«Dala Dauysy» республикалық байқауына құжат қабылдау басталды

Шығармашылық байқаудың жалпы жүлде қоры – 47 млн теңге.

«Dala Dauysy» республикалық байқауына құжат қабылдау басталды

Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанры бойынша шығармаларды жарыққа шығаратын авторларды қолдау және насихаттау мақсатында, Республикалық «DALA DAUYSY» конкурсын жариялады, деп хабарлады turkystan.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық конкурс мәдени мұрамызды сақтау, қайта жаңғырту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелейтін жаңа туындылар авторларын қолдау мақсатында өткізіледі. Байқау 5 номинация бойынша 15 сыйлықты қамтиды: «Үздік фольклорлық музыка», «Үздік классикалық музыка», «Үздік драматургиялық туынды», «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы», «Республика әні» (Эстрада жанры), Мәдениет және ақпарат министрлігінің екі арнайы жүлдесі қарастырылған. Жеңімпаздар мен лауреаттарды жабық тәртіп бойынша арнайы құрылған қазылар алқасы анықтайды. Оның құрамына Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері кірді. Конкурсқа соңғы екі жылда жазылып, көпшілік алдында жарияланбаған қазақстандық композиторлар мен жазушылардың шығармалары қабылданады. Жоба көпшілік қауымға заманауи өнердегі жаңа есімдерді таныстырмақ. Өтініш қағаз түрінде 2024 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін, Астана қаласы, Қалибек Қуанышбаев көшесі 8/1, № 229 кабинет мекенжайы бойынша қабылданады. Жеңімпаздар 2024 жылдың қазан айында марапатталады. Конкурсқа қатысты қосымша ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтынан алуға болады.