Дәрігерлер су басқан ауыл тұрғындарын эвакуациялауға көмектесті
Медицина қызметкерлері ТЖМ қызметімен қатар су басқан аудандардың тұрғындарын қауіпсіз аумаққа шығаруға көмектесіп жатыр.
Ақтөбе облысы Әйке ауылының дәрігерлік амбулаториясының медицина қызметкерлері Жүргенев ауылының 530 тұрғынын аудан орталығына қайықпен эвакуациялауға көмектесті, деп хабарлады turkystan.kz.
Олардың арасында қарттар мен балалар, жүкті әйелдер бар. Олардың денсаулығы жергілікті дәрігерлік амбулаторияда жұмыс істейтін мамандар Бақытжанова Ақнұр мен Аймағанбетова Арайлымның бақылауында болды.
Ақмола облысындағы Красный Яр ауылының медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының дәрігерлері медициналық ұйымдар мен азық-түліктен айырылған зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Қызыл Жұлдыз кентіне барды.
Терапевт және кардиолог дәрігер елді мекен тұрғындарын қарап-тексеріп, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, дәрігерлер 16 отбасына азық-түлік берді.