Шымкенттегі атыс: оқиғаға қатысты жаңа дерек айтылды
Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілген.
Шымкентте ер адамды бұрынғы таныстары атып кетті. Оқиға екінші сәуір күні Т.Шевченко көшесінде болған. Ер адамға травматикалық қарудан оқ атқандар дереу қолға түсті, деп хабарлады turkystan.kz otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Шымкенттегі жер үйлердің бірінің алдында жанжал болып, соңы оқ атуға ұласты. 2 сәуір күндізгі сағат 12:00 шамасында Т.Шевченко көшесінде жас жігітті біреулер травматикалық қарумен атып кеткен. Оқиға орнына дереу тәртіп сақшылары жетті. Жәбірленушінің көршілері мұндай жағдайдың бірінші рет болғанын, дегенмен бұл үйде үнемі шу болатынын айтты.
«Екі рет оқ атылғанын естідім. Соған шықтым. Үйінде атыс болған шығар. Баласын білмеймін. Осы жерде тұратынын ғана білем», – дейді көршісі.
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ер адам мен оның бұрынғы танысының арасында жанжал туындаған. Соңында екінші тарап травматикалық қарумен оқ жаудырған. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды.
«2 сәуірде Шымкент қаласы Т.Шевченко көшесіндегі үйдің алдында бұрын таныс тұлғалардың арасында травматикалық қаруды пайдаланумен жанжал болды. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды. Жәбірленуші медициналық көмектен бас тартты. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде орай жария етуге жатпайды», – делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілген соң, ауруханаға жатудан бас тартуына байланысты үйге қайтарылған. Оған травматикалық қарумен атылған кеуде қорабы, төс, іш аймағындағы жарақаттар диагнозы қойылды. Қазіргі таңда оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.