурстары мен ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева су қоймаларындағы жағдайды баяндады, деп хабарлады turkystan.kz.

Ақмола облысының екі ірі су қоймасының орташа толтырылуы 99%-ды құрайды, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқынының ауқымды кезеңі өтті.

Ақтөбе облысының екі ірі су қоймасының орташа толтырылуы да 99% -ды құрайды, нысандар транзиттік режимде жұмыс істейді, су ағынының төмендеуі байқалады. Су тасқынының ауқымды кезеңі өтті.

ШҚО-да бес ірі су қоймасының орташа толтырылуы 62%-ды құрайды, олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істейді. Осы аптада су тасқынының ауқымды кезеңі өтуі мүмкін.

БҚО-да 4 ірі су қоймасы орташа есеппен 60% -ға толтырылды, ол штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам бар.

Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы толығымен толтырылды, оларда су тасқыны ауқымды деңгейде өтті.

Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа толтырылуы 96% құрайды, оларда су тасқыны байқалады.

«Қаратомар су қоймасы бойынша шиеленісті жағдай сақталуда. Су қоймасына құйылатын ағын секундына 2425 текше метрді құрайды, секундына 2640 текше метр су жіберіледі. Бірақ сағат сайын ағынның төмендеуі байқалады. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100% - ға толды, су әлі келіп жатыр», - деді Мөлдір Әбдуалиева.